Аймақта әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына 40 миллион АҚШ долларын салады Өткен жылы біздің өңірде «ЕвроХим» агрохимиялық компаниясы Қаратау бассейнінің бірқатар фосфорит кен орындарын игеру қызметіне белсене кірісіп кетті. Сонымен қатар, «ЕвроХим» Жаңатас қаласында өндірілген кенді өңдейтін химиялық кешен тұрғызуды жоспарлап отыр. Осынау ауқымды жоспарды жүзеге асыруға байланысты қойған сұрақтарға «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС бас директоры Дмитрий Владимирович Валышев жауап берді.Анықтама
«ЕвроХим» – 2001 жылы негізі қаланған агрохимия- лық компания. Қазақстанда 2008 жылдан жұмыс істеп жатыр. «ЕвроХим» минералдық тыңайтқыштардың әлемдік көлемінің 2 пайызын, Европада сатылатынының 4 пайызын өндіреді. Компания меншігінде шикізат және көмірсутегі кен орындары, өндірістік және қойма қуаттылықтары, өңдеуші кәсіпорындар, темір жол жылжымалы құрамының паркі, жүк автокөліктері, құрылымдар, кемелер бар.– Дмитрий Владимирович, «ЕвроХим» – әлемде ірі тыңайтқыш өндіруші кәсіпорындардың бірі. Оның бізде, Қазақстанда фосфат өндіру мен өңдеуге инвестиция құюының себебі неде? – Фосфат – ауылшаруашылығына тиімді және бәсекеге қабілетті тыңайтқыш өндіруге қажетті аса маңызды шикізат. Біздің компания үшін Қазақстан – фосфат өндірісін дамыту үшін келешегі зор орын. Бір жағынан ел табиғи ресурстарға бай, екіншіден, тыңайтқышты көп мөлшерде тұтынатын ауылшаруашылығы бар. Ең маңыздысы Қазақстан Үкіметі ауылшаруашылығы өндірісі тиімділігін арттыруға ерекше назар аударады. Бұл біздің өнімімізге халықаралық нарықта ғана емес, Қазақстанда да сұраныс тұрақты болады деген сөз. Қазақстан Республикасы фосфорит кені қоры жағынан әлемде төртінші орында. Естеріңізде болар, Кеңес одағы кезінде Қаратау мен Жаңатас фосфор өнеркәсібінің маңызды орталығы болған. Мұнда жылына 11 миллион тонна фосфат өндіріліп, Одақты фосфор шикізатымен қамтамасыз етті. КСРО құлағаннан кейін қалыптасқан өндірістік байланыстар үзіліп, өткеру рыногы бұзылды. Зауыттар тоқтап, қалалар құлдырауға ұшырады. Өндірістің азаюымен қатар жоғары сапалы фосфат кендерінің көзі түгесілді. Кен қабаттарынан сапалы фосфат өндіру күрделене түсті. Ол үшін озық технология қажеттілігі туындаған. Ондай технология әлемдік ірі өндірушілерде ғана болды. Солардың қатарында «ЕвроХим» да бар. Сондықтан инвестор ретінде біздің компания мен игерілмеген мол қоры бар Қазақстан мүдделері сәйкес. – Сонда өндірісті ұйымдастыруға жоспарланып отырған технологияның ерекшелігі неде? – Жоғарыда айтқанымдай, «ЕвроХимға» жұмыс істеуге қойылған шарттар анау-мынаудың қолынан келе бермейді. Технологиялық жағынан алғанда жоба өте күрделі: бұл жердегі кенді әдеттегі әдістермен өңдеу оңай емес. Біз Ресейде және басқа кәсіпорындарда күкіртқышқылды ыдырату әдісін қолданатынбыз. Сарысу ауданы аумағындағы кен құрамында магний мен басқа да қоспалардың жоғарылығы ол әдісті қолдануға мүмкіндік бермейді. Басқа технология керектігін түсіндік. Әлемдік тәжірибе талдауы, зертханалық сынақтар, әртүрлі нәтижелерді салыстыру, сараптамалық мақұлдама алу үшін күшейтілген зерттеу жүргізуге бір жарым жылдан астам уақыт кетті. Біз жобалау институттарымен, АҚШ, Қытай, Еуропа, Израиль және басқа елдерде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындармен әртүрлі нұсқалар жасадық. Ақырында ең үйлесімді әрі түбірімен өзгертілген технология таптық. Фосфоритті тұз қышқылымен ажырату әдісін қолдануды шештік. Бұл кеннен магнийді ғана емес, басқа да қажетсіз қоспаларды алып тастап, жоғары концентратты өнім алуға мүмкіндік туғызады. Егер кен өңдеу циклін бірнеше сатыға бөлсек, қалдықсыз 90 пайызға дейін пайдалы өнім алуға да болады. Бірақ, ондай өндіріс үшін тұз қышқылы көп керек. Аралас технология рыногын да зерделеп, тұз қышқылы қосымша өнім, тіпті қалдық болып саналатын өндірісті де таптық. Осылайша өндіріс үшін қажетті күкіртті оңай тауып, мәселе өз-өзінен шешілді. Қазақстанда жоғарыкүкіртті мұнай мен газды өңдеуде күкірт қалдық есебінде шығады. Сондықтан ол жеткілікті. Күкірт қоспасы – мұнай-газ кәсіпорындарында зиянды қалдық. Ал «ЕвроХим» сол қалдықты пайдаға асырады. Күкірт өңдеуде көп мөлшерде электр қуаты және бу бөлінеді. Демек, болашақ зауыт қуат көзіне зәру болмайды. Шамалы газ керек. Бұл – шешілетін мәселе. Алдын ала есептеулер бойынша химиялық кешен өндірілген электр қуатының артылғанын қалаға бере алады. Осы себептермен зауыт жобасын бірегей деп айтуға негіз бар. Осындай технологиялар жиынтығы шоғырланған өндіріс бүгінде әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Нәтижесінде барлық технологиялық процесс газды аз тұтыну арқылы жүзеге асатын, шикізат рыногы тұрақты, қалдығы аз зауыт құрылымын жасадық. – Химия өндірісін іске қосуға байланысты қандай тәуекелдер мен қауіп-қатерлер бар? Кәсіпорын табиғатты ластамау үшін қалдықты қалай пайдаланбақ? – Адамдар мен табиғат қауіпсіздігі біз үшін маңызды. Сондықтан өндіріс тәуекелін барынша болдырмау үшін бірқатар іс-шаралар қабылдадық. Химиялық кешен орналасатын орын Жаңатас қаласынан 22 шақырым жерде және қаламен ортаны тау бөліп жатыр. Қазір «ЕвроХим» онда кеніштен жол және электр желісін тартуда. Сондықтан адамдар мен жақын елді мекендерге ешқандай қауіп-қатер жоқ. Тағы бір мәселе – су және зауыттың оны тұтынуы. Бұл – өте маңызды. Аймақ суға онша бай емес, сондықтан оған ұқыпты болу керек. Әу баста зауыт суды барынша аз тұтынуға есептеліп жобаланған. Ендеше оның жұмысы су ресурстарының азаюына еш әсер етпейді. «ЕвроХимға» екі ұңғы бөлінген, бұл қажеттілікке толық жетіп жатыр. Кәсіпорында суды барынша тазалау технологиясы қолданылып, ол өндіріске қайта айналымға жіберіледі. Су тұйықталу, яғни айналма циклімен пайдаланылады, шығын буланудан ғана. Бұл технология Еуропа мен Американың алдыңғы қатарлы кәсіпорындарында пайдаланылып жүр. Ол қоршаған ортаға ғана емес, өзімізге де тиімді. Қалдықты топтаудың екі белгісі бар: қауіптілік және мөлшер кластары. Біздің өндірістің қауіптілік класы – бесінші, яғни болуы мүмкін қауіптіліктің ең төменгі деңгейі. Мөлшеріне келсек, онша көп деп айтуға келмейді. Жылына 5-20 тонна аралығында. Сирек жағдайда 100 тонна. Ең маңыздысы қалдық табиғи жолмен жойылады: ол экологияға зияны жоқ кәдімгі күлге айналып кетеді. – Біздің оқырмандарды қызықтыратын бір маңызды мәселе бар. Осынау ауқымды жобаны жүзеге асыруға жергілікті кадрлар тартылар ма екен? – Мұндай мүмкіндік болған жағдайда «ЕвроХим» жаңа қызметкерлерді жергілікті мамандардан жасақтауға тырысады. Лайықты жалақысы бар жұмыс орнын ашу және қызметкерлерді жаңа мамандықтарға оқыту – компанияның әлеуметтік жауапкершілігі. Біз бұл міндетті түсінеміз. Біздікі секілді жоғары технологиялық өндірісте жұмыс істеу байыпты дайындық деңгейін, сондай-ақ үнемі үйрену қабілетін, жаңа дағдыларды қалыптастыруды, заманауи құрал-жабдықтар мен техниканы игеруді талап етеді. Мысалы, жақында Жаңатастағы «ЕвроХимТыңайтқыш» тау-кен кәсіпорнында техниканың карьердегі қозғалысы туралы онлайн режимінде мәлімет беріп отыратын, барлық ауырлықты, жанармай шығынын, диспетчерлеуді жүзеге асыруды бақылайтын «Ақылды карьер» жүйесі өндіріске енгізілмек. Бұл кен өндірісін жабдықтаудың тек алдыңғы қатарлы компаниялар қолданатын негізгі жаңа деңгейі. Сондықтан «ЕвроХим» кәсіпорынды жергілікті кадрлармен барынша қамтамасыз ету үшін өндіріске аса қажетті мамандықтарға оқыту және қайта даярлау мәселесінде «Жаңатас қаласының №5 колледжі» ҚКҚК-мен (қалалық коммуналдық қазыналық кәсіпорны) тығыз байланыста болады. Сондай-ақ, аймақта экономикалық жағдайдың жақсаруы арқасында бұрын жұмыс жоқтығы салдарынан көшіп кеткен қала тұрғындарының қайта орала бастағанына біз де қуаныштымыз. Олардың көпшілігі – жақсы мамандар. Біз оларды қатарымызға қабылдауға мүдделіміз. – «ЕвроХим» ком-паниясының аймақта әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету жос-парлары өзгерген жоқ па? – Ешқандай да өзгерген жоқ. Біздің мемлекетпен келісілген жұмыс шарттарымыз бойынша «ЕвроХим» 25 жыл ішінде аймақта әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына 40 миллион доллар салатын болады. Компания 2013-2014 жылдары тұрғын үйлерді, балабақшалар мен мектептерді, балалар лагеріне баратын жолды жөндеуге 10 миллион доллар бөліп те үлгерді. Компания қаржысына 240 пәтерлік екі көпқабатты үй қалпына келтіріліп, оларға жылу және су жүйелері тартылды, аулалары абаттандырылды. «ЕвроХим» 2014 жылдың аяғына дейін облыс бюджетіне тағы да 5 миллион АҚШ долларын бөлгелі отыр. Жаңатас қаласында табиғи газ жоқ. «ЕвроХим» бастамасымен республика Үкіметі газ құрылысын жүргізуге қаулы қабылдап та қойды. Жобалау 2015 жылы басталады. Құрылыс мерзімі – үш жыл. Сондай-ақ, біз Жаңатастан Түркістанға темір жол желісін тартуға ұсыныс жасадық. Адамдар азық-түлік, басқа да тұтыну тауарларын алуға кедергісіз барып қайтуы үшін Шымкент пен арадағы автожолды жөндеу де жоспарда бар.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».
Талас және Сарысу аудандары.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді