10 мың үйді электр энергиясымен қамтуда

10 мың үйді электр энергиясымен қамтуда
ашық дереккөз
10 мың үйді электр энергиясымен қамтуда
Облысымызда күн, су және жел электр стансалары көптеп салына бастады. Соның бірі – Жамбыл ауданына қарасты Қызылтаң ауылы маңында орналасқан «Айша күн шуақ» стансасы. Қазір онда 50 мегаватт электр қуаты өндірілуде. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Лаура Айдосованың айтуынша, бүгінгі таңда республикада өндірілетін электр қуатының 21 пайызы Жамбыл облысына тиесілі екен. Жуалы ауданындағы «Бурное солар» күн электр стансаларынан кейінгі үлкен күн электр стансасы «Айша күн шуақ» стансасы. Облысымызда күннен, желден және судан энергия өндіретін 327,6 мегаваттық 17 станса жұмыс істеуде. Оның 5-еуі күн, 6-ы су, 6-ы жел электр стансалары. 2021-2030 жылдар аралығында электр қуатын өндіретін стансалар санын 32 нысанға жеткізіп, 1251 электр энергиясын өндіру жоспарлануда. Құрылыс жұмысы өткен жылы басталып, жақында ғана пайдалануға берілген күн электр стансасының құрылысын украиналық «Родина» ЖШС жүргізген болатын. 110 гектар аумақты алып жатқан стансаға 100 мың күн панелі орналастырылған. Треккерлер жүйесі арқылы панельдер күн шығуына қарай қозғалып отырады. Бұл панельдердің бір артықшылығы екі жағынан да жұмыс істейді. Мәселен, қыс ауасында жерге түскен қардың күнге шағылысқан сәулесі арқылы да панель энергия қабылдауға қауқарлы. Бұл панельдер Ресей мен Қытайда шығарылған. Стансаның басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, 50 мегаватты құрайтын күн электр стансасын салуға аудан аумағынан жалпы 300 гектар алқап берілген. Бүгінде оның 110 гектарына күн панельдері орнатылған. Онда 15 адам еңбек етуде. – Бұл күн электр стансасының өзге стансалардан артықшылығы қозғалмалығында. Ондағы панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Сонымен бірге қатты желге де төтеп бере алады. Биылғы ақпан айында облысымызда орын алған қатты дауыл кезінде бұл панельдер өзінің төзімділігі мен ыңғайлылығын дәлелдеді. Бұл панельдер секундына 40-50 жылдамдықпен соғатын дауылға төтеп беретіндей етіп есептелген. Қатты желде панельдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қосылып, зақымданудан сақталады. Сол үшін оны үнемі бақылап отырамыз. Осылайша уақыт талабына сай автоматтандырылған жаңа күн электр стансасы қарапайымдылығымен де ерекшеленеді, – дейді ол. Бұл стансаның құрылыс жұмысының жобалық құны 20,8 миллиард теңгені құрайды. Күніне 50 мегаватт электр қуаты өндіріліп, КЕGОG-тың біртұтас энергия жүйесіне берілуде. Мұнда өндірілген қуат көзі 10 мыңнан аса үй мен өндіріс ошақтарына жетеді екен. Станса айналасын станса жұмысшылары тазалап отырады. Ол үшін арнайы шөп оратын техникасы бар. Панельдерді шаң-топаннан сүртіп тазалау да жұмысшылардың міндеті. – Компания тарапынан үлкен жұмыс атқарылған. Бұл ауданның ғана емес, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Жалпы елімізде табиғат көздерін тиімді пайдалануды үйреніп, күн, жел мен су көздерін игеру қажеттілігі туындап отыр. Қолдан келіп тұрғанда электр стансаларын көптеп салып, елімізді электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтып, өзіміздің отандық өнімді ұлғайтуға тиіспіз. Осының барлығы да біздің болашағымыз үшін жасалып жатыр, – дейді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар