Ақшыл түсті, ескі «Жигули» көлігімен іссапарға бірге шыққан кезімізде қай өңірде болмасын, таныстары табыла кететін, олар «О, Орекең келді...» деп қуанғанын аңғартып, амандасып жататын. Менімен тек қана қазақша сөйлесетін. Балалық шағы өзім туып-өскен Байзақ ауданының Құмжота ауылында өткен.
Сондықтан да қазақша жақсы түсінетін. Аудандық газетте істеген жылдары бұл ауылда талай болғанмын, тарихына да қанықпын. Сонау 1937 жылдың күзінде Приморье өлкесінен зорлықпен көшіріп әкелінгендер арасында он жасар бала Орликтің де отбасы болған. Жаратылысынан еңбекқор кәрістер жаңа жерге тез үйреніп, көкөніс дақылдарынан, әсіресе, картоптан рекордтық өнім алып отырды. Соғыстан кейінгі жылдары алты көкөніс өсіруші Социалистік Еңбек Ері ең жоғары атағына ие болды. Олар – «Құмжота» ұжымшарының төрағасы Ян Чук Сик, звено жетекшілері Мінтай Айтжанова, Күнімай Жайлауова, Әлиман Бітаева, Шоқан Көкеева, Кан Хе Сук еді. Кіндігі Қиыр Шығыста кесіліп, қазақ жерінде өскен Орлик Николаевичтің фотожурналистік жолы 1960 жылы, Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық газетіне фототілші болып орналасқан кезде басталған.
1961 жылдың ақпанында облыстық «Еңбек туы» газетіне қызметке шақырылды. Бұрын фототілші тұрақтамаған редакцияда алғашқы күннен-ақ өзін тапсырған іске жауапкершілікпен қарайтын әрі уақытпен санаспай жұмыс істейтін қасиетімен танытып, зейнетке шыққанша табан аудармай ұзақ жылдар еңбек еткен бірден-бір адам Орлик Николаевич Ким еді. Бір ұжымда бірге істегендіктен жақсы білеміз, басылым атауы «Еңбек туы» болған кез, пленкалы фотография заманы еді. Фотоаппаратпен түсірілген суретті қағазға басып шығаруы, клише жасатуы бар машақаты шаш етектен болатын. Қазіргідей бәрі демде істелетін сандық фотоаппарат жоқ еді.
Алайда Орлик Николаевичтің жеделдігі мен еңбекқорлығы кісі таңғаларлық-ты. Еңбек адамдарын іс үстінде, табиғи қалыпта түсірген тартымды суреттері облыстық қана емес, республикалық, ара-тұра одақтық басылымдарда шығып тұратын. Осындай танымалдығы арқасында Кеңес дәуірінде КСРО Журналистер одағының Мәскеуде өткен съезіне қатысып қайтқан облыстағы санаулы журналистердің бірі болды. Көрнекті Мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтан бастап облысымыздың жеті бірдей бірінші басшысымен жақсы таныс болып, олар қатысқан іс-шараларды суретке түсірді. Өз еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келген қайраткер тұлғалардың, әдебиет және өнер жұлдыздарының облысқа келгенін түсіріп, суретті тезден шығарып ескерткішке ұсынып, олардың алғыстарын алған кезі де аз болған жоқ.
Аудандық газетте жауапты хатшы болып істеп жүргенде «Еңбек туына» шақырылып, алғаш ауыл шаруашылығы бөлімінің тілшісі, аға тілшісі кейіннен меңгерушісі болып істеген жылдары Орлик Николаевичпен бірге облыстың талай түкпірінде болдым. Әр жолы да іссапардан түн ортасында оралып, ертеңгілік жұмыс орныма жайғасып, енді жазуға кірісе бергенімде қолына бір бума фотосуретті ұстап іс бөлмеме кіретін. Іле маған көрсетіп кеткен фотосуреттерді алған редакцияның штабы – секретариаттан мақаламның нөмірге жоспарланып жатқаны туралы жақсы хабар да жететін. Жақсы болатыны, сол заманда журналистер арасында бәсеке күшті еді, әрі қаламақы молынан төленетіні де бар. Содан күн сайын мақала жариялануға ұмтылатынбыз. Әр сапарымыздың өзіндік ерекшелігі, тіпті, кездескен қиындығы аз болған жоқ. Бірде...Аязы ақырған ақпан айы еді. Ертелете шығып, табиғаты қатал Жуалы ауданына шектес Қаратау сілемдерінің біріндегі «Ақжарлы» қыстауына тау шоқылары арасындағы жолмен күн ашықта жетіп алдық.
Орлик Николаевич бұл өңірде бұрын да болған, ауа райының құбылып тұратынын да жақсы біледі. Сондықтан жұмыстарымызды тезден бітіріп, кері қайтуды ойлағанбыз.Бірақ, қайдан... Талас ауданы, «Майтөбе» кеңшарының сонау 1959 жылдан бері қой шаруашылығында еңбек етіп келе жатқан аға шопаны Өскенбай Ыбырайымовтың, оның ұлдары Мұрат пен Мараттың қыста мал қыстатуды ұйымдастырудағы жақсы, үлгі етіп жазуға тұрарлық істері көп болып шықты. Бірі – саулық, екіншісі – ұрғашы тоқтыдан тұратын екі отарға арналып салынған қоражайлар жергілікті жердің ерекшелігін, ауа райының қаталдығын ескеріп салынған. Тазалығы көңілден шығарлық. Екі отарға ертеңгілік, кешкілік шөп шашылады, астауларға жем төгіледі. Күн ашықта таудың күншуағы мол түсетін беткейлеріне өрістетіліп, жайылады. Осы сәтті пайдаланып қора көңі ойылады. Бұл тірліктің бәрін де өздері атқарады.Таудың ит құсына қарсы күзет те мықты. Бірінші сыныпты мал шаруашылығы шебері, өз отарын өзі қолдан ұрықтандыратын Өскенбай Ыбырайымовпен әңгіме барысында қыстау қасындағы аласа темір торлармен қоршалған аумақты алаң не мақсатта пайдаланатынын сұраған едік.
Барсақ бұл, шопандардың бақшалығы болып шықты.Дастарқандарын қысы-жазы ажарландырып тұратын көкөніс те, қауын-қарбыз да осында өсіріледі екен. Соңғы тоғыз жылда шығын бермеген шопандардың жақсы істерін, еңбек ете де тыныға білетін сәттерін объектив нысанасына іліктіріп, керек деректерді қойын дәптерге жазып алдық. Бұған әрине, біраз уақыт кетті. Қайтуға жиналдық. Бірақ, аға шопанның бізді жібергісі жоқ. Бұлттанған аспанға, тау шыңдарына қарап, ауа райы бұзылатын сыңай барын айтып, қонып аттануды ұсынды. Өскенбай домбырашы, әнші екендігі үстіне үлкен шахмат әуесқойы екен. Орлик Николаевичтің де шахматқа мықты екенін білгелі, бір шайқасып қалмақ ойы барын да байқадық. Қонақжай шопанның ниетіне рақметімізді айтып жолға шығып, қыстаудан ұзаған сәтте, жапалақтап қар жауа бастады. Қыстауларға тайланған шөп пен жем жеткізетін тіркемелі тракторлардың доңғалақтары таптаған жол Орлик Николаевичтің жылдамдықты арттыруына мүмкіндік беріп келеді. Барлық зейіні жолға ауған. Еш сыр берер емес. Қолы сәл мүлт кетсе болды, көлігіміз қарға тығылып, боранды түн тұтқынында қаларымыз анық еді. Арада қанша уақыт өткенін білмедім, бір кез көліктер ағылған үлкен трассаға шыққанымызды біліп, көңілім демделіп қалды. Көп ұзамай түнгі Тараздың құшағына ендік...
Арада екі күн өткенде газетіміздің «Бүгін малды ауылда» арнаулы бетінде «Ыбырайымовтар әулетінің айтулы істері» деген («Еңбек туы», 16 ақпан, 1988 жыл) мақала жарияланды. Енді бірде Орлик Николаевичпен бірге сапарға шығып, Тұрар Рысқұлов ауданының аумағындағы Ұлы Жібек жолының сілемі сақталып қалған «Шымбұлақ» өңірінде «Алғабас» кеңшарының жас шопаны Сайрамбай Дөненбаевты өрісте жолықтырдық. Сәтін салып, баласының отарына сақпаншы болып келіп, көмектесіп жүрген Шәушен ақсақалды да осында ұшыраттық. – Жиырма жыл шопан болдым, – деген еді өріс төсіндегі әңгімеде Шәушен Дөненбаев – Біздің балалар есейді, бірі – мұғалім, екіншісі ауыл шаруашылығы маманы, үшіншісі жүргізуші болып өз жолдарын тауып кетті. Ал мына кенже ұлым Сайрамбай болса, мектептен кейін маған көмекші болды, тәжірибесі толысқан соң отарымды қабылдап алып, үмітімді ақтап келеді... Әкелі-балалы шопандармен әңгімеде көп жайға, табысқа жету сырларына қандық. Осы сапардан жазған «Ақ жолдың» 1990 жылдың 11 сәуіріндегі санында жарияланған суреттемеге «Шопанның бағы жанғаны...» деген тақырып қойған едім. Сол кезде Жаратушымыз қаламыма осындай сөздер оралтып, болжап жазған екенмін, ең алғаш «Ақ жол» арқылы есімі елге танылған Сайрамбай Дөненбаев 1996 жылы «Шәушен» шаруа қожалығын құрып, аз уақытта, жұмысын жолға қоя білді. Үлкен жетістіктерге жеткен шаруа қожалығы өлкемізде бұрын көптеп өсірілмеген Еділбай қойларын жерсіндіріп, Алатау сиырларын, етті қазақ және ағылшын жылқыларының санын көбейте бастады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің арнайы бұйрығымен қой мен жылқы өсіруде асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алды. Осы оқиғаға орай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Алтынбек Өмірзақовпен және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық басқармасының мал тұқымын асылдандыру ісі жөніндегі мемлекеттік инспекторы Аман Қошамбековпен бірге «Шәушен» шаруа қожалығына барып, іс-тәжірибесімен таныстық. Іле «Ақ жолдың» 2002 жылдың 11 сәуіріндегі санында «Өнеге иелерінде» деген айдармен «Малдың іші береке, «Шәушен» шаруа қожалығындағылар мұны өз істерімен дәлелдеп отыр» деген бір беттік мақала шықты. Осылайша Сайрамбай Дөненбаевтың іс-тәжірибесін насихаттаған алғашқы озат тәжірибе бетін де «Ақ жол» алдымен жариялады. Өзі туып-өскен Тұрар Рысқұлов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан, Атымтай жомарттығымен де танылып, мешіт-медресе, малшы балаларына арналған мектеп-интернат, балабақша, басқа да нысандар салдырып, ашаршылық пен соғыс құрбандарына ескерткіштер тұрғызған, «Тау қымызы» емдеу-сауықтыру кешенін ашқан Сайрамбай Дөненбаевқа 2018 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Газетіміздің 1 мамырдағы мерекелік саны үшін материал дайындауға жылда көктемгі егіс-дала жұмыстары ерте басталатын Байзақ ауданының тау беткейіндегі Ақшолақ өңірінде, механизаторларда болып оралған сапарымыз да есте қалыпты. Бұл 1990 жылдың сәуір айы болатын. Орлик Николаевичпен бірге ең соңғы рет сапарға шығып оралғанымды кейін білдім. Арада бір ай өте, маусым айының шуақты күнінде бас редактордың іс-бөлмесінде Орлик Николаевичті зейнет демалысына шығарып салуға арналған жиналыс өтті. Арғынбай Бекбосын ағамыз 26 мамырда жасы 63-ке толған фотожурналисті бәріміздің атымыздан құттықтап, гүл шоғын тапсырды.
Орлик Николаевич тебірене жауап сөз сөйлеп, алғыс айтты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Орлик Николаевич редакцияға сирек те болса келіп тұрды. Көрген сәтте-ақ редакция қызметкерлері онымен амандасуға ұмтылып, денсаулығын, балалары мен немерелерін сұрап арқа-жарқа болып қалушы едік. «Жазмыштан озмыш жоқ». 2010 жылдың 3 қыркүйегінде Орлик Николаевич сексен үш жасында бақилық болды. Отыз жыл фототілші болып жемісті еңбек еткен, есімі ғасыр жасаған басылымның тарихында қалған Орлик Николаевич Кимнің өмірдің қайталанбас қас-қағым сәттерін, даңқты тұлғаларды түсірген фотосуреттері әлі күнге қолданыста. Ал ісін бүгінде облыстық «Знамя труда» газетінде фототілші болып істейтін кенже ұлы Юрий Ким лайықты жалғастыруда.
Суретте: 1990 жылдың маусым айы, Орлик Николаевич Кимді (ортада тұрған) ұжым болып зейнеткерлікке шығарып салу. Суретті Орлик Николаевичтің ісін жалғастырған фототілші Құрманғазы Мырзалиев түсірген.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді