Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 25 жыл
- author «Ақ жол»
- 21 қыркүйек, 2014
- 336
Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді... Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз мәңгілік ілімізбен бірге мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.
(Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан).Бүгінде егемендігін еншілеп, тәуелсіздігін айшықтаған қазақ деген ұлтты, Қазақстан деген мемлекетті танымайтын, оның қонақжайлылығына таңданып, сұлу табиғатына қызықпайтын, даласындай дархан пейіліне қызғанышпен қарамайтын ел жоқтығы анық. Алайда, қазіргідей әлемдік бәсеке жағдайында барлық жағынан алғанда күшті ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Күшті ұлт болу үшін күшті мәдениет жасау қажет, ал өзінің толыққанды мемлекеттік тілі жоқ ел ешқашанда өзгенің тілімен күшті мәдениет жасай алмайды. Өйткені, ұлттық мәдениет тірегі біреу ғана, ол – оның туған тілі. Ал осы тілді дамытудың бір жолы бұқаралық ақпарат құралдары екенін ескеріп, оған ерекше мән беріп, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын қазақ тілінде сөйлету қажет екені жиі айтылады. Осы орайда облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп, тіл саясатын жүзеге асыруда түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, өткізуде. Басқарма тарапынан ұйымдастырылған шараларды телеарна арқылы таратып, мерзімді басылымдарда жариялауды дәстүрге айналдырған. Өткізілген түрлі деңгейдегі іс-шараның бір де біреуі БАҚ өкілдерінің назарынан тыс қалған емес. Сонымен қатар, жүйелі түрде басқарманың ресми сайтында (www.lang-zh.kz) жарияланып отырады. Басқарма республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында облыстағы тілдерді дамыту мәселесі бойынша жарияланған материалдарға үнемі талдау жүргізіп, ұсыныс-пікірлерді уақтысында жүзеге асыру жұмыстарын ұйымдастырады. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді де дер кезінде жүзеге асыруды назардан тыс қалдырған емес. Дәлірек айтқанда, жергілікті БАҚ тілшілерімен өткізілген баспасөз-мәслихатында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда атқарылып жатқан оң істермен қатар, тіл жанашырларының патриоттық белсенді ұстанымын және тіл дамытудың түйткілді мәселелерін жергілікті БАҚ арқылы жұртшылыққа жеткізу және олардың тиісті шешімін табуына қозғау салу мақсатында, «Үздік журналист» байқауын тек жас журналистер арасында өткізу, облыстық байқауларды аудан орталықтарында, жаңа бағытта өткізуді және мекемедегі құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің арасалмағын арттыру бағытындағы жұмысты көшпелі жүргізуді ұсынды. Бұл ұсыныстар әрине, басқарманың жоспарына енгізіліп, кезең-кезеңімен өз шешімін тауып, орындалды. Ел тізгіні бүгінгі жастардың қолында деп сенім артамыз, ал сол болашаққа бастар жол төл тіліміздің кешегісі мен бүгініне, оның ертеңіне деген көзқарастан бастау алады емес пе? Жалпы, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау арқылы тілдік орта қалыптастыру, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне қолайлы жағдай жасау бұл әрине күштеп емес, үгіт-насихат арқылы жүзеге асырылады. Бұл мақсатта басқарма барлығы 59 іс-шара ұйымдастырып өткізсе, биыл тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу мақсатында көшпелі түрде аудан орталықтарында өткізілетін дәстүрлі шаралар да жалғасын тапты. Облысымыз республикамызда алғашқылардың бірі болып мемлекеттік тілге көшкен өңір. Бұрынғы жылдары сынға жиі ұшырап жүретін тұстардың бірі – ол мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жайы еді. Соңғы жылдары облыс әкімдігі тарапынан жергілікті атқарушы органдарда іс-қағаздарын мемлекеттік тілде ресімдеу жөніндегі талап күшейтіліп, осы бағытта әдістемелік көмек беру жұмыстары жүргізілді. Есепті мерзімде (2014 жылғы І жартыжылдық) облыстағы құжат айналымының тілдік арасалмағына жүргізілген талдау нәтижесі құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесінің облыс бойынша 98,8 пайыз екендігін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл қоғамның қай саласында болсын емін-еркін қолданылуы тиіс. Бұл орайда, қазақ тілін оқыту орталықтары ашылып, мемлекеттік тілді тегін оқыту курстары жүргізіліп жатыр. Тәуелсіздік алған тұстан бастап, қазақ тілін білмегендерге тілді үйреттік, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесін арттыру шаралары жүргізілді. «Алмақтың да, салмағы бар» демекші, ендігі кезекте, тегін оқыған білімді көрсететін, үйренуге кеткен уақытты саралайтын мезгіл жетті. Мемлекеттік бағдарламаның 2 кезеңінің жоспарына сәйкес ендігі кезекте тіл оқыту орталықтары аккредиттеуден (сенім білдірілген) өтеді. Жалпы республика бойынша 57 орталықтың тек 5-еуі ғана сенім білдіріліп, аккредитациялауға жіберіліп отыр. Осы бестікке енген Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарының қатарында оңтүстік өңірден Жамбыл облысы да бар. Бұл әрине, атқарылған жұмысқа берілген лайықты баға. Алдағы уақытта қызметке кірудің басты талабы мемлекеттік тілді білуінің нәтижесінде анықталатын болады деген жоспар да бар. Сондықтан, сынақтан бұрын байқау сынағынан өтіп жалпы тәжірибеде көрген өте дұрыс деп есептеймін. Бүгінде облыс халқының 94,5 пайызы мемлекеттік тілді толық меңгергендер, ал облыс тұрғындарының 28 пайызын құрайтын этнос өкілдерінің 54 пайызы қазақ тілін еркін меңгергендер. Бұл әрине мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген кез-келген азаматқа мемлекет тарапынан жасалған үлкен мүмкіндік пен толық жағдайдың көрсеткіші. Ендеше, сылтау айтып, жалтарудан гөрі, нақты іске көшіп, өзін-өзі қамшылау қажет деп білемін. Еліміздегі біртұтас мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында өзін Қазақстанның азаматымын, Отанымның патриотымын деген әрбір қоғам мүшесі өз белсенділігін танытуы тиіс. Ол оның перзенттік парызы.
Үртай САПАҚОВА, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы.Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді