«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жарқын болашақ үшін әр дауыс маңызды

Жарқын болашақ үшін  әр дауыс маңызды
ашық дереккөз
Жарқын болашақ үшін әр дауыс маңызды
Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев №6 «Талас» мөлтек ауданында шаһар тұрғындарымен жүздесіп, оларды мемлекетіміздің алдағы өміршеңдігі үшін аса маңызды референдумға белсенді қатысуға шақырды. Ержан Жұматұлы мен қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Күлекеев бастаған жергілікті халық қалаулылары, қоғам белсенділері «Талас» мөлтек ауданы №29 тұрғын үйдің ауласында тұрғындарға референдумға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. – Сіздердің белсенділіктеріңіз осы сәтте ауадай қажет. Өздеріңіздің сұраныстарыңызбен осы тұрғын үйге былтыр жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сол секілді басқа да мөлтек аудандардағы аулалар мен скверлер заманауи үлгіде игілікке айналды. Әрбір жасалып жатқан игі істерде сіздердің белсенділіктеріңіз маңызды екенінің бір көрінісін де осы жұмыстардың нәтижесінен байқауға болады. Әрдайым бізбен байланыста болып, талап тілектеріңізді жеткізіп, ой, ұсыныстарыңызбен бөлісіп жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да қалада құны 60 миллиард теңгені құрайтын 400-ден астам жоба жүзеге асатын болады. Оның ішінде жүз жаңа жол салу, көшелерді орта және күрделі жөндеуден өткізу, үйлерді модернизациялау мен су жүйелерін жаңғырту жұмыстары қамтылып отыр. Сіздерден еліміздің басты құжаты – Конституциямыздың 33 бабына өзгеріс енгізу бойынша өтетін референдумға белсенді қатысуларыңызды сұранамыз. Мұндай түбегейлі өзгеріс 27 жылдан кейін бір-ақ келіп отырған мүмкіндік. Әрбір олжалы оң іс заң аясында жүзеге асатынын ескерсек, баршаңызды осы референдумға бірауыздан қатысуға шақырамын, – деді өз сөзінде Ержан Жұматұлы. Жиында депутаттар да сөз алып, мемлекетіміздің басты құжатына енгізілетін өзгерістер туралы кеңінен айтып өтті. Басқосу соңында Ержан Жылқыбаев қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты тұрғындардың сауалдарына да құлақ түріп, әр сұраққа тұшымды жауап берді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар