жаңадан ашылған Жүсіп Баласағұн атындағы ғылыми орталықта зерттеледі
Шаһарымыздағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі ТарМПИ-да Түркістан өлкесінің тарихын зерттейтін ғылыми орталық ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына елімізден, көршілес елдерден ғылым докторлары, тарих ғылымының кандидаттары арнайы келді. Алдымен ғылыми зерттеу орталығының тұсаукесері болды. Онда сөз алған институт ректоры Дария Қожамжарова: «Бұл орталық Жүсіп Баласағұн есімін тектен-текке алып отырған жоқ. Түркі әлемінің алыбына айналған ғұламаның атын беру арқылы біз жұмысты жандандыруымыз керек. Орталық түркі тарихын зерттеп, зерделеу арқылы нәтижелі жұмыс көрсетуі тиіс» деді.
Бұдан кейін сөз алған жазушы драматург Арғынбай Бекбосын орталықтың ашылып отырғанын құп көретінін жеткізіп, алыстан ат терлетіп келген меймандарға ризашылығын жеткізді. Орталық тарих парақтарын ақтарыстырып қана қоймай, өткенге үңілу арқылы оны насихаттау үшін кітап етіп шығаруды да қолға алып отыр екен. Әзірге Дария Қожамжарованың құрастыруымен «Жетісу Ресей империясының құрамында», «Алаш қозғалысының тарихы» атты екі жинақ жарық көріпті. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жандана бермек. Орталықтың ашылуымен құттықтай келген тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА құрметті академигі Уахит Шәлекенов, тарих ғылымдарының докторы, ғалым Мәмбет Қойгелді және өзгелер тарихты тереңнен зерделейтін орталықтың ашылуы үлкен жаңалық екенін айтып, жұмысына сәттіліктер тіледі. «Білім саласында «білімді іргелендіру» деген ұғым бар. Сол балалардың гуманитарлық ілімін іргелендірудің бірден-бір жолы түркі мәдениетінің, қазақ мәдениетінің бастау бұлағын бойға сіңіруіміз қажет. Сол түркі мәдениетін іргелендіруші күштің санатына енген, басында тұрған шығармалардың бірі ретінде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін» атар едім. Баласағұн мен Қашқари түркі әлемінде ерекше із қалдырған тұлғалар. Он бірінші ғасырда жазылған «Құтты білік» түркі мәдениетін жаңа сатыға көтергенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қарахан дәуірінің куәсі іспеттес тұлғаның атын иеленген орталықтың жұмысы жандануы керек. Орталықтың жұмысына үлкен табыстар тілеймін» деді Мәмбет Қойгелді өз сөзінде. Сонымен қатар ғалымдар Баласағұн есімімен орталық ашылып қана қоймай, Баласағұн орталық концерт залының алдында ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтерсе нұр үстіне нұр болар еді деген тілектерін де білдірді. Тіпті, Баласағұнмен қатар Махмұд Қашқаридің ескерткішін бірқатарға орнатса деген ниеттерін де жеткізді. Уахит Шәлекенов өз сөзінде: «Мен бұл білім ордасына осымен төртінші мәрте келіп отырмын. Бұрын Махметғали Сарыбековтың кезінде келгенімде Баласағұнның ескерткіші бой көтерсе деген тілегімді облыс басшылығына дейін жеткізгенмін. Ол тарихқа, ұлы тұлғаның рухына жасалған тағзым болар еді. Бүгінде өзімнің шәкіртім Дарияның қолға алып отырған жұмысын құп көремін. Орталық жұмысына сәттілік тілеймін. Нәтижелі жұмыстар атқарылатынына сенім білдіремін. Әлі де болса орталық концерт залының алдына Жүсіп Баласағұнның ескерткіші орнатылады деген үмітім бар» деді өз ойымен бөлісіп. Осылайша, шаһарымызда ашылған жаңа ғылыми-зерттеу орталығы өз жұмысын ресми түрде бастап кетті. Іске сәт дейміз.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді