Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының тұрғыны Артық Ақтөреев Мырзашөлдің қауындарын Германияның Штутгарт қаласына апарып сатуда. Немістердің Жетісай өніміне үйренгені соншалық, бір автокөлік қауын бір күнде сатылатын деңгейге жетіпті. Оңтүстіктен Германияға қоныс аударған азаматтар арқылы олармен алғаш іскерлік байланыс орнатқан Артық шаруа қожалығында өсірген қауындарын сонда апарып ұсынған екен. Дәмі тіл үйірер тәтті қауындарды немістер ұнатып, бұл күндері аталмыш өнімге деген сұранысты да арттыра түсіпті. «Алғаш Германияға шығарғанда қалай болар екен деп аз ғана қауын апарып едік. Қазір қауынға олар да үйреніп алды. Бұрынғыдай 5-6 машина емес, 20-30 машина қауын алып жатыр», – дейді «Қаршыға» шаруа қожалығының жетекшісі Артық Ақтөреев. 1996 жылдан бері қауын өсіріп келе жатқан шаруашылық Германияның Штутгарт қаласындағы «Луганово» фирмасымен келісімге отырған. Мұздатқышы бар заманауи шетел көліктерін 5 мың еуроға жалдап апарған Мырзашөл қауынын немістер келісін 1 еуродан сатып алуда. Дүкендеріндегі сатылу бағасы 1.79 еуро екен. «Хабар» агенттігінен көрсетілген осы хабарды көріп отырып «ойпырай-а» дестік. Әшейінде, аса мән бере қоймайтын қауын өнімінің саудалай білсең пайдасы шаш етектен екен-ау. Иә, елімізде өсірілген өнімнің талғампаз Еуропа тұрғындарын таңқалдырып жатса, қуанбасқа не шара. Мұндай игілікті іс біздің өңірімізде де бар. Өткен аптада іссапармен Талас өңірінде оның ішінде Ойық ауылындағы «Қойшыбай ата» шаруа қожалығының қауындығында болдық. Көсіліп жатқан жусанды жотаның етегінде қозы көш жерді алып жатқан сазды алқапта 50 гектар қауындық жайқалып жатыр. Күздің алғашқы күндерінен сарғыш тарта бастаған жапырақтардың арасынан самауырдай-самауырдай сары қауындар көзге анадайдан менмұндалайды. Бұл «Жұлдыз» атты күз маусымында пісетін күздік қауынның сорты екен. – Бұл қауынның ерекшелігі дәмі тәтті, сырты қатты келеді. Талас өңірінде ертеде мал өсірумен қатар дихандықты да кәсіп еткен. Әсіресе, қауын өсірумен аты шыққан дихан аталарымыз өткен. Қазіргідей техника жетілген заманда сол дихандықты неге жаңғыртпасқа деген ой келді. Төрт-бес жылдың жүзі болды өсірген қауынымызды еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіп, танылдық. Былтыр Ресей еліне 110 тоннадан астам қауын жөнелттік. Ал биыл Мәскеу қаласының кәсіпкер азаматтарынан сұраныс түсіп, осы бірер күнде осынша тонна қауынды жөнелткелі отырмыз, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Ақынбек Бектай. Иә, 50 гектар қауынның әр гектарына 15 тоннадан өнім береді деп күтіліп отырған қожалықтың жанкешті еңбегіне қалайша риза болмасқа. Ала жаздай ағын судың тапшылығынан қиындық көрсе де алған бетінен қайтпай осыншама тірлікті қолдан атқарған қожалықтың еңбегі ақталса, қане?! Мырзашөлдің қауынынан бір кем соқпайтын Таластың тәтті қауыны да Еуропа асар күн жақын болғай деп тіледік.
Әділбек Баққараұлы, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді