Бес айда 320,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген

Бес айда 320,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген
ашық дереккөз
Бес айда 320,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген
Облыста ауыл шаруашылығы саласымен қатар өндіріс те қарқынды дамып келеді. Кешегі кеңес заманында төрт түлік өсірумен айналысып, азын-аулақ егін салып, бау-бақша өсіріп келген Сарысу, Талас және Мойынқұм аудандарында тәуелсіздік жылдарында өндіріс қарқынды дамыды. Шалғай аудандардан халықтың үдере көшіп кетпеуіне бірінен кейін бірі ашылып, жұмыс істеп жатқан өндіріс ошақтары әсер етуде. Ауыл тұрғындары екі қолға бір күректі осындай кәсіпорындардан табуда. Республикалық және жергілікті қазынаға тиісті салығын төлеп, қомақты қаржы түсіріп отырған да осындай іргелі кәсіпорындар. – Биылғы қаңтар-мамыр айларында облыс өнеркәсіп кәсіпорындарымен 320,9 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 108 пайызды құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 38,2 миллиард теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 99,7 пайызды құрады. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 11,9 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 227,5 миллиард теңгені құрады немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 106,9 пайыз. Саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 70,9 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі құрылымында мына салалар ең көп үлеске ие: химия өнеркәсібі – 33,7, металлургия өнеркәсібі – 11,4, тамақ өнімдері өндірісі – 12,1, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі – 5,9 пайыз. Мұнай өнімдерін өндіру – 1,3, машина жасау – 1,7, фармацевтика – 2 пайыз. Дайын металл бұйымдарын өндіру – 1,2, жеңіл өнеркәсіп – 0,6 пайыз. Бұл салалардың үлесі аз. Химия өнеркәсібінде қаңтар-мамыр айларында сала өндірісінің көлемі 108,1 миллиард теңге болды. Ал өткен жылдың осы мерзімінде 69,9 миллиард теңгені ғана құрап еді. Бұл салада «Қазфосфат» ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауыты және минералды тыңайтқыштар, «Talas Investment Company» ЖШС филиалдары, шағын кәсіпорындар бар. «Қазфосфат» ЖШС-нің филиалдары сары фосфор және оның қосындыларын, фосфорлы және азотты минералды тыңайтқыштар өндіруге мамандандырылған «Talas Investment Company» ЖШС – натрий цианиді мен аммоний сульфаты. Сала кәсіпорындарының тұрақты жұмысының нәтижесінде өсім қамтамасыз етілді, – дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев. Облыстағы ең ірі алпауыт компания – «Қазфосфат» ЖШС-на қарасты кәсіпорындардың былтырғыға қарағанда еңбек өнімділігін еселеп арттырғанынан химия өндірісі қарқынды дамып жатқанын аңғарамыз. Осыдан оншақты жыл бұрын сол кездегі «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, өндірістің іскер ұйымдастырушысы Мұратқали Сәрсенов Қаратау қойнауында жатқан фосфор кенінің зерттелген қорының өзі 100 жылға жетеді деп еді. Ал зерттелмегені қанша?! Сарысу және іргелес жатқан Түркістан облысы, Созақ ауданының аумағындағы фосфор шикізатын алғанда табиғаттың тепе-теңдігі бұзылмаса, экологияға зияны тимесе екен дейміз. Қол созым жерде Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің кесенесі бар... Қаңтар-мамыр айларында металлургия саласында да ілгерілеушілік бар. 36,5 миллиард теңге өнім өндірілген. Өткен жылы осы кезеңде 31,4 миллиард теңгені құрапты. Саланың негізгі кәсіпорындары ферроқорытпалар өндірісі бойынша «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС, алтын және күміс сынды бағалы металдар өндіретін «АК Алтыналмас» АҚ, және «Golden Compass Capital» АҚ, болат құю бұйымдарын өндіретін «Запчасть» АҚ-ы бес айда заттай 13999 тонна ферросиликомарганец және 995 килограмм алтын өндірген.Өткен бес айда 38,9 миллиард теңге азық-түлік өнімі өндіріліпті. Өткен жылы осы мерзімде 30,1 миллиард теңге өндірілгенін ескерсек, іргелі салада ілгерілеушілік барын аңғарамыз. Саладағы негізгі шағын кәсіпорындар «Тараз қант зауыты» ЖШС, «Меркі қант зауыты» ЖШС, «Бурненская молочная компания» ЖШС, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС сүт, макарон және кондитерлік өнімдер өндіреді. «Қант» деген бүгінде өткір тұрған мәселе болғандықтан тиісті басқармадан алған осы мәліметке баса назар аудардық. Қаңтар-мамыр айларында 67,2 мың тонна қант өндірілген. Былтыр 66,7 мың тонна. Онда неге бағасы өткен жылға қарағанда шарықтап кетті? Облыс зауыттарында өндіріліп жатқан өнімді бірінші облыс тұрғындарына шығарып, сұранысын қанағаттандырса көктемнен басталған дүрбелең тумас па еді. Өзі би, өзі қожа болған соң жеке құрылымдардың басшыларына «пәлен-түген» деп айтып көр... Металл емес, минералдық өнімдер өндірісінде (Құрылыс индустриясы) өткен бес айда 18,9 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Саланың негізгі кәсіпорындары – портландцемент өндіру бойынша «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, құрылыс гипсін және оның құрылғыларын өндіретін «Жамбылгипс» АҚ, темірбетон бұйымдарын, бетоннан жасалған құрылыс құрастырмалы құрылымдарын өндіретін «Ғимарат Темірбетон» ЖШС, «Жамбылхимстрой» ЖШС және тағы басқа. Өндіріс көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыс берушілердің сұранысына, құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымдық сипатына байланысты көрінеді. Басқа да салаларды өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ілгерілеушілік бар. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі Жамбыл – 104,3, Қордай – 101,8, Т.Рысқұлов – 105,6, Мойынқұм – 100,2, Сарысу – 102,3, Талас – 100,1 және Шу ауданында 100,8 пайызға артқан. Дегенмен Байзақ – 97,1, Жуалы – 80,5 және Меркі ауданы – 93,9 пайыз болып, үш ауданының кәсіпорындары 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларының деңгейіне жетпеген. Тараз қаласының кәсіпорындарымен өнеркәсіп өндірісі қаңтар-мамыр айларында 198,4 миллиард теңгеге өндіріліпті. 2022 жылғы қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 98047,2 миллион теңгені құраған, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 4,2 пайызға азайған. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуі 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда облыстың бес ауданында байқалған. Сарысу – 46,4, Мойынқұм – 52,8, Жуалы – 70,7, Т.Рысқұлов – 76,3, Шу – 90,2 пайызға төмендепті. Биылға белгіленген индикаторға қол жеткізу бірқатар ірі инвестициялық жобалар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау есебінен, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың қатысуымен жоспарланып отырған көрінеді. Жалпы 2022-2025 жылдар аралығында шетелдердің қатысуымен 1,6 триллион теңгеге 11 инвестициялық жобалар іске асып, 4626 жаңа жұмыс орындары ашылады екен. Бұл жағымды жаңалық енді. Аталған көрсеткіш ағымдағы жылы шетелдің қатысуымен біршама инвестициялық жобалар құрылыс жұмыстарын бастауымен орындалатын көрінеді. Бұдан бөлек, құны 1,67 триллион теңгені құрайтын 11 жоба шетелдік компаниялар арқылы жүзеге асырылады, мұнда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарының ашылуы көзделіпті. Биыл облыс бойынша шетелдің қатысуымен біршама инвестициялық жобалар құрылыс жұмыстарын бастайтыны да жақсы жаңалық. 2022 жылы жалпы көлемі 100,6 миллиард теңгеге 17 инвестициялық жобаны іске асырып, 1011 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда. Ал индустрияландыру картасы аясында 56,7 миллиард теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Бұл енді сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде жүзеге асса облыстың әлеуеті еселеп артады. Облыста 2022-2025 жылға жалпы құны 201,5 миллиард теңгені құрайтын 400 кіші инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Жалпы жұмыс орындар саны – 2979 орын. Сонымен қатар биыл іске асырылатын кіші инвестициялық жобалар саны – 220, жалпы сомасы – 15,7 миллиард теңгені құраса, жұмыс орындар саны – 1470. Биылғы 17 мамырдан бастап қазіргі уақытқа дейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен алты инвестициялық штаб отырысы өткізіліп, онда өңдеу, химия өнеркәсібі, жаңартылған энергия көздері және басқа да салалардағы жаңа инвестициялық жобалар қаралған. Жалпы 30 инвестициялық жоба қаралса, оның ішінде – 14 жаңа инвестициялық жоба, ал 16-сы іске асырылып жатқан жобалар көрінеді. Қазіргі уақытта әрбір инвестициялық жобалармен оларды жедел іске асыру және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мәселелері бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарағанда қолға алынып жатқан ауқымды жұмыс аяқсыз қалмайды деген сенім мол.

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар