«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Хакім шығармалары қай кезде де құнды

Хакім шығармалары қай кезде де құнды
ашық дереккөз
Хакім шығармалары қай кезде де құнды
Есет ДОСАЛЫ  width= Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық торқалы тойы еліміз бойынша аталып өтіп жатқаны баршаға мәлім. Қазақ үшін алып ақынның өлмес мұрасы ешқашан құндылығын жоймайтыны ақиқат. Дарабоз ақынның қара сөздері қай кезде де біздің санамызды сілкитіні сөзсіз. Ондағы құнарлы ойлар әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған емес, жоймайды да. Хакімнің 175 жылдық мерейтойы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған емес. «Біз Абайдың «толық адам» тұжыры­мын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеу­лерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келген­де, өмірі­міздің кез келген саласының, мемле­кетті басқару мен білім жүйе­сінің, бизнес пен отбасы институттары­ның негіз­гі тұғырына айналуы керек деп есеп­теймін. Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масыл­дықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салын­бай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы ең­бек арқылы шыңдап отыруды құп көре­ді. Сонымен қатар орынды әре­кет­­тің уайым-қайғыны жеңетінін дәлел­­деп, масылдықпен күрестің психо­ло­­гия­лық қырларына терең бойлайды. Қазір біз көп айтып жүрген эмоцио­нал­ды интеллектіге де сол тұста назар ау­дар­ды. Мақтан мен масылдық психо­ло­­гия­дан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихат­таған. Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал ең­бегі­мен айналасына үлгі болуы керек»,-деген Мемлекет басшысының сөзі баршамыздың көкейіміздегіні тап басып отырғаны ақиқат. Абайдай тұлғаның бойындағы адамгершілік қасиет пен биік болмысы һәм мәңгілік мұралары, қара сөздері біраздан бері жалпыұлттық масштабта жиі айтылып, жас ұрпақтың жадында қайтадан жаңғырып жатыр.  Ол – өте қажетті дүние. Өмірге келіп жатқан бүгінгі толқын Абайды білсе, Абайды түсініп, өсиетімен жүрсе еш қателеспейді деген ойдамыз. Әрине, қазақ халқының байырғы тарихында ұлт үлгі тұтарлық дарабоз тұлғалар өте көп болған. Олардың арасында хакім Абайдың шоқтығы қашанда биік тұрады. Мұны ешкім теріске шығара қоймас. Бүгінгі мақаламда Абай өлеңдерінің жастарға әсері, тағылымы жөнінде ой сабақтауды жөн көрдім. Өйткені ұлы тұлғаның шығармалары ұрпақ тәрбиесінде де зор маңызға ие деп түсінемін. Хакім әлемі  – ешқашан ескірмейтін тақырып. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың заманында Абайды терең мұхитқа теңегені бекер емес. Абай – мұхит. Ол – сезімнің, өнегенің, асыл істердің таусылмас мұхиты. Абай өлеңдерін өз басым 7-8 жасымнан мектеп оқулықтарынан бастап оқып келемін. Содан бері ойымнан ешқашан кеткен, жадымнан өшкен емес. Жатталып қалған. Ескірмейді де, жойылмайды. Неге? Абай өлеңдері неге өміршең болды? Бұл сұрақтың жауабы дайын. Хакім жырларының өміршеңдігі оның халық жағына шығып ой толғауында, қарапайым көпшіліктің мұң-мұқтажын, қажеттілігін сезіне білуінде деп айтсам, артық кете қоймаспын. Біздер алғашқы оқыған Абай өлеңінің бірі: «Ғылым таппай мақтанба» деп келеді. Мектеп жасындағы балалардың барлығы да аталмыш шығарманы оқып, қажеттісін көкейіне тоқып өскені рас қой. Хакім өлеңдерін мақтаныш үшін, ақын деген атқа ие болуы үшін емес, жас ұрпаққа ой салып, тәрбиелеу үшін жазады. Ойшыл:  «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дейді. Қашық бол деп отырған бес нәрсесі –  «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ». Осы бес жаман қасиет кімге абырой әпереді дейсіз? Әрине ешкімге. Бір азаматтың бойында барлық жақсы қасиет бар дейік. Бірақ, ол өтірікші болса ше? Өтірікшілігі оның барлық жақсы қасиетін жояды да жібереді. Сол сияқты өсекшінің де, мақтаншақ, еріншектің де опа таппайтыны белгілі. Әсіресе, бекер мал шашпақтан сақтандыруы қандай ғажап десеңізші. Бүгінгі таңда осы ысырапшылдық, даңғойлық сипаттардан құтыла алмай, бүкіл жұрт болып күресіп жүрген жоқпыз ба? Абайдың асық бол деп отырған бес асыл ісі – «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым». Тәуелсіз еліміздің дамуына қарқынды үлес қосып жүргендер кімдер? Олар – талапшылдар. Ел жастары талаптанып үлкен университтеттерде оқып, болашаққа керек білімін жинап жатса, заман талабына сай кәсіпорын ашып жатса, мұның бәрі – талапшылдық. Абай айтып отырған еңбек пен терең ойдың жемісін де осы төңіректен іздеуге болады. Ал қанағат, рахым деген қасиеттерге ұмтылуы – адамның аса биік келбеті, болмысы. Кейде алған заманауи білімі өте жоғары азаматтардың да пендешілікпен қанағаттан аттап кететін, мейірімділікті жоғалтып алатынын сезіп жүрміз. Абай данышпанның қанағат деп отырғанын бүгінгі жемқорлыққа жол беріп жатқандармен байланыстыруға болады. Қоғамда жемқорлықпен күрестің өзі үлкен күрделі мәселеге айналып отыр. Ол үшін елімізде арнайы агенттік құрылса, барлық облыста оның департаменттері тынымсыз жұмыс істеуде. Абай жемқорлықтың, тойымсыздықтың жегі құрт екенін бір шумақ өлңге сыйғызып отыр. Даналық па, даналық! Енді келесі бір өлеңіне назар аударыңыздаршы: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. “Мені” мен “менікінің” айрылғанын “Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес, - дейді. Абай жырлап кеткен осы бір шумақ өлеңнің тереңдігіне әлі жете алмай келеміз. «Мен» дегеніміз «рух»  (жан) екенін, «менікі» деген тән екенін, хакім аз ғана өлең жолымен түсіндіріп беріп отыр. Бұл ретте Абайдың діни білімнен, шариғи ілімнен терең хабардар болғанын түсінеміз. Діни сауаттылық мәселесі Абай дәурінде де өзекті болса, бүгінгі таңда да аса маңызды болып отыр. Кейбір жастарымыздың ата-анаға, Отанға деген құрметінің төмен болуы өкінішке қарай осы діни тұрғыдағы сауатсыздықтан шығып отырғанын үнемі айтып келеміз. Бұл жерде «Абай сонда тек дінді ұстанып ғана жүрген бе, айналасындағы қоғамдық істерді, өнер мен мәдениетті көрмеген бе?» деген бір сауал туындамауы керек. Өйткені оның тұтас шығармасы – қазақтың жаны. Ұлы хакімнің тағы бір өлеңіне зер салып көрейікші. «Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі. Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, Ол да қылған кедейге үлкен сыйы», -деген өлең жолынан зор кісілік көрініп тұр ғой. Бұл өлең Құнанбайың бір баласы Тәкежанның жалшыларына деген қаталдығы кезінде шыққанын білеміз. Құнанбайдың баласы бола тұра, Абай жүрегі шындық, тазалық деп соққанын осы жырлардан тануға болады. «Құлақтан кіріп, бойды алар Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй»-дейді дарабоз ақын. «Құлақтан кіріп бойды алар» ән атаулыны тыңдама деп тұрған жоқ. Керісінше, «Әнді сүйсең, менше сүй» деп өнерпаздың сезімін, өнерін, жандүниесін құрметтеуге шақырып тұр.  Ал енді: «Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп, Ауылдың маңы терең сай, Тасыған өзен гүрілдеп» деген өлең жолдарынан Абайдың табиғат лирикасына да айрықша ден қойғанын, толғана білетінін көруге болады. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы»-дейді Абай. Өлеңді сөздің патшасына теңеген хакім «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» дейді. Бұл жерде данышпанның «Не айтсаң да жүрекке  жеткізіп, шеберлікпен жеткіз, жылы жеткіз»   дегенін  аңғару қиын емес. Абайдың бүгінгі қоғамдағы кейбір қатыгездікті, мейірімсіздікті ғасырдан астам уақыт бұрын көріп, алдын ала болжап кеткеніне таңғалмауға болмайды. Хакім «Заман ақыр жастары» өлеңінде: «Заман ақыр жастары, Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа Қойнына тыққан тастары», - дейді. Қазіргі таңда діни түсінігі әртүрлі болып, бір бірімен қырғи қабақ болып жүрген түрлі топтағы түрлі жастардың бар екені жасырын емес. Олар талай жылдардан бері өз түсініктерінен шыға алмай, бір біріне деген араздықтарын да жоя алмай келеді. Осы жағдайды хакім: «Біріне бірі қастыққа, қойнына тыққан тастары» деп бір ауыз жолмен нақты түсіндіріп беріп отыр. «Алланың өзі де, рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашанда жалған болмас», - деп жырлаған Абай өлеңі талайға таусылмас өнеге. Еліміз Тәуелсіздік алғандағы жетістіктің бірі ретінде асыл дінімізбен, Исламмен қауышқанымызды мақтана айтамыз. Дегенмен, талай жыл кеңестік кезеңде өмір сүрген, партияның көзін көрген аға толқын Алланың әміріне, ислам дінінің талаптарын орындауға онша мойынсұна бермейтін секілді. Абай данышпан:  «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп бұл жағдайды айдан анық түсіндіріп береді. Бір таңғаларлығы, Абай жырлары екі ғасырға жуық уақыттан бері талай ұрпаққа нәр беріп келе жатса да, еш құнарын, күшін жойған емес. Біз бала күніміз де мектап оқулығынан оқыған Абай өлеңдері күні бүгінге дейін маңызын, мәнін жоғалтпағаны қуантады. Тіпті, ата-апаларымыздың жадында жатталған Абай жырлары да ешқашан ұмытылмай келеді. Абай жырларының өміршеңдігі қоғамға ой салып, барша қазақ елін тәрбиелей алатын ерекшелігінде. Оны бүгінгі таңда әдебиет саласындағы белгілі ғалымдар да, жоғары оқу орындарының профессор, оқытушылары да көз жеткізіп, айтып келеді. Абайдың әндері де құлақтан құлаққа жетіп, сол кездегі ғаламат әсерін әлі де жойған жоқ. Жүздеген оқу орындары мен мыңдаған мектептерде, беделді белді театрларда Абай мұраларына қатысты сүбелі шығармалар қойылып, репертуардан түспей келеді. Қалай десек те Абай лирикалары – алуан сырлы, мазмұнға бай, адам жанын тебірентерлік нәзіктікпен үйлеседі. Ақын лирикасы – нәзік сезімді толғауымен ғана емес, сонымен бірге, өзінің әлеуметтік рухымен де, терең ойлылығымен де, асқан суреттілігімен де жаңа мәнді реалистік шығармалар ретінде жүректерге жетеді. Сонысымен санамызға сіңе түседі. Абай Пушкин мен Лермонтовтың реалистік әдістерін жете меңгерген ғұлама ақын ғой. Абай – Лермонтов сияқты өзі өмір сүрген қоғам озбырлығына батыл қарсы шыққан мықты, рухты ақын. Ұлы хакімнің көптеген тамаша шығармалары Лермонтов шығармашылығындағы азаматтық әуенмен үндес десек, еш қателеспейміз. Мұндай шығармалардың қатарына оның: «Жүрегім нені сезесің», «Менсінбеуші ем наданды», «Сегіз аяқ», «Не іздейсің көңілім, не іздейсің?», «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», «Жүрегім менің қырық жамау» т.б. өлеңдері жатады. Ұлы ақын аудармасы арқылы Лермонтовтың «Тұтқындағы батыр», «Ой», «Альбомға», «Қанжар», «Дұға», «Теректің сыйы», «Шайтан», «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр», «Вадим», «Бородино» және басқа өлеңдері қазақ арасында тұңғыш тарады. Ол аталмыш шығармаларды еркін және дәлме-дәл аударуы арқылы еліне таныстырды. Құдайшылығына келсек, Абай – терең ойдың, ақылдың ақыны. Ол әрбір шығармасын жүрек тебіренте тереңнен толғайды. Кемеңгер ақын өлеңдерін сыдыртып оқып шығып, толық түсінік алдым деу қиын. Әрбір өлең жолдарының өзіне үңіле, ойлана оқу ғана дегенге жеткізеді. Оқыған сайын бұрын оқыған Абай сөздерінің жаңа сырын ашып отырасың. Шынын айтсақ, Абай- қазақ поэзиясында нағыз реалистік образ, шебер сурет, жаңа көрініс жасаған білімді, мәдениетті ақындардың көшбасшысы. Иә, хакім мұралары сонысымен де құнды. Абай жырлары Абай тағылымы мәңгілік жасай бермек!    

Ұқсас жаңалықтар