«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азиадада танылған азиз

Азиадада  танылған азиз
ашық дереккөз
Азиадада танылған азиз

Ұлттық құрама бапкер­лерінің Азия ойындарында жүлде алады деп үміт артқан дзюдошылардың бірі – жамбылдық балуан Азиз Қалқаманұлы. Ол жастар арасындағы жарыстарда тәп-тәуір жетістіктерге қол жеткізген спортшы. Ересектер сапына ауысқалы бері де жақсы қырынан танылып жүр. 3Сондықтан, Азиадада өнер көрсететін балуандар іріктелгенде мамандардың таңдауы Азизге түскен еді. Азия ойындарында ел спортшыларына үлкен жауапкершілік жүктелді. Негізгі міндет – жалпы­командалық есепте үздік төрттіктің қатарына ену. Сол себепті, дзюдодан бапкерлер алқасы командаға нөмірі бірінші спортшыларды алуға бел буып, осының алдында ғана өткен әлем біріншілігінде ұлттық құрама сапындағы басқа балуандарға сенім артқан болатын. Сарықұрлықтағы дүбірлі додаға оқу-жаттығу жиындарына да ерекше мән берілді. Әрбір дзюдошымен жоспарлы дайындық жүргізілді. Татамиде жолдары түйісуі мүмкін деген мықтыларға қарсы тактикалық әдіс-тәсілдер ойластырылды. Бірақ, бабы келісіп тұрса да, бағы жанбады ма, жекелей сында 81 килограмм салмақта өнер көрсеткен Азиз Қалқаманұлына Азиадада жүлде бұйырмады. Азиздің Инчхондағы жарыс жолы сәтті-ақ басталған. 1/8 финалда индонезиялық Путу Вирадамунга Адестаға айла қалдырмай жеңіске жетсе, келесі белдесуінде өзбекстандық Яхъе Имамовты айқын басымдықпен ұтқан еді. Екі қарсыласын әдіс жасатпай татамиде тұқыртқан соң жамбылдық балуанның финалға шығатынына ешкім күмән келтірмеген. Алайда, ол үшінші кездесуінде сүрініп, Ливан елінің спортшысы Насиф Елиасқа есе жіберіп алды. Иә, спортта бәрі күткен­дегідей бола бермейтіні белгілі. Финалға шығар мүмкіндікті сарапқа салған белдесуде көп күш жұмсап қойды ма, әлде сол бір сәтсіздік еңсесін түсіріп жіберді ме қола жүлде үшін таласта Азиз моңғолдық Давгасурен Ниямсуреннен айласын асыра алған жоқ. Десе де, командалық сында құраманың қажетті ұпай жинауына өз септігін тигізіп, күміс жүлдені иеленді. «Азиз – еңбекқор жігіт. Жастар арасындағы әлем чемпионатында екінші орын алған. Ересектер арасында екі рет Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен. Қалқаманұлының басты ерекшелігі – білегінің күші мығым. Өте дарынды. Мен оған қатты сенемін. Оның татамиде атой салар кезі әлі алда», – дейді біздің балуанның жеке бапкері Ғалымжан Жылқышиев. Жамбылдық балуанға мамандар үлкен сенім артады. Оның ұлттық құрамадағы нөмірі бірінші спортшылар қатарында жүруі – осы сөзіміздің айғағы. Сәттілік серік болса, Азиздің де жұлдызы жанар күн жақын.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар