Ауыл кәсіпкерлігінің ауқымы үлкен

Ауыл кәсіпкерлігінің ауқымы үлкен
ашық дереккөз
Ауыл кәсіпкерлігінің ауқымы үлкен

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру

25Сейдахмет СЕЙТБЕКОВ, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары. Әлемдік дағдарыс келеңсіздіктерінің еліміздің экономикасына тигізер әсерін азайту мақсатында Елбасының халықты еңбекпен қамту жөніндегі тапсырмасына орай 2011 жылдың екінші жартысынан бастап «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Мұндағы басты мақсат – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың бақуаттылығын арттыру. Бұл тұрғыда біздің облысымызда да бірқатар тірліктер тындырылды. Жасыратыны жоқ, әлемдік дамудың тұрақсыздығы және әлеуметтік жаңғырту жағдайларында серпінді өзгеріп отыратын ішкі болмыстар еңбек нарығын реттеуге және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде алдымызға жаңа талаптар қойып отыр. Аталмыш бағдарлама осы талаптар үдесінен шығарлықтай әлеуетке де ие. Бүгінгі таңда   үш бағытты қамти отырып жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның екінші бағыты,  негізінен,  шағын кәсіпкерлікті өркендетуге кең жол ашып отыр. Бұл бағыт шағын несиелендіру жолымен өз істерін ашу немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды, халықтың әл-ауқатын арттыруды, бизнестік құрылымдардың инфрақұрылымдарын дамыту мен жақсартуды және кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытуды көздейді. Мұнда негізгі басымдық ауылдық жерлерде жеке өз ісін ұйымдастыруға ниет білдірушілер үлесіне тиіп отыр. Несие мақсатты түрде өз ісін ашу немесе ұлғайту, айналымдағы қаражат қорын толықтыру үшін беріледі. Осы бағыт аясында бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың жол шығынына екі, ал жатын орны үшін он айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек ұсына отырып, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту және бизнес-жоспарды әзірлеуге жәрдемдесу, шағын несиелер беру, бір жылға дейінгі мерзімге жобаларды сүйемелдеу жөніндегі сервистік қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) көрсету, жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту немесе салу және бағдарламаға қатысушылар іске асырып жатқан жобалар (оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту) үшін жабдықтар сатып алу секілді түрлері көрсетіледі. Яғни, қажеттілігіне қарай несие алушы  ашқан кәсіпкерлік нысан орнының негізгі жол торабына, кәріз, жылу, су, электр, телефон жүйелеріне қосылуға дейінгі инфрақұрылымы да қоса қаржыландырылады және оған қажетті шығын жоба құнына қарамастан, 3 миллион теңгеге дейін көтеріліп отыр. Шағын несиелер кепілдік қойылған соң қайтарымды негізде 5 жылға дейінгі мерзімге 3 миллион теңгеге дейін төмен пайыздық жылдық өсіммен беріледі. 2011-2012 жылдары бұл көрсеткіш 7 пайызды құраса, 2013 жылдан бастап Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры өңірлік уәкілетті ұйым болып белгіленуіне байланысты бір пайызға төмендеп отыр. Соңғы қарыз алушыға кредит бойынша негiзгi борышын өтеуіне шағын несие беру мерзімі ұзақтығының үштен бiрiнен аспайтын мерзiмге жеңiлдiктi кезең ұсынылады. Қарыздарын мерзімінен бұрын өтегендердің жеке кәсіпкерлігін кеңейту үшін қаржы алуға қайта өтініш беруге және 5 миллион теңгеге дейін шағын несие алуға құқығы бар. Ескерте кететін бір жағдай, шағын несие тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға, сондай-ақ, сауда саласындағы қызметті жүзеге асыруға берiлмейдi. Бағдарламаға қатысу және мемлекеттік қолдау алу үшін үміткерлер тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді. Онда оларға шағын несие алудың ықтимал нұсқалары түсіндіріліп, материалдық көмек, сервистік қызмет ұсыну мен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы ақыл-кеңестер беріледі. Бағдарламаға қатысуға үміткерлер жұмыспен қамту орталықтарына осы белгіленген нысан бойынша өтінішке мына төмендегідей құжаттарды қоса береді: жеке басты куәландыратын құжаттың көшiрмелері; тұрақты тұрғылықты жері бойынша тiркелгенiн растайтын құжаттың көшiрмелерi (мекенжай анықтамасы, ауыл әкiмінiң анықтамасы); осы белгіленген нысан бойынша жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейту бойынша бизнес-ұсыныс; жоба үшін жетiспейтiн инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуға немесе салуға және бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға жабдықты сатып алуға бекітілген нысан бойынша өтінім (қажет болған жағдайда). Екінші бағытқа қатысудың басым құқығы әйелдерге, еңбек қызметімен айналысу үшін денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектерге, зейнеткерлік жасына жеткенге дейін елу жастан асқан адамдарға, ауыл тұрғындары қатарынан жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастағы жастарға берілетіні  есте болғаны жөн. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша биыл 920 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, осы мақсатқа 31,1 миллион теңге қаражат жұмсалды. Шағын несие беруге қаралған жалпы қаражат 1500,7 миллион теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың 1 қазанына 631 адамның 1400,0 миллион теңге сомасындағы құжаттары мақұлданып, соның ішінде 601 адамға 1346,4 миллион теңгенің несиесі берілді. Шағын несие алушылар өз істерін ашып, өз-өздерін жұмыспен қамтып қана қоймай, қосымша 388 жұмыс орнын да ашып отыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында 123,0 миллион теңге қаражат игеріліп, 40 нысанда жұмыстар толығымен аяқталды. Мұндай іс әлі де жалғасуда, жыл аяғына дейін тағы 60 нысан еңсесін көтеріп, аяғынан тұрады деп күтілуде. Алғашқы жылдары шағын несие алушылар негізінен мал шаруашылығымен ғана айналысуға несие алатын болса, қазіргі кезде әрбір ауданда кәсіпкерлікті дамыту карталары бекітіліп, соған сәйкес аталмыш бағдарлама аясында несие алып, өз ісін ашушылардың кәсіп түрлері де әртүрлі саланы қамтуда. Соның ішінде негізгілері: мал шаруашылығы, егін өсіру, құс шаруашылығы, бал арасын өсіру, азық-түлік өнімдерінің түрлерін өндіру, тігін өндірісі, жиһаз жасау, шаштараз қызметі, компьютер жөндеу, суретхана, түрлі сусын өндіру, көліктерге техникалық қызмет көрсету, наубайхана, монша қызметі және тағы басқалары. Яғни, несие алушылардың нарық қажеттілігіне сәйкес жаңа кәсіп түрлерін меңгеруі жылдан-жылға өсу үстінде. Қорыта айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы- 2020» бағдарламасының екінші бағытын іске асыру нәтижесінде кәсіпкерлікті дамытуға кең өріс ашылып, ауыл халқының әлеуметтік қорғауға мұқтаж бөлігінің ахуалы біршама жақсы деңгейге көтеріліп қалды деуге толық негіз бар.

Ұқсас жаңалықтар