Кеңес заманында Кенесары туралы шындықты жасқанбай жазған
- author «Ақ жол»
- 9 маусым, 2022
- 617
Бірде Манас Әкімбайұлы деген ауылдас азаматтың қолында Кенесарының соңғы шайқасы туралы жазылған ескі газеттер және оның авторымен жазысқан хаттары бар екенін білдім. Бүгінде Тараз қаласында тұратын сол кісіге жақында арнайы жолығып, сандығының түбінде жатқан сол газеттер туралы айтып беруді өтіндім. Міне, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 1995 жылғы сарғайып кеткен екі нөмірін қарап отырмыз. Оның 27 маусымдағы санында «Кенесары керуенінде», ал 11 шілдеде «Кенекем көлеңкесінде» деген көлемді мақалалар басылыпты. Екеуінің де авторы – Жайық Бектұров. Ол бұл мақалаларда өзінің Жамбыл облыстық газетінің редакторы кезінде жарияланған бір мақаласының жазылу тарихынан сөз қозғайды.
1939 жылы 14 қазанда Жамбыл облысының құрылуына байланысты бұған дейінгі «Колхоз жолы» газеті «Коммунист» атауымен облыстық мәртебе иеленіп, оның 1939-1942 жылдардағы редакторы Жайық Бектұров болғанын газетіміздің тарихынан білеміз. Ауыздан шыққан әр сөзің аңдулы, қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған сталиндік дәуірдің өзінде журналист-редактордың үлкен азаматтық, батыл қаламгерлік тұлғасын танытатын бір мақаласы сол аралықта жазылыпты. Ол «Осы екен самұрықтың өлген жері» («Коммунист», 29 мамыр, 1941 ж.) деген мақала. Оған дейін Ж.Бектұров «халық жауларымен» сыбайлас деген желеумен 1937 жылы «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары қызметінен босатылып, біраз теперіш көрген екен. Бірақ Сталин өзінің ел ішіндегі бүліншілікті тым асқындырып жібергенін түсініп, біраз кеңшілік жасауынан тұтқындаудан аман қалыпты. Газет ісіне қайта оралып, енді «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істеп жүрген. Жамбыл облысы құрылғанда оның газетіне жауапты редакторлыққа жіберілген.
Соғыс кезінде Ж.Бектұров Жамбылда жасақталған 105-ші атты әскер дивизиясының газетіне редакторлыққа бекітіліп майданға аттанады. Бірақ көп ұзамай сол баяғы «халық жауының» қоңырауы қайта қағылып тұтқындалып он жылға айдалып кетеді. Оның қайта қамалуына біз сөз еткелі отырған мақаланың да себебі болуы бек мүмкін. Өйткені ол кезде Кенесары тақырыбы жабық болатын. Ұлт-азаттық көтерілістің бұл көсемін көркем шығармаға арқау еткен жазушылар М.Әуезов, І.Есенберлин, тарихи зерттеу жазған тарихшы Е.Бекмаханов және басқалары қуғынға ұшырады, алды түрмеге жабылды, жер аударылды. Осындай тар кезеңде Кенесарының соңғы шайқасы өткен жерлерді әдейі барып аралап, өзі басқаратын газетте мақала жазған журналистің басынан ешкім сипай қоймайтыны белгілі еді. Енді әлгі мақаланың жазылу тарихына келейік.
Ж.Бектұров Жамбылға редактор болып келгеннен соң облысқа қарайтын аудандарды аралап танысқан екен. Өзі бұл туралы кейіннен былай деп еске алады: «Шу, Көктерек, Красногор, Қордай аудандарын аралап жүріп, қазақ және қырғыз елдері шекарасында Кенесарының өткен ғасырда қаза тапқан жерлерін әдейі іздеп бардым. Қолымда нақты дерегім болмаса да, сол аймақтың кәріқұлақтарының сөзімен, әрі өзім жас кезімнен естіп-білген әңгіме-хикаяларға сүйеніп, мақала жаздым. Ол кезде газет бүгінгі орысша әліппеге әлі көше қоймаған еді. Сондықтан да менің мақалам латын әрпімен жарияланды». Енді сол мақаланың мазмұнын азды-көпті шолып өтейік. «Бұл жердің «түкпірі», иә «бұрышы» сияқты қойнау екен. Өзінің атам заманғы кәрі арнасынан көп ұзамай Шу өзені ағып жатыр» – деп басталған мақалада алдымен сол өңірдің өзі көрген табиғатын біраз суреттейді. Өзеннің екі тарапындағы адырлар, көз ұшынан мұнартқан таулар көрінісі қаламына ілінеді. «Біздің ойымызды бөліп отырған бұлар емес.
Біз тек осы таулардың есіміне байланысты өткен ғасырдың бір қанды, қайғылы оқиғасын еске түсіргіміз келгендіктен тау жыныстарын, тау жоталарын амалсыздан ауызға алдық. Әйтпесе бұл тауларда жолаушының не ақысы бар» деп бір қайырып алып, бірден осы таулардың қатпар-қатпар жоталарында қазақтың қас батырлары Кенесары мен Наурызбайдың бұғауға түсіп, қаза тапқан қайғылы тағдырына көшеді. «Қазақ халқының тағдырында, басқа да халықтардың тарихындағы сияқты, өз ортасынан шыққан көрнекті адамдар, атақты ерлер бар. Солардың ең даңқтылары, ең қадірлілері, еңкейген кәрі мен еңбектеген жастың аңыз қылатындары Кене мен Науан еді. Кенесары Қасымұлын, оның 1837-1847 жылдары колонизатор орыс патшасының шабуылына қарсы күресін орыс халқы, оның алдыңғы қатарлы адамдары, бүкіл дүниежүзілік тарихы жақсы біледі. Кенесары қазақ халқының елдігін, мемлекеттігін қорғап, сыртқы жауларға, тонаушыларға қарсы шықты. Бірақ жаулардың күші де, айласы да, құралы да Кенесарыдан басым болды. Бұл басымдық Кенесары Қасымұлының жеке басының әлсіздігінен, ақылсыздығынан, айласыздығынан емес еді. Бұл қазақ халқының дамуына, өзінің ілгерілеу жөнінен кенжелігіне, елдің жалпы тарихи тағдырына байланысты еді» деп өзінің Кенесары қозғалысын жақтайтын ойын бірден ашық білдіреді. Одан әрі Кенесары күресінің жеңіліс табу себептерін атайды.
«Патша үкіметі колониялық тонаушылық саясатын бұратана деп аталатын ұсақ, аз ұлттарды табанға басу арқылы жүргізді. Туысқан қазақ және қырғыз халықтарын бір-біріне атыстырды, өшіктіріп айдап салды. Патша үкіметі өзінің бұл саясатына ұлт аймақтарының байын, манап, бектерін құрал етті» – дейді. Кенесары қолындағы қырғыз манаптарымен ауыз жаласып кеткен жергілікті қазақ сұлтандарының опасыздығы да сөз болады. Кезінде Ресей мен Қоқан езгісіне қарсы ашық майдандасқан есіл ерді жалпақ әлемге қарақшы, қандықол тонаушы, түздің бетімен кеткен қанішер жабайысы деп көрсетуге тырысқан кеңестік саясатқа қарсы «Кенесары қазақ халқының елдігін, мемлекеттігін қорғап, сыртқы жауларға, тонаушыларға қарсы шықты» деп пікір білдіру ол кезде, жұмсартып айтқанда, көзсіз ерлікке тән еді. Ж.Бектұров шайқас болған жерлерді атпен аралай жүріп көптеген адамдармен кездеседі. Оқиға туралы ауыздан ауызға жеткен әңгімелерді Чапаев атындағы колхоздағы темірші Ысқақ, «Қаракемер» колхозындағы 83 жасқа келген Жақсыбай деген кісілерден жазып алған екен. – «Сонау Қызылсудың шығыс жағында Алмалы деген жер бар, – деді Ысқақ қарт. Майтөбенің басында тұрып қамшысын сермеп, Алатаудың етек жағын Шудың арғы беткейінің апрель айындағы бұлыңғыр асуын меңзеп. – Хан Кене сол Алмалыға қойылған екен. Бірақ кейінірек келе оның бейітін тасқын су алып кетіпті. Бір кездерде Кененің Олайхан деген қарындасы зиратты іздеп келіп, таба алмапты. Кененің алдыңғы қасы алтынданған ері қырғыз Қалшаның қолында сақталып қалған екен. Қалшаны біз бала күнімізде көріп едік. Сол ерді Кененің үрім-бұтақтары кейіннен іздеп келіп, алды. Науан Мәмбеталы, Самсы елінде өлтіріліпті. Оның да моласы бар екен, бірақ кейінгі кезде оның да із-түзі жойылып кетіпті...».
Осы жерде біраз алға озып айтар болсақ, тәуелсіздік жылдары Кенесарының сүйегін елімізге әкеліп қайта жерлеуді мұрат тұтқан бірнеше экспедицияның ізденістері нәтиже бермеді. Оның үстіне қазақтар жағының да, қырғыздар жағының да ханның сүйегі жерленген жер туралы болжамдары әртүрлі болып келеді. Осы тақырыпты «Хан Кененің қазасы» деген мақаламызда жан-жақты қамтып жазғандықтан («ТURKISTAN» 15 сәуір; «Жас Алаш» 6 мамыр 2021 ж.ж.) қайталап жатуды жөн көрмедік. Ал ханның сүйегін іздеу, ол анық табылғанынша жалғасуы тиіс деп білеміз. Әуелгі әңгімемізге оралсақ, Ж.Бектұров аталмыш мақаласын былай аяқтапты: «Міне, біздің атымыздың тұяғы астында кішкентай ғана Майтөбе жатыр. Бұл төбенің басын, бөктерлігін, анау көлбеп жатқан жоталардың бәрін бұдан жүз жылдай бұрынғы жорықтардың шаңы аспанға шығарған болар. Бірақ оны бізге дәлдеп айтып тұрған тау да, тас та, орман да жоқ. Тек, ел аузында қалған әңгімелер ғана бар. Міне осылардың баршасын салмақтап, біз самұрықтың – тау қыранының қапыда кетіп қолға түскен, шерменде болып қаза тапқан жері осы екен деп ойға шомып, көлбеп жатқан тау бөктеріне көз жібердік». («Осы екен самұрықтың өлген жері», Жамбыл облыстық «Коммунист» газеті, 29 май, 1941 ж. 2-бет, жауапты редакторы Ж.Бектұров). Осылайша, патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы бас көтерген Кенесары Қасымовты кеңестік идеология қанішер хан ретінде насихаттап жатқан тұста, жамбылдық газет редакторының оған кереғар мазмұнды мақаласы жарияланып та кетеді. Арада бір ай өтпей соғыс басталады.
Ж.Бектұров та майданға аттанады. Бірақ Жамбылда жасақталған 105-ші атты әскер дивизиясының газетінде редактор болып жүрген жерінен 1942 жылы мамыр айында қамауға алынып «1937 жылдан бастап халық жауларымен байланысы бар» деген айып тағылады. НКВД-нің айрықша кеңесінің шешімімен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабымен сырттай он жылға сотталып, солтүстік Оралдағы лагерьлерде жазасын өтеуге жіберіледі. Ж.Бектұровтың бұлай екінші мәрте тұтқындалуына оның басын бәйгеге тіге отырып Кенесарының тарихта алар айрықша орны туралы шынайы шындықты жасқанбай жазған әлгі газеттегі мақаласы да сеп болды ма деуіміз сондықтан. Абақтының азабын тарта жүріп мойымастан, әділдік жолында жалықпастан ізденіп, ақыры кесілген он жылдың бес жылы қысқартылып елге оралады. Лагерьдегі өзі куәсі болған азапты күндерге негіздеп еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған отызыншы-қырқыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ащы шындығы жайында «Таңба» атты естелік кітабын жазады. Бірақ оның жариялануын табандатқан қырық жыл күтуіне тура келеді. Роман тек кеңес империясы тараған соң ғана, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1997 жылы жарық көрді.
Одан бір жыл өте – 1998 жылы 26 наурызда 86 жасында Ж.Бектұров өмірден өтті. Енді әңгімеміздің басында айтылған бүгінде тараздық болып кеткен Манас Әкімбайұлының автормен байланысына келейік. Ол 1992 жылы Қордай өңірінен шыққан құлболды Досан батыр бабасының Арқадағы кесенесін іздеп жүріп «осы өңірдің өзі тарихшы, жазушы, жасы үлкен қариясы, бір білсе сол білер» деп елдің нұсқауымен Жайық Бектұровқа жолыққан екен. Ол кезде жазушы сексен жаста. Сұрастыра келгенде Досан батырдың кесенесі Қарқаралы жақта Бесоба деген жерде болған екен. Кейіннен орыстар оны бұзып тастаған. Қаражат болмауынан кесенені қалпына келтіру жұмысы кідіріп тұр екен. Әңгімеден әңгіме шығып, Манас өзінің Қордайдағы Қаракемер ауылының тумасы екенін, қазір Тоқмақ қаласында тұратынын айтады. Сол-ақ екен, Ж.Бектұров Жамбыл облыстық газетінде редактор болып жүргенде нақ сол өңірде болып Кенесарының соңғы шайқасы өткен жерлерді атпен шарлағанын еске алады.
Газеттегі мақаласын көрсетеді. Оны жетпісінші жылдардың бас кезінде Алматыда аспирантурада оқып жүрген Жәнібек деген баласы Пушкин атындағы кітапхана қорынан іздеп тауып, латын қаріпінен кириллицаға көшіріп алған екен. – Мен Жайық Бектұровты кейіннен тағы іздеп бардым, – деп еске алады Манас Әкімбайұлы. – Бұл 1995 жылдың сәуірі болатын. Ауруханада жатыр екен. Дәрігерлер кіргізбейтін болған соң, бас дәрігеріне барып өзімнің Алматыдан келгенімді айтып жатып аз уақыт жолығуға рұқсат алдым. Есікті ашып кіріп келгенімде дәрігерлердің орнынан тұрмасын дегеніне қарамай, кеудесін көтеріп отырды. Айналасын көрпе, жастықпен қоршап қойдық. Есен-саулықтан соң «сені күтіп жатыр едім, жақсы келдің» деп, бір әңгімені бастады. Айтуынша, Шет деген жерде Төлеген Сырымбетов деген азамат мені көргісі келеді екен. Оның да аталары оңтүстіктен келген Дулат балалары көрінеді. Мен Жайық Бектұровқа әуелгі кездесуде айтқан тапсырмалары бойынша оған Кекілік сеңгірде жолығып Кенесарының тағдыры туралы ел аузындағы әңгімелерді айтып берген Ысқақ Балдақбайұлы атамыздың суретін бердім. Бұл кісі бізге аталас екенін, 1947 жылы жетпіс жастан аса қайтыс болғанын, ал Жақсыбай қарт пен Қарақоңыз ауыл кеңесінің сол кездегі төрағасы болған қазақ әйелінің ұрпақтарын таппағанымды айттым. Сол жолы жазушы айтқан Шетте тұратын Т.Сырымбетовке де жолығып қайттым.
«Бізді іздейтін адам бар екен» деп толқи қарсы алған ол Сіргелі Қарабатырдың ұрпақтарымыз дейді. Менің Досан атам тәрізді аталары жаугершілік заманда жараланып, сол өңірде қалып қойған көрінеді. Қазір одан тараған екі ауыл Қарабатыр ұрпақтары тұрады екен. Манас кейіннен Ж.Бектұровпен ол қайтыс болғанша хат алысып тұрған екен. Оларды да көрсетті. Жазушының жоғарыда айтқан «Орталық Қазақстан» газетінде 1995 жылы жарық көрген екі мақаласында осы жайлар сөз болады. «Маған Қордай ауданынан бір жігіт келді. Аты Манас, туған, тұрған жері Тоқпақ қаласы, өзі қазақ. Ол жігіт Сарыарқадан өзінің Досан батыр дейтін бір аталарының ұрпағын іздеп жүрген көрінеді. Мен оған жоғарыдағы Жақсыбай мен Ысқақ қарттар туралы дерек іздеуді өтіндім. Ол кейінірек маған 1941 жылдың көктемінде Қордай асуында өзіме ауыз екі мағлұмат берген Ысқақ ақсақалдың суретін әкеліп беріп, менің сол көне мақалама едәуір нақты деректер қосты, ертедегі сөзім мен ойымды біраз жандандыра түсті» деп жазды «Кенесары керуенінде» деген мақалада. Ал келесі «Кенекем көлеңкесінде» атты екінші мақала ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Сағадиевке ашық хат түрінде екен.
Онда ғылым ордасы оқымыстыларына септігі тиіп қалар деген оймен бұрыннан әрқилы деректер жіберіп жүргенін, оған 1994 жылы 5 желтоқсанда ҒА Президенті К.Сағадиевтен алған жауап хат мәтінін келтіреді. Онда: «...Биыл Кенекеңнің денесін тауып, Қазақстан жеріне жерлейміз деген ниетпен Академияның бір топ азаматы Қырғызстанға барып еді. Бірақ, амал нешік, Кенекеңнің және оның батырларының денесін көмген жер табылмады. Қырғыз ағайындардың да жәрдемі аз болды. Көбінің жадында осы қанды оқиға қалмаған сияқты. Ал сіз хатыңызда Кенесары мен Наурызбайдың өлген, көмген жерлерін соғыстан бұрын салт атпен аралап «Осы екен самұрықтың өлген жері» деп мақала жаздым депсіз. Сіз қазір сол батырлар жерленген жерді таба аласыз ба, әлде сол жерді табу үшін керекті деректерді айта аласыз ба? Бұл бүгін бізге өте қажет болып отыр. Ардақты Жәке! Мүмкін сіздің асыл қорыңызда тағы да бізге айтатын жаңалықтар, естеліктер, ұсыныстар бар шығар? Біз өз тарапымыздан оларды зор ықыласпен қабылдар едік...
Ізгі сәлеммен Кенжеғали Сағадиев...» делінген. Оған жауап ретінде Ж.Бектұров 1941 жылы жазылған мақаланың жай-жапсарын баяндай келе, Манас Әкімбайұлының кейіннен жазып берген деректерін айтуды да ұмытпайды. Ондағы: «Кенекеңнің көмілген жері Қызылсу Тоқпақтан 18 шақырым. Бұл жерде ескі зираттар бар. Ал Науанның көмілген жері Самсы Тоқпақтан 12 шақырым. Алматыдан Кенесарының көмілген жер мұғдарын іздеушілер шықса, менің адресімді беріңіз» деген жазбасын ұсыныпты. Мінеки, осыдан сексен бір жыл бұрын Жамбыл облыстық газетінде басылған бір мақаланың және арада жарты ғасырдан аса өткенде әлгі мақалаға байланысты Қарағанды облыстық газетінде жарияланған мақалалардың біз зерттеп білген тарихы осындай.
Құрманбек Әлімжан, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді