«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бәсекеге қабілетті брендтер ел энергетикасын өркендетудің қозғаушы күшіне айналады

Бәсекеге қабілетті брендтер ел энергетикасын өркендетудің  қозғаушы күшіне айналады
ашық дереккөз
Бәсекеге қабілетті брендтер ел энергетикасын өркендетудің қозғаушы күшіне айналады

Астанадағы «ЭКСПО-2017» – Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде тұңғыш рет өткізілетін халықаралық көрме. Бұл – еліміздің халықаралық ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам. «ЭКСПО-2017» аймақтың және тұтастай алғанда елдің дамуының қуатты катализаторы болып табылады. Құрылысқа, туристік инфрақұрылымға және басқа да бизнес ошақтарынан түсетін кірісті былай қойғанда, көрменің зияткерлік мұрасы елімізді жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Халықаралық ауқымды шараны өткізу үшін Елордамызда алдағы 3 жыл ішінде көптеген шараларды іс жүзінде жүзеге асыру көзделіп отыр. Инфрақұрылым жаңғыртылады. Жаңадан көптеген еңселі ғимараттар бой көтереді. Бұл дегеніміз – мыңдаған қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орны мен негізгі табыс көзі болып табылмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «ЭКСПО-2017» көрмесіне біз ұсынған «Болашақтың энергиясы» ұраны негізінде Елордамызға жаһандағы мемлекеттер өздерінің жаңа технологияларын жеткізетін болады», – деді. Сонымен қатар, ол Қазақстан үшін экономикалық дамудың түбегейлі жаңа бетін ашудағы бетбұрыс бекетіне айналмақ. Еліміздегі инновациялық экономиканы дамытудың аса маңызды қозғаушы күшіне  айналуы тиіс. «Жасыл экономика» жобасын жүзеге асыруда облысымыз еліміздің басқа да аймақтары арасында алғашқы орында келеді. «Жасыл экономика» – табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын арттыруға  бағытталған  экономика. Ол бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған (пайдалы қазбалар – мұнай, көмір, газ) ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біз экологияға баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз», – деді. Қазір қоршаған ортаға залалын тигізетін құрылымдардың бірте-бірте жойылып, оған балама көздерді  тауып, енгізу   қолға алынуда. Облысымызда табиғатты таза сақтау бойынша «Жасыл экономика» жобалары әзірленіп, іргелі жұмыстарға басымдық берілуде. Соның бірі – күн нұрынан қуат өндіру, екіншісі, жел энергетикасын заман талабына сай қолданысқа енгізу, сол арқылы табиғатты таза сақтау. 2010 жылға дейін облыстағы қолданыстағы жаңартылған энергия көздері нысандарының жалпы қуаты 1,5-2 МВт құрайтын. Содан бері жаңартылатын энергия көздері нысандарының 6 жобасы іске асырылып, бүгінгі күнге 19 МВт құрап отыр. Аталмыш барлық нысандар бүгінде электр желілеріне қосылып, ел игілігіне берілуде.  Қолданыстағы «Жаңартылған энергия көздерін қолдау туралы» Заңға сәйкес, өндірілген энергия көлемі электр энергиясын тарату мекемелерімен нормативті ысыраптардың өтеміне сатып алынады. Облыста бұл мәселемен «Жамбылэлектржүйесі» ЖШС айналысады. Жақында енгізілген өзгерістерге байланысты, енді электр энергиясын сатып алу мәселесі оператор «KEGOC» АҚ-да жүргізілетін болады. Әрі қарай орталық сатып алынған электр энергиясын барлық қажетті тұтынушыларға таратады. Бүгінгі күнге жаңартылған энергия көздері нысандарының жалпы қуаттылығы облыстың электр энергиясын орташа тұтынудың шамамен екі пайызын  қамтиды. Бұдан басқа, 2015 жылға облыста «Меркі ГЭС-і», қуаттылығы 100 МВт құрайтын Жаңатас жел электр стансасын (ЖЭС), Т.Рысқұлов ауданында 24 МВт күн электр стансаларының құрылысын іске асыруға және Отар елді мекенінің аумағында орналасқан 0,5 МВт күн электр стансаларының қуатын 7 МВт-қа дейін ұлғайту мәселесі жоспарлануда. Болашақта облыстың бірқатар аймақтарында облыс әкімдігінің және «Тараз» ӘКК» АҚ қолдауымен «United Green» компаниясы мен «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС бірлесе күн электр стансасының жобаларын іске асыру көзделіп отыр. Бастапқы жобада Жуалы ауданында бөлінген 150 гектар жер телімінде қуаттылығы 50 МВт құрайтын күн электр стансасын орнату қарастырылған. Алдағы уақытта 3 жыл ішінде мұндай жоба облыстың басқа да аймақтарында орнатылып, аталмыш жобалардың жалпы қуаты 300 МВт құрамақ. Бүгінгі күнге оны облыста орнату бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай ауқымды жобалардың бірі – Үкіметтің 2013 жылғы 6 тамыздағы №750 қаулысымен бекітілген,  «Жасыл экономиканы» жүзеге асыру жоспарын орындау   мақсатында, қуаттылығы 125 МВт құрайтын бу-газдық қондырғысын «Таразэнергоорталық» АҚ да орнату, жылу-электр орталығын қайта жаңарту мен кеңейту мәселесі қарастырылуда. Алдағы уақытта қуаттың көлемін 250 МВт-қа дейін ұлғайту мәселесі де шешіледі. Бүгінгі күнге аталған жобаның құрылысын «Eurasia House International» компаниясымен   бірлесе іске асыру қарастырылуда. Үкімет бекіткен 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес, баламалы энергия көздерінің үлесі 2015 жылға қарай 1,5 пайызға, ал, 2020 жылы 3 пайызға жеткізу көзделген болатын. Бұл бағытта облысымыздың аумағында қолданыстағы және алдағы уақытта іске асырылатын жаңартылатын энергия көздері жобаларының қосар үлесі зор болмақ.

Құдайберген ҚОРҒАНБАЕВ, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы электроэнергетика бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар