«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сойқан соққы

Сойқан соққы
ашық дереккөз
Сойқан соққы

Қазақ шапанын жамылған жампоз тағы да жеңіске жетті

1Мұхиттың арғы бетінде қазақ боксының мерейі тағы да аспандады. Қазақтың зерлі шапанын киген Геннадий Головкин кезекті мәрте қарсыласын естен тандырды. Жұртшылық қарымды деп бағалаған мексикалық Марко Антонио Рубио біздің батырдың алдында басын иді. Иә, бірлескен тұжырымдар сарапқа салынған (Рубио WBC тұжырымында уақытша әлем чемпионы болатын) жекпе-жекті ұзақ тостық та. Қос шебердің тәжірибесі, кәсіби боксшы ретіндегі деңгейлері туралы жаздық та. Кездесу өткенге дейін «Генаны сұлатып салам» деп сандырақтаған Марко Антонионың рингте кім екенін көз көрді.

АҚШ-тың Карсон штатында өткен жекпе-жек екінші раунд ортасына таяған тұста түгесілді. Бірінші кезеңнің өзінде бір қапталдай, бір тікелей соққы жіберіп алған Рубионың Генаға шамасы жетпейтіні белгілі еді. Екінші раунд бастала салысымен әдеттегідей қарсыласын қыспаққа алған Головкин алдымен оң қолмен бағыттаған апперкотын дөп тигізіп, мексикалықты бір шайқап алды да, әрмен қарай рингтің бұрышына қарай тықсырды. Сөйтті де бүйірден бір соққы өткізіп, оң қолымен қапталдан соққыларды жаудыра бастады. Қауіптің екі жақтан қатар келетінін түсінген Рубионың қос қолымен басын қорғаштағанынан түк өнген жоқ. Оң қолын істен шығарып, сол қолымен жұмысқа кіріскен Генаның жартылай қапталдата бағыттаған соққысы оны ринг шетіне кескен теректей құлатты. Бұл соққыны қазіргі таңда HBO, Shoutime телеарнасының сарапшылары ғажап көрініс, керемет сәт ретінде бағалап жатыр. Расымен де Рубионың құлақ шекесін мықтап қорғағанын көрген Головкин қолын сәл әуелетіп барып, оның басы ашық тұрған аймақты балғамен соққандай ұрды. Сойқан соққы деп осыны айтарсың. Ринг шетіне керілген арқан бойына құлаған Марко Антонио орнынан тым кеш тұрды. Мұны рефери назарда ұстап, кездесуді тоқтатты. Жекпе-жектен соң Рубио былай депті. «Геннадий Головкин нағыз чемпион. Оның соққысы өте ауыр болды. Бірақ, ол соққы мен көрген соққылардың ішіндегі ең жойқыны деп айта алмаймын. Мен кездесуді жалғастыруға дайын едім. Бірақ, төреші маған рұқсат берген жоқ». Мұндайда қазақ жеңілгеннің сөзі құрысын деуші ме еді? Ал Генаның сөзі оған дөп жауап беріп тұрған сияқты. «Мен өзімнің ең ауыр соққымды бағыттаған жоқпын. Бірақ, Рубио нокаутқа түсті». Бұдан артық қандай жауап керек?

Орта салмақта WBO және IBO версиялары бойынша әлем чемпионы атағы бар Головкин осылайша қарсыласынан WBS тұжырымының уақытша чемпионы атағын жеңіп алды. Алтын белдік қолда. Енді оның тұрақты чемпионымен жұдырықтасу қажет. Ол кім? Әзірге Мигель Котто. Котто келер жылы Альвареспен рингке шығып, атағын қорғауы тиіс. Сол кездесу жеңімпазы Головкинмен қолғап түйістіруге мәжбүр болады. Қай жеңгені жекпе-жектен бас тартса, онда белбеуін тапсырады. Оған дейін Головкиннің де рингке шығатыны анық. Қарсылас кім болмақ? Генаның промоутері Том Лефлердің сөзіне сенсек, қарсыласы әйгілі британ боксшысы Мартин Мюррей болуы ықтимал. Әрине, оған дейін Мюррей өз қарсыласынан айласын асырса... Мартин жақсы боксшылардың санатына жатады. WBS тұжырымының бұрынғы чемпионы Серхио Мартинеспен тең дәрежеде жұдырықтасқан. Төрешілердің шешімімен жеңіліске ұшыраса да, қарсыласын бір мәрте сұлатқаны бар. Бір сөзбен айтқанда, өте тәжірибелі былғары қолғап шебері. Головкиннің осы жеңісінен кейін кәсіпқой бокста «қолтырауын терілі» атанып кеткен қазақ боксшысы туралы әр түрлі пікірлер айтыла бастады. Сол пікірлердің бірінде кіші Рой Джонс: «Бұл өте керемет шоу болды. Егер, мен Андре Уордтың промоутері болсам Геннадий Головкинге қарсы тұрар едім. Менің ойымша қазіргі таңда Генндийге қарсы тек Андре Уорд қана төтеп бере алады» депті. Өз кезегінде Андре Уорд та Генамен жұдырықтасқысы келетінін жасырмайды. Екеуі де жеңіліп көрмеген боксшылар. Бірақ, ол екеуінің кездесуі Гена өз салмағында абсолютті чемпион атанған соң ұйымдастырылуы мүмкін. Гена онымен кездесуге дайын. Төрт келі салмақ қосуға да әзір екенін айтып жүр. Ол үшін Котто мен Альваресті ұтып, өзін дәлелдеуі керек екенін де түйсінеді. Ал біз ол кездесудің алдағы жылдары өтетініне сенеміз.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар