«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үйің суық болса, оның кеңдігінен не пайда?

Үйің суық болса, оның кеңдігінен не пайда?
ашық дереккөз
Үйің суық болса, оның кеңдігінен не пайда?

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне және тиісті мекеме басшыларына «халық қыста тоңбауы тиіс» деп ескертті

Әне-міне дегенше қыс та келіп қалды. Жыл сайын жылыту науқаны аяқталысымен алдағы қысқа дайындықты бастап кететін коммуналдық қызмет пен қалалық, аудандық әкімдіктер жауапты науқанға қандай дайындықпен келіп отыр? Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің мәжілісінде осы сұрақтың жауабы тарқатылды.

«2014-2015 жылдардағы қысқы жылыту маусымына дайындық барысы туралы» баяндама жасаған облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиевтің мәлімдеуінше, қысқа дайындық жұмыстары аяқталып қалыпты. Қысқы науқанға байланысты құрылған облыстық штаб біраз шаруа тындырса керек. Сегіз рет, оның ішінде Қаратау және Шу қалаларында үш рет жылжымалы отырысын өткізген штабта аудан әкімдері мен кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалып, проблемаларды шешу жолдары талқыланған. Облыстағы шағын қалалардың орталық қазандықтарына қажетті отын көлемін сатып алуға Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған қорынан 862 миллион 875 мың теңге бөлінсе, Қаратау қаласына табиғи газ алуға 215 миллион 388 мың теңгесі, Жаңатас қаласына мазут алуға 510 миллион 614 мың және Шу қаласына таскөмір алуға 136 миллион 872 мың теңге бөлініпті. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда шағын қалалардың қазандықтары отынмен толық қамтамасыз етілген. М.Төлеулиевтің тағы бір назар аударғаны – бюджеттік мекемелерді отынмен қамтамасыз ету болды. Жалпы бұл салаға 61851 тонна отын қажет болса, қазірге дейін көмірді уақытша сақтау қоймалары мен стансаларға ол 100 пайыз жеткізілген. Жеке тұрғындарға 338,4 мың тонна тас көмір қажет болса, бүгінгі күнге 212,5 мың тоннасы ғана түсіпті. Баяндамашы басқарма арқылы жүзеге асқан жобаларды да атап көрсетіп, жылу, электр энергетикасы, газбен жабдықтау бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Жаңатас қаласындағы «Жаңатас су-Жылу», Қаратаудағы «Игілік» және Шудағы «Шу-Жылу» кәсіпорындарындағы жұмыс ырғағына да тоқталды. Облыс бойынша 1513 көпқабатты тұрғын үй болса, Тараз қаласындағы 1235 үйдің қысқы маусымға – 96,4, Жаңатастағы 81 үйдің – 98,8, Қаратаудағы 136 үйдің – 94,9 және Шудағы 56 үйдің 92,9 пайызы қысқы жылыту маусымына дайын. Жалпыүйлік есептегіш құралдарын орнату шағын қалаларда 100 пайыз орындалғанымен, облыс орталығында 73,6 пайызын ғана құраған. Биыл «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту» АҚ-нан бөлінген 98 миллион теңгеге 132 көпқабатты тұрғын үйге 154 жалпыүйлік есептегіш құралдарын орнату жоспарланыпты. Одан әрі М.Төлеулиев білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша слайд арқылы дайындық жұмыстарына кеңінен тоқталып, дебиторлық қарызды да еске салды. Баяндамасын қорытындылай келе, ол Тараз қаласы мен аудан әкімдерін, басқармаларды басқарып отырған әріптестеріне аса жауапты науқанға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жылыту маусымына бірден бір жауапты басқарма басшысының баяндамасына қарағанда қысқы маусымның басталуына қала да, аудандар да дайын. Расында да жағдай осылай болса онда алдағы қысқа алаңдауға негіз жоқ сияқты. Бірақ, қыстың ұзақ әрі қатты болатынын ауа райын болжаушылар айтып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болғанда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа қысқы маусымды өткізу үлкен жауапкершілік екенін айтып, нақты міндеттер жүктегені белгілі. Сондықтанда облыс әкімі баяндамашыны сұрақтың астына алды. – Әлі де болса уақыт бар. Жылыту маусымы басталатын 15 қазанға дейін 100 пайыз дайын болуымыз керек. Осында отырған қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары әр сала бойынша жылу берілетін нысандардың құжатын дайындау қажет. Комиссия құрып, өмірлік маңызы бар нысандарды тағы бір тексеріп шыққан жөн. Кемшілік болса қазір айтыңыздар. Әлгінде сіз науқанға 100 пайыз дайынбыз деп айтып кеттіңіз. Өткенде бір жағдай болған, жаңа оқу жылына 100 пайыз дайынбыз деп, ақыры бір-екі мектеп дайын болмай шықты. Қаратау қаласында 2013 жылы орын алған төтенше жағдай барлығыңыздың есіңізде болар. «Игілік» кәсіпорнындағы 6-шы қазандықты бұзып, жаңадан тұрғызуды тапсырғанмын. Жұмыс 15 наурыз күні басталды. Міне, бүгін 25 қыркүйек, жұмыс бітті ме? – деді, облыс әкімі.

Облыс әкімі М.Төлеулиевтің жауабына қанағаттанбай осы сұрақты Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаевқа қойды. Ол мердігер мекеме құрал-жабдықты толық жеткізгенін, бүгінге жұмыстың 90 пайызының аяқталғанынан хабардар етті. Мәжіліс жұмысына қатысып отырған «Игілік» кәсіпорнының директоры Рашид Сейдалиевтің атына сын айтылды. «Дебиторлық қарызды тұрғындардан облыс әкімі барып жинап беру керек пе?» деп, Кәрім Нәсбекұлы аудандық орталық ауруханаға жылу толыққанды жетпейтінін де атап көрсетті. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұловтың берген жауабына қарағанда, аурухана жылу жүйесінің «соңғы нүктесінде» орналасқандықтан тиісті мөлшерде берілмейді екен. Бір ғана аурухана емес, сол тұстағы қарттар үйі мен колледжге де қыстай берілетін жылу талапқа сай емес. Осыны атап көрсеткен облыс әкіміне С.Дадабаев ауруханаға қосымша желі тартылғанын және қарттар үйіне де жеткілікті мөлшерде жылу беріледі деп сендірді. 

Облыс әкімі Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Қаратау қаласына мол қаржы бөлініп жатқанын, осы қаржыны тозығы жеткен осындай ішкікварталдық жөндеу жұмыстарына тиімді пайдалану керек екенін еске салды. Бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке осы мәселемен мықтап тұрып айналысуды міндеттеді. Кәрім Нәсбекұлы «Шу қаласына газ әкелдік. Биыл қаланы газбен жылыта аламыз ба? Қала неге газбен толық қамтамасыз етілмей отыр?» деп Шу ауданының әкімі Бақытжан Нүркеновке сұрақты төтесінен қойды. Елбасына таныстырылған екі жобаның бірі – Қордайдан Шуға тартылған газ желісі еді. 40 мың халқы бар қалада бар-жоғы 456-ақ үйге көгілдір отын кірген. «Күніне бір үйді газбен қамтамасыз етсеңдер де осы уақытқа дейін бітіретін едіңдер» деп аудан басшысын сын тезіне алды. Аулаға келіп тұрған газды үйге кіргізу үшін тұрғындармен нақты жұмыс жүргізу керек екенін қадап айтқан Кәрім Нәсбекұлы қаланың орталық қазандығының жұмысына да назар аударды. Газбен жылытылатын қазандықтың жоспарын жасауда маңызды екенін атап көрсетті. Облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың мәліметіне қарағанда, мектептерді отынмен қамту әр ауданда әрқалай көрінеді. Дегенмен, Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікенов С.Құрманбекованың келтірген мәліметімен келіспей, аудандағы білім беру мекемелері 100 пайыз отынмен қамтамасыз етілді десе, Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов мектептердің қоймасына сыймаған отын стансада тұр деді. Облыстың білім саласына жауапты басшы мен аудан әкімдерінің қайсысыныкі дұрыс, қайсысыныкі бұрыс екенін алдағы қыс көрсетер. Әйтеуір, балаларды жауратып алмасақ болғаны. Кәрім Нәсбекұлы «Қыстың ортасында отын болмай, суықта қалмайық» деп ескерте келе осы мәселені назарда ұстауды бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен орынбасары Ерқанат Манжуовқа жүктеді. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Мұқан Сәдуақасовтың хабарламасына қарағанда облыстағы газ құбырларын және қондырғыларын ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарға сәйкес 100 пайызға орындалған. -Жоба бойынша 2012-2019 жылдар аралығында ескірген болат құбырларды жерасты полиэтилен газ құбырларына ауыстыру қарастырылған. Полиэтиленді газ құбырының жалпы ұзындығы 940 шақырым. 22782 дана жеке «ШП» орнатылады, – деді ол. Сонымен қатар, хабарламашы жоба қолға алынған жылдан бастап бүгінге дейін және келешекте атқарылатын жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Бүгінде қалған шаруалар ретке келтіріліп, асфальтты қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатса керек. Биылға межеленген жұмыс қазан айында толық аяқталатын көрінеді. Облыс әкімі хабарламашыға асфальтты қалпына келтіруде сапасына аса мән беруді тапсырды. Осы жоба іске асып жатқандықтан, облыс орталығының бірнеше көшесін қайта жаңғырту кешеуілдеп жатыр екен. Мейлі, тараздықтарға газ да керек, тақтайдай тегіс көше де керек. Бәрі ел үшін жасалып жатқан игілік болған соң, оның ерте кеші жоқ. Одан әрі жылу, ыстық, суық су беретін, электр қуатымен қамтамасыз ететін және жолға жауапты мекемелердің басшылары қысқы маусымға дайындықтары жөнінде қысқаша хабарлама жасады. Облыс әкімі «Қазақавтожол ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалының директоры Ержан Жасыбаевқа қыс мезгілінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолына бақылауды күшейту қажет екенін есіне салды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе маңызды болғандықтан барлық саланың қысқа дайындығы айрықша пысықталды. Мемлекеттік мекемелерді былай қойғанда, облыстағы имандылық үйлері – мешіттердің де қысқа дайындығы сөз болды. Қалай болғанда да қыс қыстығын жасайды. Сондықтан ешкім де бүрсең қақпауы керек. Мұны облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, барлық басқармалардың, мекемелердің басшыларына, тіпті облыстық әкімдіктің мәжілістеріне қатысатын Тараз қаласы мен аудандық мәслихаттың хатшыларына дейін шегелеп тапсырды. Облыстық әкімдік мәжілісінің күн тәртібіне шығарылған мәселелердің бәрі қаралып, тиісті қаулы қабылданды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар