«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отан деген үлкен ұғым

Отан деген үлкен ұғым
ашық дереккөз
Отан деген үлкен ұғым

20Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың филология және журналистика кафедрасының профессоры.

ЕЛБАСЫ ЕЛДІКТІҢ ЕРТЕҢІН ДӘЙЕКТЕП БЕРДІ Тамыз айының соңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ұлытау төрінен «Хабар» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген сауалдарға жауап берілді. Ел экономикасының жайы, даму барысы айтыла келіп, қазақ халқының дәстүр-салты, тарихы, діні, тілі, өзге көршілес елдермен экономикалық байланысы, болашағы, жастарға деген үміт-сенімі кеңінен баяндалды. Жалпы ел экономикасы қуаттанар-ау, халықтың жайы бүгінгіден де әлдеқайда жақсара түсер-ау деп халық болашаққа нық сеніммен қарағанмен, жаһандану дәуірінде өз елдігімізді, ата дәстүр-салтымызды, ұлттық мәдениетімізді, ғажайып тілімізді, тұтастай алғанда, ешкімге ұқсамайтын қазақтығымызды сақтап қала аламыз ба деп әрбір ұлтжанды азаматтың толғанатыны рас. Елбасының сөзінде көпшіліктің көкейінде жүрген осы жайларға жан-жақты жауап берілді. «Мысалы, Отан деген үлкен ұғым, – дейді Президент. – Отанды қорғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауырларыңды, балаларыңды, немерелеріңді ойлайсың. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың. Сондықтан тарихыңды білген жөн. Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды таныту үшін көп нәрсе жасап жатырмыз». Ел тәуелсіздігін алғалы бері бұл бағытта бұрын-соңды болмаған көптеген жұмыстардың атқарылып жатқанын жақсы білеміз. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы қаншама іс тындырылды. Әрине, мұнымен руханиятымыз бен тарихымыздың барлық мәселесі шешіліп қалған жоқ. Тарихшылардың, жалпы қоғамдық ғылымдар ғалымдары алдында толағай міндеттердің тұрғаны сөзсіз. Астанамызда Түркі академиясының ашылуының өзі үлкен мәртебе. Бұл арқылы біз түбі тектес, тереңге тамыр тартқан мәдениетімізді, тарихымызды түгелдеп қана қоймаймыз, жаһандану дәуірінің иіріміне төтеп беру үшін ағайын түркі халқы болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып тұтастануымызға жұмыс жасалады. Мағжан жырлап, арман еткен Ер түріктің рухы оянып, ата дәстүр-салтымызды, ғажайып тілімізді, елдігімізді сақтап қалуға, сөйтіп әлем халықтары арасынан ойып тұрып өз орнымызды алуға мүмкіндік ашылады деп білеміз. Елбасы өз толғанысында көпшіліктің көкейінде жүрген дін мәселесі туралы да орнықты айтты. «Біздің дініміз – өзіміздің дініміз. Бірақ басқаны да үйренуіміз, білуіміз, сыйлауымыз, құрметтеуіміз қажет. Сонда мұсылманның діні де құрметтелетін болады. Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Айтылып отырған мәселе – қазіргі қоғамдағы барынша өзекті мәселе екені даусыз. Қайбір адамдардың, оның ішінде жастардың діни білімі мен мәдениетінің төмендігінен діндарлықтан дүмшелікке, дінбұзарлыққа оп-оңай айналып жатқаны шындық. Оны айтпау, бұл теріс үдеріспен күресіп, алдын алмау – ауруын жасырған өледінің кебі болар еді. Сондықтан да Елбасы елдік жайы, ондағы діннің алатын орны туралы толғанғанда, бұл мәселені ашық та өткір қояды. Діннің халықтың рухани толысуына, тұтастығына қызмет етуі қажеттігін мемлекеттің орнықтылығымен, байсалды саясатымен, бірлігімен байланыстырады. «...Дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек. Құранның қасиетті үкімдерін орындау үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн. Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді. Міне, осындай исламды құрметтеуіміз керек», – дейді Елбасы. Ендеше, осы талаптан көрінетін, ғасырлар бойы қалыптасқан елдік ата дәстүр-салтымызды жандандыратын, бірін-бірі толықтыратын мұсылмандық дініміз, Елбасы айтқандай, «біздің дініміз – өзіміздің дініміз». Имандылық адамдық қасиеттерімізбен тығыз ұштасып жатуы қажет. Жоғарыда Елбасы айтқан кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашып, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы жетімсіретпей, ұрпаққа жақсы тәрбие беру, елді қорғау, ынтымақты болу – бұл ата-баба дәстүрінен жалғасып келе жатқан құндылықтарымыз болса, дініміз де осы құндылықтарды бойымызға бекіте түсетін имандылық бастауы. Біздіңше, Елбасы осы бірлікті, үйлесімділікті айтып отыр. Өкінішке қарай, қазір діни экстремизм деген пәле ұғым санамызға сыналап еніп, күтпеген тұстан көріністерін байқап қалып жатамыз. Бұл тыныштығымызға, береке-бірлігімізге алакөзденген сырт күштердің жымысқы әрекеті екені сөзсіз. Сондықтан да асыл дініміздің тереңде жатқан құндылықтарын, өзіндік ерекшеліктерін талдап жеткізе алатын теолог-ғалымдарымыздың көптеп болуы күн тәртібіндегі өзекті мәселе деп білеміз. Өйткені, дінге бет алған әрбір жасымыз бен жасамысымыздың барлығы бірдей мәселенің байыбына тереңдей алмайтыны ақиқат. Сондықтан да оң-солын ажырата алмай, шындап айтқанда, сауаты жетпей жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқандары қаншама. Бұл бір отбасының қайғы-қасіреті емес, еліміздің басына төнген ортақ қасірет. Елдіктің ертеңі де осы бағыттағы жұмыстың қаншалықты сапалы, жемісті жүргізілуіне байланысты. Еліміздің тіл жөніндегі саясаты да Ұлытау төріндегі толғаныста жан-жақты көрінісін тапты. Мемлекеттік тіліміз әлі орныққан, өрісі кеңіген жоқ деп байбалам салушылар, біздіңше, құр даурығушылар. Тіл саясаты техниканың күш-қуатымен тау-тасты қопарып тастайтындай қара күштің, сондай-ақ, қысқа уақыттың жұмысы емес, ең алдымен ой-санадағы өзгерісті талап ететін ұзақ мерзімді, байсалдылықты, ең бастысы, ұлтқа деген шынайы сүйіспеншілікті қажетсінетін ардақты жұмыс. Және бұл игі іс бір адамның қолымен атқарылмайды, жаппай халық, ұлт болып, оның зиялылары, билік тетігін ұстаған шенеуніктері болып орындалатын тірлік. Елбасы сұхбатында айтылғандай, бұл бағытта мемлекет тарапынан орнықты, игілікті, алыс мерзімді болжаған істер жүзеге асырылып жатқанын көкірек көзі ашық әрбір азамат сезінеді. Тіл саясатында халық санының, сапасының елеулі ықпалы, орны бар екенін айта келіп, Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «...Ал жарайды, бәрін тыйып, қазақ тілінен басқа тілді заңмен жауып тастап, ауыздарыңды ашпаңдар, сөйлемеңдер десек, онда Украина сияқты боламыз. Қазір қазақтың бәрі мұны түсінген шығар. Солай етіп, жұрттың басынан соғып отырып, қазақ тіліне әкеліп, қантөгіс қылып, тәуелсіздіктен айырылу керек пе, әлде ептеп-ептеп амал қолданып, мәселемізді шешу керек пе? Әңгіме сонда. Ал таңдайық, қайсысын аламыз? Сондықтан мен бұл жерде сабырлылық керек деп ойлаймын. Болашақ біздің қолымызда. Болашақ бізге бетін беріп тұр. Қазақтың саны көбейіп, тілдің ауқымы кеңейіп келеді. Көп облыстарда барлық іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі. Оған ешкім кедергі жасамайды. Қазағы көп аудандар қазақша жүргізеді. Оның ішінде қазір қазақша сөйлейтін басқа ұлттың азаматтары қаншама? Көріп отырсыздар, барлық жерде бар. Оларды теледидардан көріп жүрсіздер. Журналистер арасында да, қарапайым адамдар арасында да бар. Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр». Елбасы сөзі – шындық, қоғамда болып жатқан оң үдеріс, беталыс. Мұны көрмеу, немесе елемеу – өзге ниетті пенде көңілге байланысты. Жалпы ұранмен, ұраншылдықпен мемлекеттік тіл саясатының жүзеге аспайтынын уақыт айқындап отыр. Бұл абыройлы жұмыста, кейбір ғалымдарымыз жазып жүргендей, Тіл майданында Елбасы ескерткендей, байыптылық пен байсалдылық керек. Рас, мәселенің екінші жағы бар. Ол – мемлекеттік тілдің жүзеге асу, даму механизміне енжар қарамау. Мемлекет, билік тарапынан бұл бағытта әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс десек те, мемлекеттік тілдің орнығуындағы жауаптылықты біздің әрқайсымыз жіті сезінуіміз керек деп білеміз. Оған әлдекімнің үгіті, талабы қажет емес. Науқаншылдыққа ұрынып, көзге түсіп қалуға ұмтылудың да қажеттілігі шамалы. Ұлттық тілге деген құрмет, оны сүю көңілдің терең түкпірінен, ыстық жүректен бастау алуы тиіс. Біз ата-ана, ұстаз, ғалым болып, елдің ертеңгі тірегі жастар болып, қатардағы қарапайым адам болып, осыны терең сезініп және күнделікті өмірде мемлекеттік тіл, қадір-қасиетіңнен айналайын Ана тілі, Баба тілі алдындағы парызымызды шындығында өтей алып жүрміз бе? Бұл үлкен сұрақ, ойланарлық жай. Сол себепті де әрқайсымызда «мемлекеттік тіл – менің тілім» деген ішкі рух, мығым сенім басым жатуы тиіс деп ойлаймыз. Ешкім сырттан келіп, мемлекеттік тілдің мерейін үстем етпейді. Ол өзімізге байланысты. Әрқайсымыз өз орнымызда мемлекеттік тілдің қанат жаюына, ғылым, білім, шаруашылық тіліне айналуына бір адамдай қызмет жасауымыз қажет. Ұлытау сабағының бір түйіні осындай ойға жетелейді. Заман, уақыт талабына сай үш тілді білу қажеттілігі де орынды. Алайда, орыс және ағылшын тілдері ана тілі – қазақ тілін ығыстырмауы қажет. Қоғамда орыс тілінің ықпалы күшті болып, баланың ой-санасы орыс тілі негізінде қалыптасса, оның өкініші де басым екенін уақыт көрсетіп отыр. Жасыратын несі бар, кейде атпалдай азаматтардың қазақ тілінде шүлдір-шүлдір сөйлегенін қанағат тұтып, мемлекет тілін біледі, ойын жеткізе алады деп жатамыз. Мемлекеттік тіл – ол шатып-бұтып сөйлеу құралы емес, мемлекеттік тіл қандай ойыңды, толғанысыңды болмасын, көркем де мәнді, кең қарыммен, еш кібіртіксіз жеткізе алатын алып Абайдың, дархан Әуезовтің тілі. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты ел ішінде арагідік айтылып қалып жататын қаңқу сөзге де Елбасы осы толғанысында түбірлі тойтарыс берді. «Мен бір рет айттым, тағы да қайталап айтам, тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік! Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сондықтан бұл жөнінен ешқандай күдік болмасын» деді бұл жөнінде ойын шегелей түсіп. Тұтастай алғанда, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төріндегі толғанысы елдігіміздің ертеңіне деген халық сенімін күшейте түседі. Рухы мықты, ертеңгі күніне сенімі нық халық қана үлкен жетістіктерді бағындырып, жеңістерге жете алады. Уақыт осыны көрсетіп отыр. Елбасы айтқандай, болашақ біздің қолымызда.

Ұқсас жаңалықтар