ТиГУ-дың Агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты ашылды
Жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, теорияны тәжірибеге ұластыру – Елбасының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауларында үнемі айтылып келе жатқан мәселе. Бұл – Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жанынан Агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты ашылуы – осы мақсатты жүзеге асыруға жасалып отырған жақсы қадам. Жобалық құны 100 миллион теңге институт 1800 шаршы метр аумаққа орналасқан. Мұнда 2 ғимарат, 8 аудитория, 2 жылыжай бар. Әзірге жұмсалған қаржы университеттің өз қалтасынан. Жаңа мекеме лентасын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен университет ректоры Ерболат Саурықов қиды. Білім ордасының басшысы облыс әкіміне институттың ашылу мақсатын түсіндіріп, кешенді кеңінен таныстырды. Гранттық жұмыстар, су айдындары көрмелерін тамашалап, аудиториялар мен зертханаларды, жылыжайларды аралап көрген Кәрім Нәсбекұлы Құрметті қонақтар кітабына ризалығы мен тілегін білдіріп, қолтаңба қалдырды. Осынау ғылыми тәжірибелік мекеменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ТИГУ-дағы ғылымды тәжірибеге ұластырудағы ізгі ізденістерге жоғары баға беріп, жастарды бәсекелестікке қабілетті маман етіп тәрбиелеудегі бастама жалғасын табуы және жақсы нәтиже беруі керектігін баса айтты. Облыстағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында теорияны тәжірибеге ұластыруда зертханалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, ТИГУ-дың осынау бағалы бастамасына облыс әкімінің риза болатынындай бар. Өйткені, ел экономикасының дамуына лайықты үлес қосу үшін осындай ізденістер керек. Университетте студенттердің теориялық білімдерін тәжірибе түрінде жүзеге асыру мүмкіндігі жоғары. Оған қажетті құралдар және көрнекіліктермен жабдықталған зертханалар дайын. Интерактивті тақта қойылған аудиторияда сабақты пысықтауға жағдай жасалған. – Бізде дуальді оқытудың ойдағыдай жүзеге асырылуын жан-жақты қамтамасыз ету алдын ала ойластырылған. Студенттер 3 күн университетте, 3 күн ғылыми-зерттеу институтында. Оларды тасымалдау мәселесі де шешілген, – деді университет ректоры Ерболат Саурықов журналистер сұрақтарына жауабында. – Студенттердің өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесіне ғылыми-зертханалық зерттеулер жүргізуіне мүмкіндіктері мол. Мұнда облыстың ауа райы, жеріне бейім дақыл түрлерін анықтауға болады. Оқу орны бес жыл қатарынан облыс аумағындағы 105 су айдындары гранттарын ұтып алып жүр. Олардың суының ащы, тұщылығын, балықтар мен жәндіктердің қандай түрін өсіруге қолайлылығын, оларға құятын су көздерін зерттеу студенттердің зор қызығушылығын тудырып отыр. Қызығушылықпен жүргізген жұмыс жақсы нәтиже беретіні белгілі. Сондықтан институт зертханалары мен жылыжайларда, су айдындарында жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарына артылар үміт жоғары. Ол жұмыстар болашақта ғылымның өрістеуіне, ел экономикасының дамуына үлес болып қосылып жатса, нұр үстіне нұр. Оқу орнында биолог, ихтиолог мамандықтарына бағыт ұсталып отырғаны байқалады. Ректордың айтуынша, болашақта ветеринария мамандығын ашу ойда бар екен. Ол үшін ауданнан тағы да 50 гектар жер алып, тауарлы-сүт фермасын ашуды көздеп отыр. Ерболат Байұзақұлы бұл ретте жер бөліп берген Байзақ ауданы басшылығына риза.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді