Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп

Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп
ашық дереккөз
Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп
«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Асқар таудың аласармай, жағасындағы құрақтың жайқалып өсуі үшін бауырындағы бұлақтың қайнар көзінен сусындауы қажет. Дүниеде адам баласы үшін әке мен анадан өткен қамқор жан жоқ. Бірақ сонымен бірге қоғамдағы кейбір жайттар тым ойландырып қоятыны да жасырын емес. Сол сәттерде ойпырмай, «Осы біз қайда бара жатырмыз?» «Әкең келе жатыр», «Әкеңмен ақылдас», «Әкең не айтады екен?» деп баланы қанаттандыратын, қайраттандыратын аналар сөздері айтыла ма, жоқ па деп терең ойға да қаласың. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» деген екен. Бүгінгі жаңа заманда «Ұл – ұлықты, қыз – қылықты болып өсіп жатыр ма?», «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» деген қағида сақталып жүр ме? Артымызда қандай ұрпақ өсіп келе жатыр? Елімізді қандай ұрпақтың қолына қалдырамыз?» деген сұрақтардың да әркез ойға келетіні де орынды. Осындай келелі ойды түйіндеу мақсатында жуырда Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде директордың ресурстық орталық ісі жөніндегі орынбасары Баян Жексенбаеваның ұйытқы болуымен «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере ала ма?..» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Келелі кездесудің шымылдығын мектеп директоры Алтынкүл Сихимова кіріспе сөзбен ашып, бабаларымыздың дала заңының ешқашан бұзылмай сақталып келе жатқанын атап өтті. Дөңгелек үстелде пікір алмасу «Әке тәрбиесі–кеше»,«Әке тәрбиесі – бүгін», «Әке тәрбиесі– болашақта» деген үш бөлімнен тұрды. Әр бөлімде тақырыпқа байланысты кинофильмдерден, телебағдарламалардан үзінділер көрсетіліп, әке туралы әндермен көркемделіп, сол бойынша берілген сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіді.

Жанат ШАҢҒАРАҚБАЕВА, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар