Уақытты үнемді пайдалана білгендер

Уақытты  үнемді пайдалана білгендер
ашық дереккөз
Уақытты үнемді пайдалана білгендер

Әлемнің кейбір ойшылдары мүмкіндігінше уақытты тиімді пайдалануға күш салған көрінеді. Бұл ұстанымнан мұсылман ғалымдары да шет қалмаған сыңайлы. Мысалы, небәрі қырық бес жасында қайтыс болған Ислам ғұламасы Науаидің артына тастап кеткен мол мұрасын есептесеңіз, қырық бес жылға қайта сыйғыза алмайсыз. Өйткені, ол уақытын барынша үнемдеген. Ғылым-білім алуға, ғибадаттарын атқаруға уақыт жеткізу үшін ол кісі күніге тек қана сәске уақытында бір-ақ рет тамақтанған екен.

Әш-шайх Фахраддин «Аллаһқа ант етейін, тамақ жеген уақыттарымда ғылыммен айналыса алмағаныма қатты өкінемін. Өйткені, уақыт қашан да қымбат қой»,– деген екен. Ал Әл-имам Әбул Уәфа Әли ибни Ақил «Мен ас ішетін уақыттарды қысқарту үшін қолымнан келген барлық мүмкіндікті қарастырамын. Тіпті, көп шайналатын тамақтан гөрі тез жұтылатынын таңдаймын. Неге десеңіз, шайнауға да уақыт кетіп қалады. Содан барып жазуға, оқуға көп уақыт таба аламын» депті. Маруфул-Кархи болса әңгімені тым көбейтіп жібергендерге: «Күн періштесі Күнді жылжытуын қояр емес, сендер қашан орындарыңнан тұрмақсыңдар», – деп ренжиді екен.

Замандастарының айғақтауынша, Ибни Ақил ешқашан да уақытты босқа өткізбейді екен. Тыныққан уақыттарын ол былай деп суреттеген. «Қолым қалт етіп демалған кездерімде мен аяқты созып құр жатқаннан гөрі терең ойға беріліп, ойша біраз мәселелерді шешумен айналысамын. Жазатындай бірдеңе есіме түсе қалса, дереу тұрамын да жазамын. Сексен жасымда ғылымға деген ынтам жиырма жасымдағы кезіме қарағанда әлдеқайда жоғары болатын»... Айтқанындай, осыншалықты ынтасының арқасында ғана Ибни Ақил ғылымның 20 шақты түрлі саласында өте құнды еңбектер қалдырған.

Көп кітап оқуға құштар Жахиз кітап сатып ала беретін ақшасы болмағандықтан, кітапханаларды түні бойы жалға алып, кітап оқумен айналысатын болған.

Андалусиялық ғалым Ибну Рушд үнемі кітап оқудан бас алмайтын болған. Тұстастарының айтуынша, оның өмірінде кітап оқымай өткізген екі-ақ түні болған екен: біреуі – үйленген түні, екіншісі – әкесі қайтыс болған түн.

Ислам ғұламаларының бірі Фахраддину-Рази дастархан басында бір жағынан тамақ жеп, екінші жағынан шұқшия кітап оқып отыратын болған. Үйінен шығып мешітке жеткенше көлікте отырып, шәкірттеріне сабақ берумен болатын деседі. Рази уақытқа аса көңіл бөлген.

Медицина саласында өте құнды еңбектер қалдырған, қан айналымының заңын ашқан ғалым Ибну-Нәфс жазу кезінде қолындағы қаламның сиясы бітіп қалғанда, оны ашып уақыт шығындамау үшін қасына бірнеше қалам қойып, солардың кез-келгенімен жұмысын ары қарай жалғастыра беретін болған.

Ибнул-Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Сол себепті басқаларға сөздің де, істің де ең жақсысын ұсынуы тиіс. Адам үнемі істің ең жақсысын жасауға ниет ете білуі керек. Өйткені, хадисте: «Мұсылманның ниеті амалынан игі» деген. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатамын. Өмірдің мәнін түсініп, жол азығын дайындайтындар қандай аз. Өміріңнің өткен кезеңдеріне көңіл бөл! Мүмкіндіктерді жіберіп алмай тұрып, қарманып қал! Уақыт мәселесінде жарысыңдар!» деген екен. Оның өміріне көз жібергенімізде, расында да, уақытты өте үнемді пайдаланғанын байқаймыз. Өмірінің бір сәтін де бекерге өткізбеген. Ғылымның біраз саласында еңбек жазып қалдырған. Кейбіреуі 20 томға жететін 340-тан астам еңбек қалдырған. Күн сайын төрт қалың дәптерлік жазу жазған. Бір жылда жазғаны 50-60 томға жеткенін байқаймыз. Ибнул-Жаузидің бір кітап жазу кезінде ұштаған қалам жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен.

Яхия ибну Хубайра соңында «Барынша сақтауыңды қажет ететін ең бағалы нәрсе – ол уақыт. Бірақ байқаймын қолыңнан тез сусып кетіп жатқан нәрсе де сол» – деген мәтінде тәмсіл сөз қалдырыпты.

Ал әйгілі салыстырмалылық жалпы теориясының авторы, көрнекті физик-теорияшы, халықаралық Нобель сыйлығының лауреат, Альберт Эйнштейн киім таңдап уақытты шығындамау үшін бірдей бірнеше костюм сатып алып, қажет уақытта кез-келгенін киіп кете беретін болған. Мұндай уақыт үнемдеушілік әсіресе қазіргідей космос ғасырында қажет-ақ сияқты.

 Үмбет Сабырханов.

 Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар