Инчхон бізге иіліп тұр. Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы ақтық сында Жапония архипелагынан келген қарсыластарын 7-6 есебімен еңсеріп, Азиада алтынын қоржынға салды. Жеңіл атлетикадан да асығымыз алшыдан түсті. 800 метрге жүгіруде қазақстандық Маргарита Мұқашева үндістандық қарсыласын соңғы спринтерлік жарыста басып озып, еліміз үшін он жетінші алтынды иеленсе, 200 метрге жүгіруде Ольга Сафронова да алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ, үш қарғып секіруден Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова да Азиада алтынын иеленді. Ал Ирина Эктова қола жүлдені еншіледі. Былғары қолғап шеберлеріміз де алғашқы күмісті еншіледі. 51 келі салмақта сынға түскен Жайна Шекербекова финалда үндістандық Мери Ком Хмангтенге есе жіберіп, Азиада күмісін иеленді. Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңде Тайландты 22:5 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты. Соңғы кездесуді Гонконгпен өткізеді. Бірақ бұл матчқа қарамастан біздің қыздар жүлде үшін таласты жалғастырады. Гандболдан да біздің арулар жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олар қола жүлде үшін өткен тартысты матчта Қытай құрамасын бір доп айырмасымен ұтып, Азия ойындарының жүлдегерлері қатарын толықтырды. Сегіз бірдей боксшымыздың қоржынында кем дегенде қола медаль бар. Енді олар сол жүлделерді алтынға алмастыруды көздейді. Біздің елдің қоржынында қазіргі кезде 20 алтын медаль бар екенін ескерсек, 15 алтынды иеленген Иран құрамасы бізді басып оза алмас. Олардың «жеке» спорты күрестің де бітер күні таяды. Кеше ирандықтар мардымды күресе де алған жоқ. Демек, төртінші орын бізге бұйырып тұрғаны анық.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




