«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Головкин – Рубио. кім мықты?

Головкин – Рубио. кім мықты?
ашық дереккөз
Головкин – Рубио. кім мықты?

Орта салмақта кәсіпқой рингтің короліне айнала бастаған Геннадий Головкиннің кезекті жекпе-жегінің де уақыты келіп жетті. Алты жылдың бедерінде қарсыласымен 12 раундтық кездесу өткізіп көрмеген біздің панчерге Гомес-паласиолық Марко Антонио Рубио қарсылық таныта ала ма?

Әңгімені ацтектердің үміті саналатын Марко Антониодан бастайық. Ол кім? Тоғыз жасында бокс залының табалдырығын аттаған ол кейін мегаполис Мехикода жаттықты. Он тоғыз жасында кәсіпқой рингтің дәмін татып, жартылай орта салмақта жеңістен-жеңіске жетіп жүрген кезінде оның «сыбағасын» Заурбек Байсангуров берді! Киевте өткен кездесуде Марко Антонионы бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабаған Заурбек жартылай орта салмақта кімнің бәсі жоғары екенін байқатқан болатын. Байсангуров та Санчестің шәкірті. Головкин екеуін қатар баулып жүрген Абель бапкердің кәріне Рубионың бапкерлері екінші мәрте ілініп отыр. Марко Антонио да ер екен. Жеңілдім деп жасыған жоқ. Келесі санат саналатын орта салмаққа өтті. Бірақ, бұл салмақ оған қол емес еді. Өзінің жетінші кездесуінде отандасы Сауль Романнан жойқын соққы алып, екінші раундта рингті жата-жастана құлады. Сол кездегі жетістігі – жартылай орта салмаққа ден қойып, Мексика чемпионы атанғаны. Бұл жігіт әбден сандалғаны, әр салмаққа бір аңсары ауғанынан-ақ, өзін таба алмай жүргені аңғарылса керек. Алайда, Рубионы тіпті кемсіте беруге де болмас. Ол кейін Сауль Романнан қарымта қайтарды. Рубио өз формасын тұрақты сақтай алмайды. Әр салмаққа бір ауысатын жігіттің нақты мақсаты да беймәлім. Әйтпесе ганалық Кофи Янтуадан нокаутпен жеңілер ме еді? Бұрынғы әлем чемпионы Келли Павликтен көк ала қойдай болып таяқ жегенін қайда қоямыз? Рас, Марко Антонио біраз қарсыластарын жеңді. Отыз үш жасар ацтектің қанжығасында нокауттар да жоқ емес. Дегенмен, кіші Чавеске қарсы жекпе-жекке шығып, жеңілгенін есепке алмасақ, ол соншалықты шарболаттай ширыққан шеберлермен рингке шықты деп айта алмаймыз. Әрине, Павликтен таяқ жегенін қоспасақ... Сонымен, Рубио кім? Рубио стандартты қарсылас емес. Қорғанысы мексикалықтарға тән мығым дейін десек, екінші раундта, бірінші раундта ринг төріне сұлап қалған сәттері де баршылық. Тым әлсіз дейін десек, Чавеспен бүкіл раундты жұдырықтасып шықты. Ал Гена туралы әңгіме тіпті бөлек. Жекпе-жек қай раундта аяқталуы мүмкін? Ол енді Генаның стратегиясына байланысты. Қаласа алғашқы раундтарда, қаламаса кешірек. Олай деуміздің себебі Келли Павлик Рубионы бірінші раундтың өзінде екі мәрте тентіретіп жіберген болатын. Қарсыласты ылғи қысымда ұстайтын біздің панчерден нокаут күтетініміз анық. Бұл кездесуде қазақстандық былғары қолғап шебері жеңіске жетсе, оған PPV дәрежесіндегі жекпе-жекті өткізуге даңғыл жол ашылады. Ол Мигель Котто болуы ықтимал. Әрине, Котто келесі кездесуінде жеңіліп қалмаса... WBS тұжырымының жеңімпазы Гена атағын қорғаған жағдайда онымен кездесуден бас тартса, титул бос қалады. Бір сөзбен айтқанда Генаның шабатын күні ертең!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар