Осыдан аттай жиырма екі жыл бұрын еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласында өткізілген Рухани келісімнің І әлемдік конгресінде 18 қазан – Рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу, татулыққа шақыру, мұқтаж жандарға қайырымдылық және көмек көрсету күні деп жарияланғаны белгілі. Міне, содан бері бұл күн ойлары ізгі, ниеттері жарқын адамдардың мерекесі түрінде тұрақты атап өтілумен келеді.
Өңірімізде ұлтаралық татулық пен достықты, тағаттылықты дәріптеу, мемлекеттің дін саясатын насихаттау бағытында елеулі жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде, аймақтағы діни ахуалдың тұрақтылығы, этносаралық және конфессияаралық өзара үйлесім одан әрі нығая түсті. Облыстағы 23 этномәдени, 323 діни бірлестік пен олардың құрылымдық бөлімшелері бұл іске өзіндік үлестерін де қосып отыр. Бұрнағы күні облыс әкімдігі дін істері басқармасының атаулы күн аясында ұйымдастырған «Рухани келісім – бірлігіміздің темірқазығы» атты дөңгелек үстел отырысы барысында бұл мәселелерді аталмыш басқарма басшысы С.Айдапкелов тарата айтып берді. Басқосуға этномәдени орталықтар, конфессиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар басшылары қатысып, түрлі ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. ҚМДБ-ның өкіл-имамы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаев қоғамда дін тәрбиесінің, оның ішінде жастардың діни сауаттылығын жетілдіре түсу айрықша маңызға ие екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, облыстық мешіт жанынан ашылған медреседе қазір елуден астам тәлаба білім алуда. Жыл сайын 100 ер бала, 80 қыз бала арнайы діни курстардан өтеді. Мұндай дәріс беру облыс аудандарында да дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Үздік білімдерімен ерекшеленген жастардың Астана, Алматы қалаларындағы жоғары діни оқу орындарында білімдерін жетілдіруіне де мүмкіндіктері бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының бас маманы С.Кислов үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы жүргізген әлеуметтік зерттеудің кейбір деректерін алға тартып, «Міне, осы сауалнамамен қамтылғандардың 2,5 пайызы аймақтағы этникааралық ахуалды, 3,7 пайызы конфессияаралық жағдайды «ширығулы» деп бағалауы жергілікті атқарушы органдар, жоғары оқу орындары, мектептер, жеке отбасылар тарапынан бірқатар жұмыстар атқаруды талап етеді» деді. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Дәуренбеков басты тәрбиенің мектептен басталатынын еске салып, дінтану сабағын аптасына екі рет өткізуді енгізуді ұсынды. Шымкент және Тараз Епархиясының жастар тәрбиесі бөлімінің меңгерушісі В.Воронцов православиялық шіркеулердің рухани келісімді қалыптастырудағы рөлі, Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ә. Майбалаева этносаралық келісімнің қазақстандық моделі, «Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Р. Убайдуллаева тәуелсіздік жылдарындағы ұлтаралық келісім мен мәдениет мәселелері бойынша ой-толғаныстарын ортаға салды. Басқа да азаматтар өңірімізде ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен бейбіт тұрақтылықтың сақталуының оң нәтижелеріне жан-жақты тоқталды. Соңынан ұлыстар бірлігі мен ынтымағын нығайтуда белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға гүл шоқтары мен алғыс хаттары табысталып, құрмет көрсетілді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді