Бауыржан Момышұлының 80 жылдығына арналған, Қырғызстаннан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Талдықорған облыстарынан ақындар қатысқан айтыс қаладағы «Химпром» өндірістік бірлестігінің мәдениет сарайында басталып Жуалы ауданының орталығында аяқталды. Екі күнге созылған жыр додасында Серік Қалиев жеңіске жетіп, ат мінгізілді. Екінші жүлдені қырғызстандық Әшірәлі Айталиев пен алматылық Есенқұл Жақыпбековтер еншіледі. Үшінші жүлдені Алтынкүл Қасымбекова мен Ербол Қамбатыров алды. 4 қыркүйек. №169 (14.049). Жамбыл қаласындағы №45 мектепке – Бауыржан Момышұлы, ал №44 мектепке Шона Смаханұлы есімдері берілді. Бұл жаңалықты газет бірінші бетінде жариялады. 10 қазан. №195 (14.075). Қазақ атын әлемге танытқан Мұстафа Өзтүрік Жамбыл қаласындағы стадионда, Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылында ел-жұртпен жүздесті. Газет осылар туралы жазумен бірге онымен көлемді сұхбатты да жариялады. 17 қазан. №200 (14.080). Америка сапарынан оралған газет редакторы Арғынбай Бекбосыновтың «Жеті қарақшысы жоқ аспан» жолсапар очерктері жариялана бастады. 30 қазан. №208 (14.088). Жамбылдан КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған В.М.Мирошник газет редакциясында болып, журналистермен әңгімелесті. Оған әйгілі желтоқсан көтерілісіне қатысты өткір сұрақтар қойылды. Кездесуден есеп «В.М.Мирошник: «Маған неге сенбейсіздер?» деген тақырыппен жарияланды. Авторлары – Қ.Иембердиев пен Қ.Байтуов. 13 желтоқсан. №238 (14.118). Даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлына Кеңестер Одағының Батыры атағын беру туралы КСРО Президенті М.Горбачевтың Жарлығы жарияланды. Газет осы оқиғаға арналған жарияланымдар берді. Жас ақын Маралтай Ыбыраевтың өлеңі, батыр ұрпақтарының сөздері, өзінің қаламынан туған «Соғыс психологиясы» еңбегі жарияланды. (1991 жыл) 22 қаңтар. №15 (14.141). Таралымы еселеп өсіп 47 мың данадан асқан «Еңбек туының» ақпараттық-жарнамалық қосымшасы «Ақжолтай» кіші форматпен, төрт бет болып дербес шыға бастады. Онда жарнамалармен қатар танымдық қызықты жарияланымдар да беріліп тұрды. 16 ақпан. №33 (14.163). «Қазақ елі, хал калай?». Бас мақала орнына берілген осындай тақырыптағы мақалада «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының әрі-сәрі жағдайы туралы ащы шындық айтылған. 30 наурыз. №60 (14.191). «Журналистік зерттеу» айдарымен Қуаныш Иембердиевтің «Самал мен құйын» мақаласы шықты. Шу ауданындағы «Коммунизм» совхозының бұрынғы директоры Бибосын Солтанаевтың жазықсыз жапа шеккені жайлы айтылған. 9 сәуір. №65 (14.196). Бұл күнгі санында бірінші бетіне бас редактор Арғынбай Бекбосыновтың «Ақ жол» ертең... екі бет болып шығады» деген мақаласы берілген. Онда қалайда санасуға тура келетін қиыншылықтарға, қағазбен жабдықтаудың қиындап кеткеніне байланысты, таралымы 26 мыңнан 47 мыңға жеткен газеттің көлемі амалсыздан екі есе кішірейтілгелі отырғаны оқырмандарға хабарланған. Шаралар қабылданып жатқаны, көп кешікпей газет көлемі қалпына келетін болады деген үміт бары да айтылған еді. Бұл сенімдері ақталды. 27 сәуірден қайтадан төрт бет болып шыға бастады. 30 сәуір. №77 (14.207). Москвада КСРО Журналистер одағының құрылтайы өтті. Оған Қазақстан Журналистер одағы басқармасының хатшысы, «Ақ жол»-дың бас редакторы Арғынбай Бекбосынов қатысып, Қазақстанға күйе жаққысы келген шовинистерге қарсы сөз сөйледі. Газеттің осы санындағы «Поволяев не деп тантиды?» деген мақала осы жайды оқырмандарға жеткізді. 3 желтоқсан. №213 (14.343). Бүкіл халықтық сайлау өтіп Қазақ КСР Президенті сайланды. Газет осы оқиғаға орай «Н.Ә.Назарбаев – халық Президенті» деген тақырыппен жарияланымдар берді. (1992 жыл) 1 қаңтар. №1 (14.367). Газет таралымы 41 мыңнан төмендемесе де, қағаз бен бояудың шектен тыс қымбаттап, аса зәру өнімге айналуына байланысты республиканың өзге де облыстық газеттері сияқты «Ақ жол» да аптасына үш рет шыға бастады. Жаңа жылдық санында Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы С.Матаевтың Елбасының қызметін жан-жақты және дер кезінде көрсетіп отырғаны үшін газет атына алғыс айтқан жеделхаты берілді. 9 каңтар. №4 (14.370). Д. А.Қонаев 80 жасқа толды. Оның Жамбыл облысының соғыс және еңбек ардагерлеріне Алғыс хаты газеттің бірінші бетінде жарияланды. Ал екінші бетінде газет редакторы Арғынбай Бекбосынов пен Д.А.Қонаевтың сұхбаты «Адам – Алатау» деген такырыппен шықты. 14 қаңтар. № 6 (14.372). Мойынқұм ауданында Қайрат Рысқұлбековті еске алуға арналған облысаралық ақындар айтысы өтті. Бас жүлде шымкенттік Әбдіхалық Әбдірайымұлына берілді. Мұхамеджан Тазабеков пен шымкенттік Ақмарал Леубаева бірінші жүлдені жеңіп алды. Осы айтыста Серік Қалиев, Алтынкүл Қасымбекова, Мәдина Сәбденбекова, Асқарбек Айдаровтарға да жүлделер берілді. 1 мамыр. №53 (14.419). «Бүгін «Ақ жолың» жетпіске толды ағайын!». Осындай тақырыппен шыққан мерекелік нөмірде газет атына айтылған Д.А.Қонаевтың, Ш.Мұртазаның, Т.Қожекеевтің, тағы басқа да тұлғалардың лебіз-тілектері, құттықтаулар, тарихтан сыр шертетін жарияланымдар берілді. Газеттің ақпараттық-жарнамалық «Ақжолтай» қосымшасы да қызықты, мазмұнды шықты. 12 қыркүйек. №111 (14.477). Халық жазушысы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза 60 жасқа толды. Газет «Азамат. Қаламгер. Қайраткер» деген тақырыппен бет арнады. Келесі санында Жуалыда өткен ұлан-асыр мерейтойынан жазылған мақаланы «Шерхан Мұртаза тойы – халықтың тойы» деген тақырыппен берді. 24 қараша. №142 (14.508). Облыста депутаттар сессияны қазақ тілінде өткізді. Осы оқиғаға орай бірінші бетте «Төрлет, аяулы ана тіліміз!» деген мақала берілді. 16 желтоқсан. №152 (14.518). Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік саны. Айқарма бет тақырыбы: «Теңсіздіктің түріп тастап түнегін, Азаттықтың жолын бастап тұр елім». (1993 жыл ) 20 мамыр. №58 (14.582). Шу ауданында Ұлы Төле бидің ескерткіші ашылып, ол мерейтой салтанатына ұласты. Газеттің осы оқиғаға арналған саны «Қазақ халқының көсемі» деген тақырыппен шықты. Келесі санында халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы Әлмұхан Исақовтың «Баба туралы сөз» мақаласын бірінші бетінде жариялады. 26 тамыз. №100 (14.624). Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өмірден өтті. Газеттің бірінші беті түгелдей «Бақұл бол, Димаш ата!» деген тақырыппен ұлттың ары, намысындай болған кемеңгер басшының қазасына арналды. Ақын Нарша Қашағановтың «Димекең өтті дүниеден» өлеңі берілді.
Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді