Елбасымыз өзінің биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтарды біріктіріп, ел болашағының іргенегізін қалаған басты құндылықтарды санамалап көрсетіп берді. Соның ішіндегі ең бастысы, бұл – Қазақстанның Тәуелсіздігі екенін ерекше атап өтті. Ал Тәуелсіздік дегеніміз – елдің егемендігі, халықтың бостандығы, сана еркіндігі. Елдің аңсарлы азаттығы, елшілдік-ұлттық санасы, тарихымен қоса, рухани құндылықтары, рухы. Сандаған ғасырлар бойы ата-бабаларымыз арман еткен, өзіміз бүгінде тәтті дәмін тату мүмкіндігіне ие болған Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, нығайту сіз бен біздің ең қасиетті борышымыз.
Қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім де шаңырағымыздың шалқақ, босағамыздың берік болуын қамтамасыз етіп отырған негізгі күлдіреуіштер деу ләзім. Қазақ ежелден-ақ өзгеге қыспақ көрсетпек түгілі көмекке мұқтаж кез-келген ұлттың өкілін бауырына баса білген дана да мейірімді халық. Біз – аға буын өкілдері, халқымыздың осындай игі қасиеттерін жас ұрпақ бойына сәтімен сіңіре білсек қана ертеңіміздің шуақты, еліміздің қуатты болатыны анық. Елбасы Жолдауының да қасиетті құндылығы осында болар, сірә. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен Тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің – қатер төнген сәттерде бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ, басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында бірге тірлік кешуге деген ынта-ықыласының арқасында тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің дербестігін, тәуелсіздігін сақтап, мемлекеттігін қалпына келтіре алғандығы тарихтан да аян. Сондықтан біздің ең басты мақсатымыз – тату-тәтті ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқымыздың тыныштығы мен көркейіп өсуі. Тәуелсіздігімізді тәбәрік тұтып, қолда берік ұстап тұру. Ел дегенде, жер дегенде – білегін сыбанып, іске дайын тұратын, еліміздің жарқын болашағы үшін күресе білетін, намысты ұрпағымыз болса, қоғамымыздағы ұлттық бірліктің іргесі шайқалмаса, ұлтымыз өз әдет-ғұрпын, таза тілін сақтаса, сөз жоқ, Елбасы айтқандай, Мәңгілік Ел боламыз, бұл –жеңіске жетуіміздің негізгі кепілі. Міне, біздің басты байлығымыз да – осы. Рухы еркін халық қана кез-келген мәселені шеше алады, әлемдік деңгейде өз орнын таба алады. Елімізде, жергілікті ұлт өкілдері өзінің тарихи негізді ұлттық құндылықтарын өзі де танып, өзгеге де танытып, ұлттық тілін құрметтеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелегенде ғана руханияты жоғары, зайырлы қоғам мызғымастай болып орнығатын болады. Қазақ – табиғатынан қарапайым, кешірімді, сөз құдіретін білетін, сөз құдіретіне үлкен мән беретін, түсі жылы, табиғатынан қайрымды да ақылды, жайдары халық. Халқымыздың мінез-құлқындағы бұл ерекшеліктері оның іс-әрекетінен, табиғи қарапайымдылығынан да көрініп тұрады. Бойында пайымдылық, кешірімділік, ата-баба дәстүрін құрметтеушілік қасиетін ұрпақ бойына сіңіре отырып, оларды жалқаулық пен тоғышарлықтан арылтып тәрбиелегенімізде ғана алдымызға қойған мақсаттарға жетеріміз анық. Нарықтық экономика талаптарына сай, бәсекелестікке қабілетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, білімді, жан-жақты дамыған, ақылды, ата-баба дәстүрін қастерлейтін ұрпақ қана кез-келген қиыншылыққа төтеп бере алатыны да белгілі. Ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық соғыстарға, отарлау езгiсiне, әдейi ұйымдастырылған ашаршылық пен босқыншылықтарға, саяси қуғын-сүргiндерге және т.б. озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейiн негiзгi халықтық-ұлттық дiлiн сақтаған қазақ ұрпақтарының ұлттық рухта тәрбиеленуі – аса зәру мәселе екендiгi айқын сезiледi. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» (1996) кiтабындағы «Мен өз халқымның көнбеске көнiп, шыдамасқа шыдай бiлетiн төзiмдiлiгiне қайран қаламын. Мәңгiлiктiң қатыгез басқыны бiржолата шайып әкететiндей талай қилы кезең тұсында қиналса да аман қалыпты. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бiрақ өмiрге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсенi көтерiп, тәуекелге бел буғызды» деген пiкiрiнiң қазiргi қазақ жастарының ұлттық рухты жоғары ұстауына тиянақты бағдар болатыны да күмәнсiз. «Ұлттың дамып, өркендеуі – оның әрбір өкілінің қаншалықты және қалай тәрбиеленгеніне тікелей байланысты. Ұлттың әрбір өкілі өзіне сын көзбен қарамаса, ішкі жан дүниесі нұрланбаса, ол ұлттың дамуын күту бекершілік», – деп ислам ойшылы әрі ағартушысы Ф.Гүленнің айтқанындай отбасы, бала тәрбиесінен бастау алатын ұлттық идеяның ұдайы жетілуі, ұлттық рухани құндылықтармен толысуы адамзат үшін аса маңызды өлшемдер болып табылады. Өйткені, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының қалыптасып, дамуына көп еңбек сіңірген ұлт зиялыларының, тарихи тұлғаларымыздың әр кезеңдегі әр саладағы ұлттық мүддені аңсаған арман-тілектері, ғылыми-танымдық, тәрбиелік, зерттеушілік еңбектері бүгіндері тәуелсіз ой-сана тұрғысынан қайта қаралып, тарих таразысына қайта салынып, жаңаша көзқараспен жүйелі түрде жазылып, ұлттық рухты асқақтатып, ұлттық тіліміз бен мәдениетімізді байытып отыр. Ана тілінде ойлаудан, сөйлеуден қалсақ, ұлттық рухымыздан ажырайтынымыз, өз ана тіліне менсінбей, жерсінбей қарайтындардың талайларының тағдыры тәлкектікпен аяқталатындығы да тарихтан белгілі. Ұлттың ең ұлы анасы тілі екенін, тілден ажыраған шақта ұлттың да жойылатындығы айдан анық. Халықтың түпсіз даналығы, өмірден түйген өнегелері, этикалық қағидалары, эстетикалық талғамы, тәлім-тәрбиесі тілі арқылы сақталып, тілі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататындығы анық. Біздің тіліміздің байлығы мен құнарлылығы кез-келген халықтың тіліндегі шығармалармен салыстырғанда да анық байқалады. Бұл тіл – ұлы Абай мен Мұхтардың сөйлеген тілі. Ата-баба құндылықтарын сақтап, оларды жіті біліп, терең меңгеру, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білу аға ұрпақтың парызы. Даналардың даналығы тілі арқылы жеткізіледі. Сондықтан, ең қымбат байлығымыз – ана тіліміз. Белгілі бір ұлттың мыңдаған ғасырлар бойы бой тұмардай сақталып, аялап келген тарихы, бай әдеби мұралары, ұлттық құндылықтары да осы тілі, яғни сөз өнері арқылы ғана ұрпақ санасына сіңеді. Елбасы «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», – деп тіліміздің мәңгілік тіл болатындығын дәлелді де айқын ойларымен жеткізді. Ежелден рух еркіндігін ерекше қастер тұтқан халқымыздың асыл дәстүрлері жаңа заманға жарасымды жалғасын тапты. Шынында да, өркениетті ұлт, ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тағдырымен, халықтың рухани алтын қорына қосылған қомақты да қыруар ұлттық құндылықтарымен мақтана алады. «Аты – Алаш, сүйегі – ағаш, шаңырағы биік киіз – туырлықты» халқымыздың, міне, осы асыл мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа ұлықтап жеткізуінде қарапайым қағида, өлмес өнеге жатыр.
Тұрсынай ӘБДІҚАДЫРОВА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді