«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Негізгі мәселе – халықтың өмір сапасын жақсарту

Негізгі мәселе – халықтың  өмір сапасын жақсарту
ашық дереккөз
Негізгі мәселе – халықтың өмір сапасын жақсарту
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте сөйлеп, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Бұрынғы Үкіметтің отставкаға кетуінің басты себебі – инфляцияның өсуіне жол беру, бағаның тұрақтылығын сақтай алмау болды. Инфляцияның өсуіне байланысты азық-түлік (оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар), жанармай (бензин, дизель, газ) бағалары көтеріліп, коммуналдық төлемақылар тарифтері қымбаттады. Осының барлығы қарапайым тұрғындардың өмір сапасына теріс әсер етіп, халықтың наразылығын туғызды. Соның себебінен Маңғыстау облысында сұйытылған газдың қымбаттауына қарсы ұйымдастырылған бейбіт митингі көп аймақтарда террористік шабуылға ұласты. Жаңа Үкіметке Президент халықтың табысын арттыру бағдарламасын дайындауды тапсырды. Соңғы жылдары жалақы, зейнетақы, шәкіртақы өскенімен, халықтың өмір сапасы аса жақсарған жоқ. Себебі инфляция, қымбатшылық қосымша төлемақыларды жеп қойып отырды. Ол туралы Президент те жақсы айтты. Бір жағынан еліміздің экономикасының жалпы өсуі бар, бірақ қарапайым халықтың жағдайы өзгере қоймады. «Nur Otan» партиясының саяси платформасының негізгі стратегиялық мақсаты – әл-ауқатты мемлекет құру. Бірақ мемлекет әл-ауқатты болу үшін, еліміздің әр отбасы, әр қазақстандық әл-ауқатты болу керек. Өкінішке орай, олай болмады. Жалпы экономиканың дамуының аясында байлар байыды, ал қарапайым халықтың жағдайы жақсарған жоқ. Президент өз сөзінде Қазақстанның Даму банкін (БРК) мысал ретінде келтірді. Бұл банктің мақсаты оның атында тұр – Қазақстанды дамыту. Ал өмірде бұл мекеме миллиардерлердің жекеменшік банкіне айналған. «Достарға – барлығы болады, қалғандарға – заң аясында» деген ұстаныммен жұмыс істеген банк. Тағы да аса маңызды мәселе – аймақтардың дамуында қарама-қайшылық (диспропорция) орын алған. Ішкі миграцияның өсуі, жұмыс орындарымен қамтамасыз етпеу, әлеуметтік наразылықтың (дискомфорттың) пайда болуы – осы қарама-қайшылықтың қорытындысы. Президенттің тапсырмасы бойынша, бұл мәселе аймақтық емес, ұлттық деңгейде қаралып, шешілуі қажет. Мемлекет басшысы Үкіметке «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құруды тапсырды. Ол қор денсаулық және білім салаларына, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға адрестік көмек көрсететін болады. Қор үлкен жекеменшік және мемлекеттік компаниялармен, шетелдік қайырымдылық жасайтын ұйымдармен қаржыландырылатын болады. Осы айтылған іс-шаралар халықтың билікке деген сенімін күшейтеді деп ойлаймыз. Президент Үкіметке 2022 жылдың жұмыс жоспарын дайындауға үш апталық мерзім берді. Біздің өңірде де ахуал тұрақталып келеді. Сабырлық пен тәртіп сақтап, бірлік пен ынтымақтың арқасында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруда әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық.  

Махметғали САРЫБЕКОВ, облыстық мәслихаттың хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар