Ольга Довгун 44 жасында топ жарды
Азия ойындарында қазақ спортшылары алма-кезек жүлде алып қуантқанымен, кейбір сәттерде фаворит саналған спортшыларымыз алтыннан қағылып та қалып жатыр. Айталық, 94 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Алмас Өтешов Азияда алтынын алады деп жоспарланғанымен, іс жүзінде Сыр елінің үміті күмісті қанағат тұтты. Серпе көтеруде алдымен 170 келі зілтемірді ырқына бағындырған қазақ зілтеміршісі, кейіннен 175 келіні де еш қиналмай еңсерді. Алайда, ол үшінші мүмкіндігінде 177 келілік зілтемірді көтере алмады. Дегенмен, алғашқы жаттығудан кейін негізгі қарсыласы қытайлық Лю Хаудан екі келі нәтижесімен алда тұрды. Екінші жаттығуда да Алмас бастапқыда жақсы өнер көрсете бастады. 212 келіні жерден жұлқып алған ол келесіде 218 келілік зілтемірді көтере алмай қалды. Ал бұл сәтті ұтымды пайдаланған қытайлық ауыр атлет 215 келіні көтеріп, Алмастан бір келіге ұзап шықты. Екеуі де екі мүмкіндіктерін пайдаланған. Дәл осы жерде Алмастың кем дегенде күміс алғаны мәлім еді. Әттең, бапкері Елжас Болтаев нар тәуекел жасамады. Жаттығуларда 225 келіні оңай еңсеріп жүрген Алмас үшінші мүмкіндігінде қытайлықпен тактикалық ойын ойнауға тиіс болатын. Сөйтіп Лю Хауды жаңылдырып барып, алтын алуға болушы еді. Бірақ Алмас сол 218 келіге қайта тапсырыс беріп, сол салмақты еңсерді. Бұдан кейін қытай спортшысы 221 келіні бағындырып, Алмастан алтын медальді тартып алды. Өтешовтың қасында ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни болғанда тактикалық ойын орын алар ма еді, кім білсін? Лю Хау қоссайыс нәтижесінде 394 ұпай жинаса, Алмас одан бір келіге қалып қойды. Дәл осы салмақта олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин Лондонда 418 келіні қоссайыста бағындырып, әлем рекордын жаңартқан болатын. Сол сында жүлделі орын алған спортшылар 410 келіден кем ұпай жинамағанын пайымдасақ, Алмасқа жаттығуды әлі де күшейту керектігін түсінеміз. Ал негізінде 69 келіде өнер көрсетеді делінген Жазира Жапарқұл бізге белгісіз себеппен 73 келіде бақ сынап, төртінші орынға табан тіреді. Өз салмағында шыққанда жүлде алу мүмкіндігі зор болатын... Ольга Довгун елу метрлік үш позиция атудан алдына жан салмай, Азияда алтынын алды. Ол Азиядаға қатысып отырған 44 жасар спортшы. Дәл осы жарыстың командалық сынында бізге қола жүлде бұйырды.
Бет қатталып жатқанда: 50 метрге брасс әдісімен жүзген Дмитрий Баландин Азиаданың 3 дүркін чемпионы атанып, қоржынға сегізінші алтынды салды. Сондай-ақ ауыр атлет Мария Грабовецкая Азиаданың күміс жүлдесіне қол жеткізді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді