Балалық шақтың бал дәмі

Балалық шақтың бал дәмі
ашық дереккөз
Балалық шақтың бал дәмі

Үш дос. Үш талант. Үшеудің біреуі Әбдімомын Желдібаев, атақты күйші, композитор Шу ауданында, екіншісі белгілі жазушы, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Әлдихан Қалдыбаев Жамбылда, ал үшіншісі ол да жазушы, жазушы болғанда лирикалық әңгімелердің шебері Қарауылбек Қазиев Шымкентте тұратын. Мен осы үш дос, үш талантқа қызығып, еліктеп, тіпті, іштеріндегі Әлдихан ағаға еркелеп өстім. Қарауылбек ағаның қызықты хикаяттарынан «Әлдижан» деген кейіпкермен таныса сап, Әлдихан ағадан: «Пойыздағы «Арыстанмын» деп танысқан жолаушыға, «Мен - Новотроискіденмін» деп қолын ұсынған аңғал Әлдижан Сіз бе?» деп сұрайтынмын. Аға күлетін де «Негізі сондай әңгіме болған, бірақ мен емес» дейтін. Бірақ маған Әлдижан деген кейіпкер бәрібір Әлдихан аға сияқты көрінетін. Өйткені, мінезі, ақ көңілі, досқа адалдығы бәрі айнымайтын. Ол кезде бүгінгі «Ақ жол» газеті «Еңбек туы» деп аталатын. Редакторымыз Арғынбай аға Бекбосын. Мені Арекеңнің сауаттылығы мен редакторлық қабілет-қарымдылығы тәнті етсе, орынбасары Әлдихан ағаның балалар өмірінің бал-шырынын суреттейтін әңгімелері мен хикаяттары тамсандыратын. Әбдімомын аға Шудан келіп, концерт қойып, оны жазуға мені жұмсап, мен ағалардың ойынан шығатындай дүние жазуға құлшына кірісіп жүретін заман еді ол. Сол кезде есіл-дертім мақаладан гөрі, әңгіме жазуға ауған мен Әлдихан ағадан суыртпақтап сыр тартатынмын. «Аға, алғашқы кітабыңыз қанша жасыңызда шықты?» деймін баспаханада түнделетіп газет шығарып жатқан кезде. «Жиырма үш жасымда» дейді. Сөйтеді де менің оны не үшін сұрап отырғанымды сезіп қойып, ішек-сілесі қатып күледі. Ол кезде мен жиырма алты ма, жиырма жеті ме, әйтеуір отызға тақап қалғам. Бірақ әлі «орда бұзғам» жоқ. Сосын «Жас болса кеп қалды, енді қай уақытта кітабымды шығарамын» деп уайымдаймын. Оның үстіне Әлдекең баспаханаға Шекспирдің драмаларынан тұратын көптомдықтың нән біреуін әкеп оқып отырады. Сірә, бұл оның «Сәлім мен Сәлиманы» жазуға дайындалып жүрген кезі болуы керек. Содан қойшы, «Мұхтар Әуезов те, Бердібек Соқпақбаев та, өзім талантына бас иетін Марат Қабанбаев та емес, күнделікті ақыл-кеңесін тыңдап жүрген Әлдихан Қалдыбаев сияқты жазушы болсам жетеді» деп армандайтын болдым. Арманым орындалды. 1988 жылы «Жалын» баспасының жабық бәйгесінен «Елгезек Бағдаршам, Тоқ-Қуат және басқалар» атты ертегі-хикаятым екінші жүлде алған кезде, ең бірінші боп Әлдихан аға құттықтады. Ол кісіге Алматыдан белгілі жазушы Баққожа Мұқай «Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде қызмет істейтін бір жас жазушының шығармасы екінші орын алды» деп, менің аты-жөнімді айтып телефон шалыпты. Бұл кезде мен 29 жаста болатынмын... Міне, содан бері Әлдекеңмен бір қалада тұрып, баспасөз деген маңызды бір салада қатар қалам тербеп келеміз. Әдебиет жөніндегі әңгімеміз де ортақ. Бүгін сол абзал адамның 75 жасқа толған  туған күніне орай ағамызға еліктеп жүрген жылдары жазылған дүниемді оқырмандар назарына ұсынып отырмын.

Бала жанын, оның сәуір аспанындай бірде бұлтты, бірде шуақты құбылғыш көңілінің нәзік күйін тауып, алдарқату қандай қиын болса, олар туралы жүрек тебірентерлік шығарма жазып, балдырғанның мөлт-мөлт еткен тамшыдай пәк сырларын көркемдік әдіспен қағазға түсірудің тауқыметі одан да ауыр. Егер әдебиетіміздегі алдыңғы толқын ағалардың алғашқы тұсаукесер шығарламарын балаларға арнап жазып, кейін оған қайтып оралмай, ылғи бір балалар еншісіне тиетін нәйеті бір-екі беттік әңгімені немесе 50-60 беттік повесті менсінбегені емес, қайта жүрексінгені деп түсінуіміз керек. Бір кездегі албырт сезімнің әсерімен көзді жұмып кірісіп кеткен «оңайлау» тақырыбының бүгін ақыл тоқтатып, атағы мәшһүр жазушы болған кезінде оның періштелер мекендеген киелі бақ сынды жұмбақ та сырлы әлем екенін мойындап, түсінгені. Бірақ, осы бір базарлы бақтың лүп-лүп соққан қан тамырын жүрегімен сезіп, біліп отыратын тамыршыдай бағбаны, тыңдағанда құлағыңның құрышын қандыра сайрайтын құмыр көмейлі өз бұлбұлдары болады. Белгілі балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевты, міне, сол өз бағының адал бағбанына баласақ артық емес. Оның алпысыншы жылдардың басында университетте оқып жүрген кезінде жазған «Көк дөңгелек» деген шағын әңгіме-кітабынан бастап В.И.Лениннің туғанына 110 жыл толуына байланысты Москвада өткен жасөспірімдерге арналған пьесалардың байқауында бірінші жүлдеге ие болған «Шаншар атай» комедиясына дейінгі және одан кейінгі шығармаларын жұрт жақсы біледі. Жақында жазушының «Жалын» баспасынан жарық көрген «Автобус аялдамасы» атты кітабы да, міне, осы біз айтып отырған әдебиеттегі «оңай» да қиын, қиын да қызықты тақырып – балалар өмірі жайлы туындыларының көз тартар мәуесі іспетті. Кітап оқырмандарына өзінің алғашқы беттерін белгілі «Шаншар атай» повесімен ашады. Ал, Шаншар атай – бәрімізге таныс кәдімгі сақалы қауқиған қара шал. Ол әр ауылда бар. Егер түрі мен тіліне бөлмесек, оны қырғыздардың айылынан, өзбектердің қышлағынан да кездестіреріміз хақ. Иә, оның шарт ете қалатын шікәмшіл мінезі де, жөн сөзге жығыла кететін мәрт қасиеті де, тіпті ауылды бастарына көтеріп асыр салған қара сирақ балаларды көрсе арқасының «ақ сайтаны» қозып, барлығын тоз-тоз қылып тұра қуатын қиқарлығы да... бәрі-бәрі таныс көрінеді. Автордың бір жетістігі де, міне, осында болса керек. Бұған мысал ретінде кез-келген эпизодты алуға болады. Кемпірі Әлипаны сүзіп өлтіріп қоя жаздаған Әлденнің көк сиырының мүйізін кесіп тастамақ болып, терісіне сыймай ашуланып келген шал сиыр босанып кетіп (дұрысы Әлден сиырына жаны ашып, оны ағытып жібереді) одан бетер шала бүлінеді. «...Сол қолында шумақталған бір бума арқан, оң қолында кішкентай қолара Шаншар атай кіріп келеді есіктен. Ашулы, бетіне қаны шауып, қара сұр жүзі түтігіп, әппақ қудай сақал-мұрты едірейіп кетіпті. Онсыз да қызыл көзі қанталап, бәрімізді бір-бір сүзіп өтті. Зәрлі сұс өңменімізді тесіп, бір уыс болдық. Дастарханның да берекесі кетіп қалған еді. – Жәке, төрлетіңіз. – Төрлеткенде не, ана терің жайылғыр босанып кеткен соң! – Апырай, күрмеп, тас қылып-ақ байлап ем. Қолы бар ма, немене? – Мойның астыңа келгірдің екі мүйізін тып-типыл ғып қырқып тастағанда көрер әлі! Кешке болсын. ...Шаншар атай табалдырықты аттай бере тағы бір одырайып қарады. Біз жер шұқып, дастарханға үңіле түстік: онда он шақты құрт,  жарты кесе май бар еді. Бір түйір де нан жоқ болатын. – Айша, мына балалардың біреуін қазір жібере қойшы үйге. Біздің үйде қаптың түбінде қалған бірер пұт ұн бар сияқты еді. Соның бір табағын бергізіп жіберейін, – деді. Біз еңкейген басымызды жерден көтеріп алдық. Шаншар атай үйден шығып кете барды». Мінеки, Кербұлақ ауылындағы балалар түгіл, үлкендердің өзі мінезінен қаймығып, бетіне тура қарап сөйлей алмайтын Айыр жәкеміздің (Әлденнің апасы осылай атайды) түптеп келгендегі шын болмыс-бітімі мен жан-дүниесінің қандай екенін осы үзіндінің өзі-ақ алдымызға жайып салып тұр емес пе? Ал, мұндай шынайы суреткердің қаламынан ғана туып, кейіпкердің образын жан-жақты сомдауға таптырмайтын сәтті штрихтер повестің өне бойына бірін-бірі үнемі толықтырып отырады. Иә, соғыс кезіндегі ауыл  өмірі көп жазылды. Бірақ, ол қанша жазылса да әлі түрен тісі түспеген тың түбектері көп, таусылмайтын тақырып, «Шаншар атай» да негізінен осы тақырыпты – соғыс кезіндегі ауыл балаларының өмірін қаузайды. Қаузағанда да ол балалар ұғымына сай шынайы айшықтармен өрнектелген. Мысалы, кейбір тыл өмірінен жазылған шығармада балалардың басына бар ауыртпалық атаулыны үйіп-төге беретіні бар. Ал, шындап келгенде, бала қай уақытта да бала ғой. Ойнайды, күледі, мұңаяды. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Сөйте жүріп зерделі, зерек балалар ересектерше аңғарып, ойлана да жүреді. Повестегі Әлден – міне осындай көпшіліктің көңіліне қарап қозғалатын зерек әрі ақылды бала. Шығарманы оқи отырып, оның Шаншар атай туралы, талай балаларды қан қақсатып жылатқан Қамау және еркетай Марат туралы ойынан оның жан дүниесіндегі шарпысқан сезімдер арпалысына қосылып кетесіз. Сөйтіп, Әлденнің әрбір дұрыс қадамына, адал көңіліне сүйсініп отырасыз. Өйткені, ол өмірдегі оқиғаны, сол оқиға шырмауындағы адамдардың қадамдарын өзінше бағалап, өзінше ой қорытады. Шығармада балалар әдебиетіндегі «махаббат тақырыбы» да бар. Бірақ, бір қуанарлығы – ол жазушының «Әй, осы бір желіні де ұмыт қалдырмайыншы» деген жасанды ниетінен, жалған сезімінен тумаған. Тек өмірдегі әр баланың басынан өтетін біреуді ұнату, сүю, ғашық болу секілді сезімнің самал желдей желпіген алғашқы лебін қаз-қалпында мөлдіретіп береді. Повестің бала көңілінің нәзік шегін шертіп (ересек оқырманның да), жанын мұңға бөлейтін жері Шаншар атайдың ауырып жатып, өзінің жарық дүниеден өтерін сезгендей Әлденді үйіне шақыртып алған жері. «...Атай ентігіп әзер сөйледі: – Кел. Әлден, кел. Мен состиып тұрып қалдым, Атайдың жанары солып, көзі-басы кіртиіп қалыпты. Қозғалақтап ұмтылып барып, түрегеліп отырды. – Әлден, кер биеге мін де, төменгі мұрыннан басын қоя беріп, сонау жоғарғы Айдардың желкесіндегі кезеңнен бір-ақ тарт. Мен көріп отырайын. Сені  сол үшін шақырдым. Жарайды...» Әлденге атқа шабуды алғаш үйреткен әрі өзі жақсы көретін атасы осылай деп өтінеді. Сондықтан да ол ауыл иттерінен үркіп жығып кете ме деп жүрексінсе де атасының бір кездегі: «Міне, үйрендің. Енді күнде мініп тұрасың. Әрі-беріден соң сен бәйгеге шабатын боласың. Ол керек те. Жеңіс күнгі тойда сен шаппай, кім шабады мұнымен» деген сөзін есіне алып, жүрегінде өжеттік пайда болған бала «шу, жануар» деп кер биеге қамшыны басып жібереді... Бірақ шалдың тілегін орындап қайта оралғанда ол бұ дүниеде жоқ болып шығады. Елдің айтуынша Әлден Шаншар атайдың үйінің тұсынан шауып өтіп бара жатып қолын бұлғағанда «Тәуба. Бар екен ғой...» деп бақилық сапарға жүріп кете барыпты. Былайғы жұртқа білдірмегенімен, жанын жегідей жеген «баласы қашқын» деген сөздің жалған болып шыққанын да ести алмай кетеді, сөйтіп... Жинаққа, сондай-ақ жазушының «Қос тентек», «Рахима», «Оқуды аңсаған Арал», «Бауыржан деген бала бар», «Сағындым сені, інім» деген повестері мен көптеген әңгімелері, ертегілері, мысалдары енген. «Шаншар атай» повесі сияқты бұл шығармалардың да қай-қайсысының өзіне тән ерекшеліктері, идеясы бар. Тәрбиелік мәні де жоғары. Мысалы, «Рахима» атты повесті оқып отырған сәбилердің балдай тәтті қылығы тура өмірдегідей  көз алдыңа келіп, өзіңнен өзің жалғыз отырып та күлесің. Жазушы шеберлігі балалардың қылығына деген бойыңдағы ынтызар сезімді еріксіз оятып, адамзаттың осынау кішкентай ұрпақтарының тыныс-тіршілігіне басқаша көзбен қарауды үйретеді. Жазушы Ә.Қалдыбаевтың творчествосына тән тағы бір ерекшелікті айту керек. Ол – аз сөзбен көп нәрсені жеткізуі болып табылады. Кемеңгер жазушы Л.Толстой «Тіл шеберлігінсіз көркемдік жоқта, көркемдік жоқ жерде тіл шеберлігі жоқ. Бұл екі арадағы бірлік – мазмұн мен тіл бірлігінің ерекше бір көрінісі болып табылады» деген сөзін еске алсақ, Ә. Қалдыбаев шығармаларындағы көркемдіктің бәрі оның нәрлі тілінен туған деп білеміз. Жинақтағы шығармалардың тілі тек осы жазушыға ғана тән. Ол біреуге еліктемейді. Кез-келген шығармасына бай, әрі халықтың қарапайым тілін қолданады. Сондықтан да оның шығармалары балаға да, ересекке де қызықты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, белгілі балалар жазушысы Ә.Қалдыбаевтың оқырмандарына бұрыннан таныс шығармалары топтастырылған «Автобус аялдамасы» атты бұл жинағы  әрбір кітапқұмар үшін жоғалып табылған дүниесіндей қастерлі ғой деп ойлаймыз.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар