Сұхбат
«Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – ұлттық бірегейлікті қалыптастыру»
- author «Ақ жол»
- 3 мамыр, 2022
- 307
«Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – ұлттық бірегейлікті қалыптастыру»
«Біз бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекетпіз» деген бір-ақ ауыз сөздің астарында түйінді ой жатыр. Келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болсын десек, елдегі жалпыұлттық тұтастықты, бірегейлікті һәм татулықты сақтауға барынша көңіл бөлгеніміз дұрыс. Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, ұлтаралық қақтығыстың соңы жақсылыққа апармайтынын білуге болады. Ел ішіндегі соғыс халықтың әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына кері әсер етеді. Демек, біз елдегі барлық ұлттың қоғамда және Заң алдында құзыры тең болуына кепіл болуымыз қажет. Осы орайда біз 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өңірдегі «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Парида Мамедовамен сұхбаттасып, елдің тұтастығы мен бірегейлігін сақтау бағытында қолға алынған жұмыстардың бағытымен таныстық. – Парида Иманжанқызы, өзіңіз білетіндей кейінгі жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына сын көзбен қарап жүргендер көп. Мұның себебі неде деп ойлайсыз, әлде, ассамблея шынында өзінің құзыреттілігін толық пайдалана алмай отыр ма? – Облыста 87 ұлттың өкілдері тұрады. 75 бірлестік болса, оның 39-ы аккредитациядан өткен. 26-сы облыстық деңгейде жұмыс істейді. Ең ірі этностар қазақ, орыс, өзбек, түрік, дүнген, күрт бірлестіктері. Оларға ақы төленбейді. Соған қарамастан бізде Ассамблеяның жұмысына терең үңілмей жатып, сынаушылар көп. «Қоғамдық келісім» мекемесінің мақсаты бірнеше ұлттың басын қосып, ән айтып, би билеу емес. Біз жыл сайын этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен кеңесіп, қайырымдылық жасауды дағдыға айналдырдық. Мысалы, жыл басынан бері 55 миллион теңгеге мұқтаж жандарға азық-түлік таратып, тұрмыстық ахуалы өте төмен бір қазақ отбасына баспана алып бердік. Енді осыған қайырымдылықты жасырын жасайтындарды қосыңыз. Өңірдегі этномәдени бірлестіктің өкілдері тұрғындарды ұлтына бөлмей, қолдан келгенше көмектесуде. Мәселен, түрік, өзбек, дүнген, күрт, грек, шешен, қырғыз, тәжік, қарашай-балқар бірлестіктері қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырып үлгерді. Карантин кезінде дүнген этномәдени бірлестігі үш жүк көлігімен облыстағы стационарларға тын ыс а лу ап п аратын жіберді. Дәрігерлерге ыстық тамақ тараттық. Арыстағы, Қордайдағы, Байзақтағы оқиғаларда да қайырымды жандар қолдан келгенше көмектесті. Арыстағы қойма жарылғанда түрік этномәдени бірлестігі азық-түлік тиелген екі жүк көлігін жөнелтті. Мақтаралды су алғанда бірінші болып біздің облыстағы этномәдени бірлестіктер қолдау көрсетті. Кейін, Байзақтағы жарылыста оңтүстіктегі этномәдени бірлестіктер бізге бірінші болып көмек көрсетті. Оларға мыңда бір алғыс айтамыз. Қарап отырсақ, мұның барлығы этносқа, дінге бөлінбей бір Тудың астында тату өмір сүріп жатқанымыздың айғағы. Мұның барлығы біз атқарып отырған негізгі жұмыстардың бір бөлігі ғана. – «Қордай оқиғасы», берідегі «Қаңтар қырғыны» тарихта қалады. Есте болса, сол тұста әлеуметтік желі белсенділері ассамблеяны ашық сынап жатты. Елдегі жағдайдан кейін жұмыс бағытына елеулі өзгерістер енгіздіңіздер ме? – Ассамблея бірер жылдың бедерінде жаңарып, қоғамға бейімделді деп айтуға толық негіз бар. Мысалы, «Алғыс айту» күнінде өзге ұлттың өкілдері қазақ халқына алғыс айтса, үш жылдан бері барша қазақстандықтар біріне бірі алғыс айтады. Бұл формат бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша халыққа бірдей сый-құрмет көрсету керек деген ұстанымға саяды. Біз ел бірлігін нығайтамыз десек, ұлтқа бөлінбей ұйысуымыз қажет. «Атаң басқа, аттан түс» дегеннен арылғанымыз жөн. Қоғамдық орындарда халықты түрлі этностарға бөлмей, керісінше, бір болуға шақыруымыз керек. Әрине, әр ұлт өзінің мәдениетін, ата-дәстүрін, тілін насихаттап, елімізде рұқсат берілген дінді ұстана береді. Бірақ барлық ұлттың басын қосып отырған қазақ халқы екенін де қаперден шығармаған дұрыс. Бұл ретте қазақ халқына да үлкен жауапкершілік жүгі артылып отыр. – Ұлттық құндылықт ар жайында әңгіме бастасақ, тіл мәселесін де естен шығармағанымыз дұрыс шығар. Сіздіңше, мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай деңгейде болуы керек? Қазақ тілі өз статусын шын мәнісінде сақтап тұр ма? Қазақ бауырлар әлеуметтік желіде, күнделікті өмірде «бәрі қазақша болуы керек» деп өзге ұлттарға өктем сөйлеп, басынбаса дейсің. Әлемдегі барлық халықтардың өмір салтының өзіндік моделі қалыптасқан. Европа елдерінде, мәселен, АҚШ-та барлық ұлт бір қазандықта біте қайнасып өмір сүреді. Олардан ұлтын сұрасаңыз, «американдықпын» дейді, бітті. Яғни, ұлтын білетіндер некен-саяқ. Олардың азаматтық біртектілігі зор. Қиыны, американдықтар өз дәстүрінен, тілінен, дінінен ажыраған. Францияда да осындай мультикультурализм моделі қалыптасқан. Яғни әр ұлт өз тілінде хабар алмаса береді. Барлығының құқығы тең болғанымен, біріктіретін ұлт жоқ. Ол аз десеңіз, Европадағы кейбір елдерде жергілікті халықтан қоныс аударып келгендердің саны асып түседі. Бізге мұндай өмір сүру салты қажет емес. Мысалы, біз жалпыұлттық бірегейлікті және қоғамдық келісімді нығайту моделін қалыптастырудамыз. Батыстың азаматтық еркіндігін қолдағанымызбен, басқасын ысырып тастаймыз. Бізге өз салт-дәстүрімізді, ата-тегімізді ұмытпау қажет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Әр этнос өз ұлттық кодын сақтау керек» деген бағыт бар. Мұның өзі біздің өмір салтымызды айғақтап тұр. Елімізде 74 пайыз қазақ мекен етеді. Басқа ұлттардың үлесі 30 пайызға жетер-жетпес. Қазақ тілін білу – елде мекен ететін барша ұлттың міндеті. Бірақ, мұны біз агрессивті түрде емес, сыпайы түсіндіргеніміз жөн. Енді 2025 жылға дейін қазақ тілінде сөйлейтін қазақстандықтардың үлесін 95 пайызға жеткіземіз деп мақсат қойып отырмыз. – Мысалы, сізге қазақ тілін меңгеру қиын болмады ма? – бала кезде достармен ойын қуып жүріп, оңай меңгеріп алдым. Ашығын айтсам, бізге мектепте қазақ тілінің мұғалімдері дұрыс білім бере алмады. Содан 1990 жылдары Қазақ ұлттық университетінде оқуға түскенде ана тілінде сөйлей алмайтын қазақтардың көп екенін біліп, таңғалдым. Жоғары оқу орнында менің таңдаған мамандығым бойынша қазақ бөлімі болмаған соң, орысша оқыдық. Сонда менің тобымда оңтүстіктен бір қыз және Батыс Қазақстаннан келген татар қыз ғана қазақша білетін. Әлі есімде, біздің ұлтымыз қазақ болмаса да қазақтарға қазақша сөйлеуді үйреттік. Бұған, әрине, өзімізді кінәлауға болмас. Заман сондай болды. Кеңес үкіметінің салқыны әлі кете қоймаған кез еді ғой. Мен қазірдің өзінде таныстарыма «сен қазақша сөйлеуің керек» деп қатты айтпаймын. Әркімнің өз еркі. Бала күнімізде сыртқа ойнауға шықсақ, ата-анамыз «қазақша білмесең аш қаласың» деп айтатын. Бұл сөз бізді үрейлендіретін. Себебі менің ата-анам ұйғыр ұлтынан. Қытайда туып, аштық жылдарында Қазақстанға өткен. Көпті көрген кісілер өмір сүру үшін сол елдің тілін меңгеруің керек деп үнемі ескертіп отыратын. Сол санамда қалып қойыпты. Бірақ мен ұйғыр тілін де ұмытқан жоқпын. Дәл қазір мемлекеттік құжаттардың барлығы қазақ тілінде болған соң, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді білуі керек деп ойлаймын. Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – ұлттық бірегейлікті қалыптастыру. Бұл дегеніміз, қазақ бәрін біріктіреді дегенге келеді. Басқа ұлттарды мемлекеттік тілді меңгеруге шақыру керек. – Егер қолыңызда билік болса, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге қандай идея ұсынар едіңіз? – Сауда нүктелерінен бастап, басқа да қоғамдық орындарда өзге ұлттың қазақша сөйлеуін талап ету мәдениеттілікке жатпайды деп ойлаймын. Оданша кез келген дүкенге қазақша сөйлемдерді тізіп жазып қойса, қандай керемет болар еді. Әсіресе тұтынушылар тақтадағы «тауардың бағасы қанша? Сапасы қандай?» деген сөйлемдерді жаттау арқылы қазақ тілін тез үйреніп алар еді. Меніңше, қазір қазақша білмейтін сатушылар қалмады-ау деймін. Басқа басқа, қазақ тілін сатушылар міндетті түрде білу қажет. Олар «орыс тілінде сөйле» деп талап қоя алмайды. Тұтынушылар орыс тілінде сөйлесе де осы қағиданы ескерген дұрыс. Психологияда 40 жастан асқан адамға өзге тілді үйрену қиын екені айтылады. Бірақ қабілеті, ниеті бар адам тілді тез үйренеді. Ал қабілеті болмаса, мемлекеттен кет деп талап қоямыз ба? Жоқ, бәлкім ол да тіл білмегенімен, елдің дамуына өз үлесін қосуы мүмкін ғой.
Қазір Ресей мен Украинада ұлтаралық араздық шиеленіскенін төрткүл дүние біліп отыр. Біз осындай қайшылықтарға жол бермеуіміз қажет. Құндылық тілде емес, тіл тек байланыс құралы. Сондықтан ешкімді алаламай өмір сүру салтына бейімделгеніміз дұрыс. Ұлт жанашырлары кейде тіл мәселесіне келгенде делебесі қозып, ұрандатып жатады. Біз кейде сол белсенділердің қазақ тілінен басқа ұлттың тілін білмейтініне көз жеткізгенде, қайран қаламыз. Көп тіл білетін адам ешқашан өзгеге қазақ тілінде сөйле деп талап қоймайды. Бұл бір жағынан халықтың мәдениетіне, тәрбиесіне, біліміне байланысты. Білімді адам тілді меңгеруге шақырады, білімсіз адам тілді үйренуге міндеттейді. Төзімділік пен толеранттылық хакім Абай айтқандай «толық адамның» бойында кездесетін қасиет. Біз адамдарды ұлтына қарамай бауырымызға баса берсек, шетелден бізге қоныстануға ниетті халықтардың саны артады. Тиісінше, олар да жергілікті халықпен емен-жарқын араласып, елдің дамуына шама-шарқы жеткенше үлес қосар еді. Мен кейінгі жастардың арасында мұндай қайшылықтар болмайды деп ойлаймын. Мысалы, Тараз қаласындағы №40, №3, №24 мекетептерде басқа ұлттың балалары бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі.
Біле білсеңіздер, Таразда өзбек мектебі бар. АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Филодельфия қаласында және басқа да бірер қалада қазақ мектептері бар. Түркия мен Өзбекстанда да қазақ балаларының ана тілінде білім алуына жағдай жасалған. Түркітілдес халықтардың қазақ ұлтына деген құрметі ерекше. Біз осы абыройымызды бағалап, өзге ұлттарға барынша сый-құрмет көрсетуден танбайық дегім келеді. - Жамбыл өңірінде 87 ұлт өкілдері тұрады дедіңіз. Олардың әлеуметтік жағдайын үнемі бақылап отырасыздар ма? - Мен «Қоғамдық келісім» мекемесінде басшылық еткеніме жылға жуықтапты. Осы аралықта шиеленісті жағдайларға жол бермеу үшін аймақтағы аудандарды аралап, ондағы барлық ұлттың мәселесін басшылыққа алып, билік басындағыларға жеткізуден қол үзбедік. Этностар шоғырланып тұратын ауылдарға, соның ішінде шекараға жақын аумақтарға барып кездесу өткізіп жүрміз. Қазір Қордайдағы Масаншы ауылында 98 пайыз дүнгендер тұрады. Сортөбеде 93 пайыз дүнген халқы бар. Сол ауданға «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында бір жылда 10 рет барып, әлеуметтік мәселелерін білдік. Жуырда Меркі, Қордай аудандарына тағы барып келдім. Біз ай сайын «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында әзірленген этнокартаға сәйкес кездесулер өткіземіз. Картаға өзге ұлт өкілдері шоғырланып тұратын 32 елді мекен енгізілген. Байқағанымыз, этносаралық шиеленістердің бір жағында үнемі қазақтар тұрады екен. Мысалы, орыс пен өзбек қырғи-қабақ болды деген мәселе туындамайды. Бізде этносаралық қақтығыстар жоқ. Негізі этносаралық даудың бір жағында жылдар, тіпті ғасырлар бойы келе жатқан өшпенділік тұрады. Мысалы, Карабах, Палестина елдерін білеміз. Енді олардың дауы мыңжылдық текетіреске ұласты. Яғни, Қордайдағы ахуал да әлеуметтік жанжал. Онда қайшылықтар шекара, сыбайлас жемқорлық мәселесімен қатар, рәміздерге, тіл мәселесіне қатысты өрбіді. Қазір ассамблеяның қажеті жоқ, ақша далаға кетіп жатыр деп байбалам салатындарға таңым бар. Сонда біздің ақысыз істеген жұмыстарымыз, қайырымдылық акциялары қайда қалды? - Этносаралық жанжалдар неден туындайды осы? - Ғаламтордың пайдасы көп, бірақ, жалпыұлттық идеяны жүзеге асыруға келгенде зиянды тұсы да бар екенін ұмытпау қажет. БАҚ құралдары да кейде жақсы материал беремін деп, дауды ушықтырып жіберуі мүмкін. Блогерлер де кейбір мәселелерді аттанға ұран қосып көрсетіп, оқырман жинайды. Сол секілді үйден шықпай әр нәрсеге бір шүйлігіп отыратындар бар. «Қазақстан азаматымын, не айтсам да өзім білемін» деп ойына келгенін айтатындар көбейді. Оларды тежей алмаймыз. Осылайша өз құқығы мен біржақты қасаң позицияны жақтағыштар шоғыры көбейіп шыға келеді. Үйде жатып, желіде болмашы нәрсеге араздасып, төбелеске шақыратындарды көріп жүрміз. Сол арада бәзбіреу «қазақтың намысы жоқ па?» десе болды, жеткілікті. Әр өңірдегі іші пысқандар құр отырғанша барайық деп шығады. Ассамблея сондықтан жыл сайын журналистер мен блогерлерге семинар өткізеді. Сонда біз желідегі жазбаларды, пікірлерді оқып зерделесек, кейбір жазғыштардың психологиялық жағынан ауытқуы бар екені байқалады.
Бұрын біз көпшілік іс-шараларды фестиваль ретінде өткізсек, енді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін еркін форматта ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Әрине, атаулы мереке болған соң, концерттік бағдарлама мен көрме ұйымдастырамыз. Толықтай сөздің түбірін айтар болсақ, біз халықтың сұраныстары мен ұсыныстарын шетте қалдырмаймыз. Лайым, елде ұлтаралық қақтығыс болмасын дейміз.
Сәндібек ПІРЕНОВ
-Әңгімеңізге рақмет!
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді