«Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге, берген білімімізге тікелей байланысты» деген болатын Елбасымыз. Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін жастарымыз білімді, іскер, кәсіби деңгейі жоғары болуы тиіс. Бұл жастарға білім беруге, талапты күшейтуге міндеттейді. Аталмыш міндетті орындауда аудан орталығында орналасқан Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебі де сүбелі үлес қосып келеді.
Білім ошағының тарихына шолу жасасақ, 1973 жылы Тараз қаласындағы М.И.Глинка атындағы балалар саз мектебінің филиалы болып ашылып, сол жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаевтың демеуімен өз алдына мектеп болып, Кенен Әзірбаев атамыздың есімімен аталды. Алғашында алты мұғалім оқушыларға дәріс берген болса, бүгінде олардың қатары 30-дан асады. Қазіргі таңда мектеп қабырғасында 204 оқушы он бір аспап бойынша (домбыра, фортепиано, баян-аккордеон, гитара, домбыра-прима, скрипка, флейта, қобыз, қыл қобыз, дәстүрлі ән) білім алуда. Мектептің алғашқы директоры Виктор Устинов осы қызметті 1976 жылға дейін атқарды. Ал 1976 жылдан өткен оқу жылына дейін саз мектебіне Олег Николаевич Цой басшылық жасап келді. Өз ісін жетік білетін білікті ұстаз Олег Николаевич өтпелі кезең 1998 жылдары білім ошағын сақтап қалу жолында көп еңбек сіңірді. Сол жылдары облыс бойынша 45 музыка мектептерінен жабылмай қалғаны бесеу. Солардың бірі – біздің саз мектебі. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде О. Цойдың Кеңес үкіметі кезінде Одақты аралап жинаған аспаптары қазір мектеп игілігіне жарап тұр. Кітапханада сирек кездесетін 5000 данадан астам музыка кітаптары кейінгі ұрпаққа үлкен мұра ретінде оқытылып келеді. Өнер – ұлттың жаны. Кез-келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Осы орайда мектебіміздің даңқын алысқа шығарып, абыройын асқақтатып жүрген талантты оқушыларымыз жайында айтпай кетпеске болмас. Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен 2012 жылы Алматы қаласында өткен «Жас музыканттар» байқауында домбыра және қыл қобыз жанры бойынша жоғары деңгейде өнер көрсеткен мектеп оқушылары Бақытжан Зият бірінші, Мейірбек Әзімбаев екінші және Бірғаным Жакиева үшінші орындарды иемденіп, мектеп атын ғана емес, аудан абыройын асқақтатты. Өткен жылы облыстық 47-ші жас музыканттар байқауында хор ұжымы бірінші орынды, фортепиано аспабынан кіші топ бойынша Арыстан Тілеубай, үлкен топ бойынша Әселім Сәрсенбаева екінші орындарды иеленіп, арнайы сыйлықпен марапатталды. Өткен оқу жылының бірінші жартыжылдығында облыста өткен әртүрлі конкурс-фестивальдарда да біздің мектептің 25 оқушысы лауреат атанды. Үстіміздегі жылдың басында Алматы қаласында өткен республикалық «Зимняя сказка в Алматы» атты конкурс-фестивальда фортепиано аспабы бойынша бақ сынаған мектеп оқушысы Диана Мырзаханова бас жүлдемен оралды. Көркемдік талғамы бар, музыканы сүйетін, оны жанымен түсінетін, музыкалық шараларға белсене араласатын білімді, өнерлі адамды дайындаудың алғашқы сатылары мұғалімнен басталады. Қанша бала дарынды болса да, мұғалім өз ісін жетік білмесе, оқушыға білім бере алмасы анық. Бүгінгі таңда Алматы, Астана қалаларындағы музыкалық колледждерде, консерваторияда оқып жатқан оқушыларымыздың саны 30-ды құрайды. Саз мектебінен түлеп ұшып, түрлі биік белестерді бағындырып жүрген осындай түлектерімізбен әрине мақтанбасқа болмайды. Ал мектебімізді тәмамдаған Жақсылық Ажмұханов, Дидар Басықараев, Людмила Кочергина, Аким Шушаков, Рауан Жексенбі сынды түлектеріміз абыройлы қызмет атқарып, өнерлі өрендер тәрбиелеуге өз үлестерін қосып келеді. Міне, осы және өзге де білікті ұстаздардың ұйымдастыруымен «Сольфеджио әлемі», «Саз мектебінің көшбасшысы», «Юный хоровик» сияқты әртүрлі байқаулар тұрақты өткізіліп тұрады. Мұнымен қатар, саз мектебінің оқушылары әр тоқсан сайын орталықтағы мектептерде концерт ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Бұл концерттердің басты мақсаты – жас жеткіншектерге әннің құдіретін таныту, ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық аспаптардың мүмкіншілігін ұлықтау әрі тәрбиеленушілеріміздің өнерін шыңдауға жол ашу. Өнер – халықтың өзегін жарып шыққан уыз мәйегі. Мәдениет арқылы ұлттың бейнесін айқындар болса, қазақ өнері – әлемдік өркениетте өзіндік сүрлеу салып, өрнегін айшықтағаны анық. Сол қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаған, шырайы кетпеген өңір – біздің Байзақ жері. Соның ішінде саз мектебінің де алар орны ерекше. Киелі өңірдің мәртебесін биіктетіп отырған мектебімізде түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұстаздар қауымы болашақта да дарынды балаларды өнерге баулуда аянбай тер төге беретін болады.
Панабек Ахметов, К.Әзірбаев атындағы саз мектебінің директоры.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді