«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«ЕКІ ІНІМНІҢ НАЙЗАСЫНЫҢ ҰШЫМЫН...»

«ЕКІ ІНІМНІҢ НАЙЗАСЫНЫҢ ҰШЫМЫН...»
ашық дереккөз
«ЕКІ ІНІМНІҢ НАЙЗАСЫНЫҢ ҰШЫМЫН...»

«Семіздікті қой көтереді» депті халқымыз. Сөз-ақ делік. Ал Тәуелсіздікті, сол Тәуелсіздіктің арқасында төрт тарапын тең ұстап отырған елдегі еркіндікті, айдан айға ұласқан мемлекеттік мәні бар мерекелерді айтпағанда, аптаның әр күнін тойсыз өткізбейтін қарапайым халықтың ас та төк тоқтығын, сол тоқтыққа діңгек боп отырған мына мамыражай өмірді көтере алмайтындар бар екен. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіредінің» кері ме дерсің. Мысалы, Алматы стадионында өткен «Ақтөбе» мен «Қайрат» футбол командаларының ойыны алдында «шеруге» шыққан шуылдақтарды кім дейміз? Ұлттың емес, рудың сойылын көтерген олар өздері өршелене айғайлап өткен Абай көшесімен осыдан 28 жыл бұрынғы қазақ жастарының Брежнев алаңына қарай «Халқым!» деген ұлағаты ұран астында ағылғанын ойлады ма екен?!. Арада отыз жыл да өтпепті. Кремль билігінің «қыл шылбырынан» құтылып, ел еркіндігі жолындағы төгілген қан мен тер арқылы келген береке-бірлікке енді жарыдық па деп отырғанда, ағаш уықты, киіз туырлықты («Ұранымыз Алаш, үйіміз ағаш!») біртұтас қазақты жікке бөлуді естілік дейміз бе, есерлік дейміз бе?!. Ұрттық, ұрдажықтық, әпербақандық шығар оның шын аты. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дейміз бе, «Іштен шыққан шұбар жылан» дейміз бе, сол бозөкпелердің ішінен мына мамыражай елдегі береке-байлықтың шаңырағын тіреп тұрған  діңгек - бірлік екенін айтып, елірген  топқа кеудесін тосып, кесе-көлденең тұратын азамат ердің төбе көрсетпеуі қынжылтады. Сонда кешегі Горбачев, Колбин саясатының құрбаны болған Қайрат Рысқұлбеков бастаған қайсар ұрпақ бүгінгі іні-қарындастары ат төбеліндей қазақтың іштен іріп, құрдымға кетуі үшін жан қиып па еді?!. От баспайық десек, ойланайық ағайын! Айрандай ұйыған елді алатайдай бүлдіретін әпербақандар әр заманда да болған. Бірақ абыздарымыз, ақындарымыз ондайларды «Тәйт!» деп тәртіпке шақырып отырған. Арыға бармай-ақ, кешегі Абайды алыңыз. Ақылман Абайдың әр өлеңі («Болды да партия, ел іші жарылды. Әуремін мен тыя, дауың мен шарыңды...»), («Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?..»), («Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң...») қалың елі, қазағының береке-бірлігін жырлады. Тентегін тежеуге, қисығын түзеуге тырысты. Қазақтың Абайдан кейін айтатын тағы бір ақыны – Мұқағали десек, оның жырларының алтын арқауы да достық пен татулықтан тұрады. Сол Мұқағалидың: Ортадан да, Кішіден де кішімін, Ұлымын деп көрсетпеген қысымын. Ел басына екі талай күн туса, Екі інімнің найзасының ұшымын.

Мен – Үйсінмін, Ұлы десең ұлымын, Кісіліктің, кішіліктің құлымын, Бөлінбеген еншім даяр екі інім, Желпілдетіп жетіп келсе тұлымын, – деген жыры бар. Мұқаң мұны қаламақы үшін жазған жоқ, атымды шығарайыншы деп жазған жоқ, тіпті, біреулерге жақсы атанайыншы деп те жазған жоқ. Бір-бірін шалып, бір-бірін мұқатқан қазағын есті ел болуға шақырған дана Абай сияқты, жүз-жүзге бөлініп, жүздері қабарып жүруді әдетке айналдырған қандастарына қынжылғандықтан жазды. Абай мен Мұқағалидың біртұтас қазақты бұрынғыдан да біріктіре түсетін мұндай жырлары өзінің өміршеңдігін бүгінгі күні де дәлелдеп отыр. «ВКонтакте» деген әлеуметтік желі осыдан төрт-бес ай бұрын «Солтүстік Қазақстан – бұл орыстың жері» деген қауымдастықсымақтың «Орыстың Оңтүстік Сібірі» деген бірдеңесін қоңырсытты. Олардың ойынша «Северный Казахстан – экономико-географический регион временно в составе республики Казахстан, до этого в Казахской ССР (государство которое создал враг русских - Сталин). В настоящее время в его состав входят: Северо-Казахстанская область, Костанайская область, Павлодарская область, Акмолинская область и столица страны – г. Астана. А так же Восточно-Казахстанская область, Западно-Казахстанская область, северная часть Карагандинской области. Все регионы, кроме Акмолинской области и г. Астана, а так же северной части Карагандинской области, граничат с РФ. Все эти земли должны быть возвращены России, так как во первых – это земли казаков, которые были отданы казахам при русофобской советской власти, во вторых – в этих землях до сих пор доля русских велика, в третих – Казахстан не имеет на них никаких прав» деген сандыраққа бас шұлғи салу керек сияқты. Аты аталған әлеуметтік желіде 4-5 ай бойы «ілулі» тұрған осы арандату «Сообщество заблокировано за призывы к насильственным действиям» деген аңдатпамен 13 тамызда ғана жабылып тасталды. Сонау ақ патша мен қызыл коммунистердің тұсындағы «бөлшекте де билей бер» саясатын аңсаған бұл сепаратистік шақыру қазақтың жасына да, жасамысына да сабақ болса керек-дүр. Өкінішке қарай, біздің еліміз бен есімізге мият, руханиятымызға қуат болады деген жастарымыздың бір парасы «жүз» дегеннен басталатын жалған намыстың жетегінде ұрандатып жүр. Дана Абайдың «Арғын, Найман жиылса, таңырқаған сөзіме. Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деп түңіле күрсінгеніндей болмасын. Әр өңір, әр үйде қазақтың Ірілігімен бірге Бірлігі де сөз болсын, қаны бір, жаны бір қарындастығы да сөз болсын. Өйткені Ел түзелді, енді Ел ішіндегі елдікке ұйытқы болар сөз де түзелуі тиіс.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар