Таластан келіп, Таразға тағылым таратқан
Бұрынырақта басылымдарда «Жаныңда жүр жақсы адам» деген айдар болушы еді. Жүрекке жылы, шуақты әсер ететін. Жаныңда жақсы адамдардың жүргені қандай ғажап. Кейде ондай тым қарапайым кісілерді онша бағалай да алмай жатамыз. Сондай үлгілі, кейінгі толқынға берері мол кісінің бірі – Таластан келіп Таразға тағылым таратқан Талғат Жұмабек. Талғат Ахатұлын Талас ауданында, Қаратау қаласында мемлекеттік қызметтерде жүрген кезінен ертеректен білемін. Істің адамы екенін сол жалындаған жас кезінен байқатқан. Қоғамға адал, сапалы қызмет етті. Аудан әкімі аппараты басшысының орынбасары да болды, бөлімдерді де басқарды. Бірқатар ауылдық округтердің әкімі, тұрғыны көп Қаратау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды. Бір сөзбен айтқанда, Талас ауданының идеологиясының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Еңбек сіңіріп қойдым деп бұлдаған жоқ. Өзінің өмірінде ауданның білікті басшылары болған Рахыжан Ерсейітов, Әмзебек Жолшыбеков, Ералы Дадабаев, Балтабай Бекжанов, Батырбек Құлекеев, Тынысбек Сейдуанов, Айтқазы Қарабалаев секілді азаматтармен тізе қосып еңбек етті. Бірінші басшылардың сенімді серігі, майталман маманы болды. Одан әріректе комсомол, партия жұмысында жүріп шыңдалды. Аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, кеңшарларда партия комитетінің хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерінде жүріп іс үйренді, шыңдалды. Халыққа жақын болды.
Ақкөлде қызметте жүрген кезінде орын алған бір тосын оқиға есінен кетпейді. Осыдан 35-40 жыл бұрын ғой. Ол кезде асау Асаның суы тола, көктемде арқырап ағады. Сол Асаның асау толқынына Ақкөлдің бір тұрғыны абайсызда құлап кетіп ағып бара жатады. Өмір мен өлім арасында жанталасқан секундтар еді. Жағдайды байқап калған Талғат Ахатұлы қарап тұрмады. Арқырап аққан Асаға сүңгіп кетіп, әлгі тұншығып, демі азайып, енді болмаса суға кетіп бара жатқан адамды құтқарып қалды. Жағаға шығарып, жан шақыртты. Бүкіл Ақкөл дүр сілкінді сол кезде. Сол ажалдан аман қалған кісінің әлі көзі тірі. Ұл-қыз, немере-шөберелерінің ортасында бақытты өмір кешуде. Ол кісі әуелі Алланың қалауымен, онан соң Талғаттың қырағылығының себепкерлігімен бақытты ғұмыр кешіп жатқаны анық. Егер сол секундта Талғат құтқарып қалмағанда...
Сол кезде ауылдың бас имамы Тәкеңе: «Сіз бір адамның өмірін құтқардыңыз. Алланың қалауымен баратын жеріңіз жәннат», – депті. Кімнің жазмышы қалай болары Жаратушыға ғана аян ғой. Дегенмен Талғаттың бұл ерлігіне, кісілігіне сансыз сауаптар жазылған болар деген үміттеміз. Т.Жұмабек бұл ерлігін бұлдап марапат та сұрамапты. Қарапайымдылығы. Бірақ марапаттан кенде болған жоқ. Елбасының Алғыс хатымен әр жылдары бес рет марапатталған. Талас ауданының Құрметті азаматы, Талас ауданының Құрметті ардагері. Зейнетке шыққаннан кейін де Талас аудандық ардагерлер кеңесінің және аудандық билер алқасының мүшесі болып қоғамға үлес қосты. Облыстық мәслихаттың депутаты болған, белгілі кәсіпкер Мұратқали Сәрсеновтың қоғамдық қабылдау бөлмесін басқарып, депутат пен тұрғындар арасында алтын көпір болып, талай өзекті мәселенің шешілуіне мән берді. Кейіннен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың шақыруымен Талғат Таразға келіп, аталған кеңестің бас маманы болды. Бұл күнде облыстық Билер кеңесі төрағасының орынбасары. Біргеміз. Жаныңда Талғат Жұмабек жүргенде бітпейтін іс жоқ. Өзі салмақты, жұмысы жүйелі. Өз өмірін саралап кітап жазып та үлгерді. Қашан көрсең күліп, көңілді жүреді. Кіммен болсын жарқын, жайдары сөйлеседі. Нағыз ерекше, бөлекше адам. Мен Талғат Жұмабекті Жамбыл облысының Құрметті ардагері қатарынан көргім келеді. Бұл ұсыныс тиісті тараптан қолдау табады, оған Талғат Ахатұлы әбден лайық деген ойдамын. «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз осындай жандарға арналып айтылса керек.
Оңласын Есіркепов, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді