Арада жарты ғасыр өтсе де, шәкірттерін ұмытпапты
Мектеп бітіргендердің біз 20, 30, 40, тіпті 50 жылдығын атап өтіп жатқандардың куәсі болып жүрміз. Бірақ жоғары оқу орны мен училищелерді тәмамдағандардың осылай жиналып, атап өтуі сирек құбылыс. Кеше Тараз қаласындағы Тұрар Рысқұлов саябағында Абай атындағы педагогикалық училищені 50 жыл бұрын бітірген түлектердің кездесуі болды. Бұл кездесудің ұйымдастырушысы – білім саласының үздігі, қырық жыл мектептің бастауыш сыныбында білім берген Афуза Туғанбаева. Күні бұрын белгіленіп, өздері студент шақта жиі жиналатын саябақтағы кездесуге асыққандар уақытынан бұрын жинала бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған группаластар бір-бірін көріп, мәре-сәре болып жатыр. Араларында училище қабырғасынан түлеп ұшып шыққаннан кейін көрмегендері бір-бірін әзер танып та жатыр. Бәрінің қолында баяғы студент шақтағы түскен суреттері бар. Құдды жетпіске келген топтағы қырықтан аса қыз қайта студент шаққа оралғандай күй кешіп, сол сәтті сағына еске алысты. Оларға қарап тұрып мен де, айналамыздан өтіп жатқан жастар да қызыға қарауда.
Бұл қуанышты сәтке группаластардан 4 қыз ортақтаса алмады, өйткені тағдырдың жазуымен бұл жалған дүниеден озып кетіпті. Олардың есімдері атаусыз қалмасын деп жиналғандары облыстық орталық мешітке барып, арнап мал сойып, рухтарына Құран бағыштап қайтты.
Кездесудің ең қимас сәті – ұстаз, топ кураторы Фарида Алтаевамен кездесу болды. Фарида апа – облыстық ата басылым, бүгінде құрылғанына 100 жыл толып отырған «Aq jol» газетін 20 жыл басқарған Баттал Жаңабавтың жұбайы. Ата мен апа да тың. Бірі тоқсанның бесін, екіншісі тоқсанның екісін бағындырыпты. Осы жасқа келген ұстаз араға 50 жыл салып өзін шаңырағына іздеп келген шәкірттеріне дастарқан жайып, құшақ жая қарсы алды. Өзіндей әже атанған ұстаз шәкірттерін көріп, бір серпіліп қалды. Ешбірін ұмытпапты, арада жарты ғасыр уақыт өтсе де танып жатыр.
– Менің 50 жыл бұрынғы кішкентай шәкірттерім. Бүгін мені арнайы іздеп келіп, ерекше қуантып отырсыңдар. Өздеріңді көріп мен де жасарып, сол кезге қайта оралғандаймын. Мені ұмытпай, ұстазымыз бар еді деп еске алып, құрмет көрсетіп жатқандарыңа рақмет. Барлығың менің жасыма жетіп, ұл-қыздың, немере-шөберенің қызығын көріңдер. Шаңырақтарыңнан шаттық, отбасыларыңнан бақыт кетпесін, арттарыңнан ерген ұрпақтарың аман болсын, – деп Фарида әже ақ батасын берді.
Ұстазын арнайы құттықтауға келген кейбір шәкірттері жұбайларымен келген болатын. Соның бірі облыстың және Байзақ ауданының Құрметті азаматы Амангелді Науанов апайға деген жылы лебізін жеткізді.
– Бүгінгі кездесуімізге басты себеп болған сіздің шәкіртіңіз Афуза Туғанбаева. 50 жылдан кейін іздеп келіп, шәкірттеріңіздің сізді құттықтап жатуының өзі үлкен құрмет. Атаның есімі бізге сонау бала шақтан таныс. Баттал ата, Фарида апа екеуіңіз жасай беріңіздер. Біз сіздерге қарап, бой түзеп, қанаттанып отырмыз. Абыз қариялар, сіздерге зор рақмет, – деді ол.
Бұдан кейін ізгі тілегін жеткізген Күлсира Ақпаева «Сіздің арқаңызда жаман мұғалім болмадық. Сіздің жақсы тәрбиеңіз бен ұстанымыңыздың жемісін еңбек етіп жүргенде сезіндік. Жақсы шәкірттер тәрбиеледік, ұл-қыз өсірдік», деп ұстазына рақметін айтқан ол, соңынан әріптесі Афуза Туғанбаеваның ұстазына арнап жазған өлеңін мәнеріне келтіре оқып берді. Келесі кезекте Бағила Тілеубаева, Сәуле Рысқұлбекова, Дохтыркүл Бердібаева мен топтың күйеу баласы Қырықбай Айнақұлов ұстазына деген ізгі-тілектерін жеткізіп, топ жетекшісіне арнаған әнді орындап берді. Осыдан кейін шәкірттері атаның үстіне шапан жауып, ұстаздарына сый-құрмет көрсетті.
Қос қарияның тұңғыш келіні, Фарида апаның шәкірттерін қарсы алып жүрген Несібелі Ералиева да енесінің шәкірті болып шықты. «Енемнің жастық шағын еске салып, ұстаздық қыры мен жақсы тәлім-тәрбиесі жайлы жарыса айтып жатырсыздар. Ата-енем екеуі бүгінге дейін шәй деспей, жақсы ғұмыр кешіп келеді. Бүгін қос қарияның көңілін көтеріп тастадыңыздар. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші сіздерге зор рақмет» деп келіндері атынан алғысын жеткізді. Қара шаңырақта отырған келіні Ақтоты енесі еңбек еткен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде жұмыс істейді екен.
Әсерге толы кездесуден кейін олар тайлы-тұяғы қалмай, денсаулығы сыр беріп, қатарға қосыла алмай қалған группаласы Гүлзейнеп Көбееваның көңілін сұрап барып, оның да еңсесін көтеріп кетті. Студент шақтың қызықты күндері өткен оқу орнына соғып, қасындағы асханадан тамақтанып, қайта оралмас сол бір балғын шақты еске түсірді.
Бұл күні осымен ғана шектеліп қалмаған олар Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарына серуен жасап, Нұр-Сұлтаннан, Алматы мен еліміздің өзге өңірлерінен келген группаластарына қаланы армансыз аралатты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді