«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Газет және интернет

Газет және интернет
ашық дереккөз
Газет және интернет

Облыстық  "Ақ жол" газеті заман көшінен қалмау үшін, интернет-ресурсқа да баса мән беруде. Бұл электронды БАҚ өкілдерінің де қызығушылығын туғызуда. Назапларыңызға, жақында ғана webpress.kz сайтына шыққан интернет-сұхбатты ұсынып отырмыз

– Ассалаумағалейкум, Көсемәлі аға! Газет қай жылдан бастап шыға бастады және сіз бұл газетке қашан келдіңіз? 2– Газет 1922 жылдың 1 мамырында Әулиеата ояздық, қалалық партия комитетінің, Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде дүниеге келген. Содан бері жарық көріп келеді. Биыл 4 сәуірден бастап бас редактор боп тағайындалдым. Бұған дейін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет істедім. «Ақ жол» – өзімнің ұшқан ұям. Оның алдында «Талас тынысы» атты аудандық газетте, облыстық телевидениеде және республикалық «Жас Алаш» газетінде жұмыс істегенмін. Тәжірибе баршылық. – Электронды сайтты қашан және қалай аштыңыздар? Сайтқа материалды қаншалықты жиі қойып тұрасыздар? – Электронды сайт маған дейін ашылған екен. Бірақ оған онша мән берілмегенге ұқсайды. Сондықтан мен сайтқа да редакциядағы жауапты бөлімдердің бірі ретінде қарап, оған бір бағдарламашы мен бір журналисті жауапты етіп бөлдім. Олардың жұмысын өзім тікелей қадағалап, бағыт-бағдар беріп, ұсыныстар айтып отырамын. Нәтижесінде сайтта газеттің РDF нұсқасы ашылды. Сол арқылы қазір алыс аймақтардағы оқырмандар газет жеткенше, оның жаңа санының әр бетін парақтап қарап, оқып-таныса алады. Одан кейін сайттан «Ақ жол-ТВ» деген айдар ашып, онда қызықты бейне жаңалықтарды, әндерді беріп отырмыз. Алдағы уақытта оған өз өнімдерімізді де сала бастаймыз. Сонымен бірге, газет шықпайтын күндері, яғни, жексенбі, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері де сайтымыздан соңғы жаңалықтарды оқып, бейнежаңалықтарды көруге болады. – Негізгі газеттен бөлек сайтты жүргізген сіздерге қиындық тудырмайды ма? – Арнайы мамандар мен журналистер бөліп, жұмысын жолға қойса, газетпен бірге сайтты жүргізген ешқандай қиындық туғызбайды. Қайта ол газет пен журналистердің беделін көтеріп, абыройын асқақтата түседі. – Басылым мен электронды БАҚ-тың айырмашылығы неде деп ойлайсыз? – Айырмашылығы газет қағазға басылады. Ол оқырманға жеткенше біраз уақыт өтеді. Ал электронды БАҚ-та баспахана, қағаз шығыны деген мәселе жоқ. Содан кейін, ол қалаған сәтіңізде алдыңыздағы компьютер мониторында тұрады. Оқыған мақалаңызға немесе жаңалығыңызға сол заматта пікір де жаза аласыз. Бұл тұрғыдан алғанда сайттың, интернет-газеттердің артықшылықтары өте көп. – Басылымдардың болашағы қандай деп ойлайсыз? – «Баспадан шығатын газеттердің болашағы жоқ» дегенге онша сенбеймін. Болашақта қажеті бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Менің ойымша, оқырманға газет те керек. Оның да адам баласына сыйлайтын өз рухани ләззаты бар. Мысалы, өз басым проблемалық, сараптамалық көлемді мақалалар мен әңгіме, хикаяттарды газеттерден оқығанды ұнатамын. – Уақыт бөлгеніңізге рахмет, Көсемәлі аға! Сау болыңыз.

Нұрғазы АБЖАНОВ, «Казконтент» АҚ-ның баспа БАҚ-ты интернетке шығару бөлімінің PR маманы.

Ұқсас жаңалықтар