«Көшпелі алтынның» құпиясы

«Көшпелі алтынның» құпиясы
ашық дереккөз
«Көшпелі алтынның» құпиясы

17«Көшпелі алтын» жайлы әңгімені алғаш рет бала күнімде анам Бүбішынардан естіп едім. Ол кісінің әкесі менің нағашы атам Сәйбек деген кісі бойына қасиет дарыған, балаларды көз тигеннен емдейтін тәуіпшілігі бар жан болыпты. Өздері Шу өңірінде тұрған. Ауыл сыртындағы қырманда қарапайым күзетші болып еңбек етіп жүрген атамыздың тұрмыс жағдайы да төмендеу болса керек. Күні-түні қырманның күзетінде отыратын Сәйбек бір күні тура аңыз-ертегіде кездесетіндей күтпеген жағдайға тап болады.

Қараңғы түн. Ұйқы қысқан атамыз айнала төңірекке сығырая көз тігіп отырады. Кенет, анадай жерден бірнәрсе жылт-жылт етіп көзіне шалынады. Басына бір бақтың келе қойғанын сезген атамыз әлгі жылтылдаған жерге лезде келеді. Бір орыннан екінші орынға сусылдап ауысып тұрған жылтырақтың көшпелі алтын екенін ол кісі дереу біле қояды. Сөйтіп, азу тісін қанатып жіберіп, алтынның үстіне тамызғанда алтын үлкен жұдырықтай болып ұйысып тұра қалады. Алланың бұл сыйына салауат айтып, ол кісі алтынды үйіне алып келеді. Әкелген олжасынан бірінші өзінің қалтасына салып жүретін кішкентай кездігіне сап жасайды да, қалғанын сандыққа салып қояды. Ел іші болған соң біреуден біреу іліп әкетіп, бұл әңгіме жұртшылыққа тегіс тарап кетеді. Күндер зулап өте береді.

1937-1938 жылдары басталған жаппай қуғын-сүргін мен тәркілеудің залалы сол көшпелі алтын үшін атамыздың шаңырағына да әсер етпей қоймайды. Үйінде бейқам отырған атамызды тәркілеушілер келіп, алтынын өз еркімен беруін талап етеді. Келіспеске амалы жоқ атамыз алтын салынған сандықты әлгілердің алдына әкеліп ашып береді. Олар сандықты ары ақтарып, бері ақтарып, алтынды таппай кетіпті. Сонда менің анам Бүбішынар он үш жасар қыз екен. Әкесіне жүгіріп барып: «Біздің алтынымыз қайда?» деп сұрағанда, әкесі: «Ол зұлымдық жоқ жерге, өзіне жайлы жаққа көшіп кетті. Мен оны қорғай алмадым» деген екен күрсініп. Жалпы анамның айтуы бойынша көшпелі алтын кез-келген жанға көріне бермейді екен. Оның қасиетін біле алатын адамның қолына түсуді армандап, соған жылтылдап белгі беретін көрінеді. Тек оны дер кезінде сезе қойып, бойыңнан қан тамызып, ұстап қала алады екенсің. Осы әңгімені естігеннен кейін көпке дейін үлкен әсермен жүрген едім. Бүгінде анам да, атам да өмірде жоқ. Өзім зейнетке шықтым. Кейінгі жастарға ғибрат болсын деп естігенімді «Тылсым дүние» арқылы айтуды жөн көрдім.

 

Мейрамкүл Өскенбаева,

зейнеткер.

Ұқсас жаңалықтар