«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталуда

Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталуда
ашық дереккөз
Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталуда

 17Сабри Асанов, 

аудандық күрді мәдени орталығының жетекшісі.

Бүгінде этномәдени орталықтардың мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен этносаралық қатынастар саласындағы өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз етіп, қоғамда ұлтаралық келісім мен толеранттылықты одан әрі нығайтуға қолайлы жағдай жасауға, азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуларына ықпал етіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы 2015 жылы жиырма жылдық торқалы тойын ҚР Конституциясының 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен қатар атап өтетін болады. Сондықтан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 2015 жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп белгілегенде, бұл бастамаға ежелгі қазақ жерін мекендейтін 140 этнос және 17 конфессияның өкілдерімен бірге Жамбыл облысы аумағында тұратын күрді халқының диаспорасы да қызу қолдау көрсететіндігін білдіріп, ауқымы кең әзірлік жұмыстарына кірісіп кетті. Оның да үлкен мәні бар. Өйткені, нақтылы кезеңде халықаралық сарапшылар қоғамдағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасай алатын әлемдегі азаматтық қоғам институттарының бірегейі санайтын әрі Елбасы төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының бағдарлы жұмысының арқасында ғана біз тарихы, салт-дәстүрлері және мәдениеті сақталып, ұлттық құндылықтары дәріптеліп отырған этностың өкілдері болып қалыптаса алдық. Кешегі кеңестік солақай саясаттың салдарлары және тағдырдың жазуымен Қазақстанға қоныстанған өзге ұлттар мен ұлыстар сияқты, күрділер де егемен еліміздің Конституциясында негізделген құқықтарына сәйкес тілін, ділін, дінін сақтап, дамытуға мүмкіндік алуда. Соның бір нақтылы көрінісі ретінде күрді ұлтының өкілдері жиынтық орналасқан ауылдық елді мекендердегі мектептерде арнайы сыныптар ашылып, ұл-қыздарымыз мемлекеттік және ресми тілдермен қатар, күрді тілін де оқып үйренуде. Олар оқу құралдары және бағдарламаларымен толық қамтылынған. Оның үстіне өткен жылы Түркиядағы Стамбул университетінің профессоры Салех Кевирдің, еліміздің Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Әлем тілдері орталығының» ректоры К. Мирзоевтың қатысуымен күрді тілінің оқытушыларына арналған 10 күндік семинар өткізілді. Нәтижесінде семинарға қатысқан 20 тыңдаушы арнайы сертификатқа ие болды. Күрділердің республикалық «Барбанг» этномәдени бірлестігінің облыстық филиалы да уақыт талабына сай ұлттық құндылықтарымызды дамытуға, жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге, жастар саясаты іс-шараларын жандандыруға арналған жобаларды қаржыландыруға қолдау көрсетіп келеді. Облыстық филиалдың жанында аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге жәрдем көрсететін арнайы қайырымдылық қоры құрылып, жұмыс істеуде. Біз, күрділер республика азаматы ретінде өзімізге тең құқық берген, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және құқықтық тыныс-тіршілігіндегі барлық мәселелерге қатысуымызға кеңінен жол ашқан осындай тәуелсіз елде тұрып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Әрі оның гүлденіп өркендеуіне, экономикасының әлеуеттеніп кемелденуіне, ел-жұртының әл-ауқатының жақсаруына өз үлесімізді қосуға күш жұмылдыратын боламыз. Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар