– Маған сабақ айтамын деп, қол көтеріп қоймай отырған, – деп тамағын кенеді тарихшы ағай. Оның бәрімізге жағалай көз тастап, сыныпта кім бар, кім жоқ екенін түгендеп алғанын жон арқамызбен сезіп отырмыз. «Қане» десе болды, кітаптың ішіне кіріп кетердей-ақ, әп-сәтте «Қазақстан тарихы» оқулығын тауысып оқып тастардай еміне түсеміз. Іштей «менің атымды атамаса екен» деген оймен бұқпантайлаймыз. Мұғалім күнде осылай бізді «тығырыққа» тіреп алады... Үй тапсырмасын сұрау әдісінің өзгешелігіне қарай әрі тарих пәнінен беретін директор ағайдың алдында ұятқа қалмау үшін біздің сыныптың оқушылары осы сабақты мейлінше жақсы оқыды. Қазір ғана ойша саралап, бұл мұғалім біліктілігінің, талапшылдығының, табанды жұмысының жемісі екенін түсінгендейміз. Әнуарбек Тұрманбетов сабақ берген сыныптардың, кейінгі толқын түлектердің де тарихқа деген қызығушылығы, білімге деген құштарлығының жоғары болуы осы сөзімізді айқындай түседі. Жалпы, «педагогика саласында мұғалімдік-мамандық емес, кісінің болмысына біткен қасиет» деген де пікір айтылады. Білімді мамандардың барлығы жақсы ұстаз бола бермейтіні сондықтан дейді. Әнуарбек Мұханбетұлына қарап, осы сөздің жаны бар ма дейсіз. 1976 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған маманның өз пәніне деген сүйіспеншілігі, жұмысқа деген жауапкершілігі ерекше болды. Соның нәтижесінде ісі ілгерілеп, А. Байтұрсынов атындағы орта мектепте оқу-ісінің меңгерушісі, кейіннен мектеп директоры қызметіне дейін көтерілді. Қазір өзі білім алған Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектепті басқаруда. Еңбегінің арқасында елге сыйлы болған Әнуарбек Тұрманбетов бүгінде мерейлі 60 жасқа толып отыр. Білім сапасының жақсаруы – мұғалім біліктілігіне байланысты. Мектепте мамандардың кәсіби біліктілігін көтеру мәселесі жолға қойылғалы бері ұстаздар мен оқушылар аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға, ғылыми жоба жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. 2012-2013 оқу жылында мұғалімдер халықаралық деңгейдегі білім бәсекелерінен 14, республика көлеміндегі додалардан 4, облыстық байқаулардан 9 жүлде жеңіп алғаны – соның дәлелі. Тарихшы Әнуарбек Мұханбетұлының жетекшілігімен ғылым жолында ізденіп жүрген шәкірттер республикалық, халықаралық жарыстарда үлкен табыстарға қол жеткізуде. «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 2011, 2012, 2013 жылдары ҰБТ тапсырған оқушылары 100 пайыздай білім сапасын көрсетсе, басқа сыныптардағы білім сапасы 80-92 пайыз. Ә. Тұрманбетов үнемі ізденіс үстінде жүретін адам. Көптеген еңбектері ғылыми топтамаларға енген. Соның бірі – 2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Заманауи қазақ қоғамындағы адамгершілік-рухани құндылықтар» тақырыбында жасаған баяндамасы. Ал тарихқа қатысты мәселелерді көтерген мақалалары салалық басылымдарда жарияланып тұрады. Еткен еңбегінің жемісі шығар, ол «Білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілерімен, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. Білікті басшы, білімді ұстаз әлі де ауыл мектебін ажарландыруға, білім сапасын көтеруге өз үлесін қоса беретін болады.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан. Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді