Жамбыл облысында алтыншы «сервистік әкімдік» ашылды

Жамбыл облысында алтыншы «сервистік әкімдік» ашылды
ашық дереккөз
Жамбыл облысында алтыншы «сервистік әкімдік» ашылды
 width= Таразда сервистік әкімдіктің жаңа кеңсесі ашылды. Мұнда облыс орталығының тұрғындарына ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметтер ұсынылатын болады. Төле би көшесі, 55-үйде орналасқан фронт-офистің жұмысымен аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев танысты. «Open space» форматындағы сервистік әкімдік жобасын Тараз қаласының әкімдігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырған. «Мұнда қала тұрғындары нақты уақыт режимінде өз өтініштері бойынша ұсыныстар мен жауаптар ала алады. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың халыққа қолжетімділігін арттыру және кедергісіз кеңістікті қалыптастыру», - дейді Тараз қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді дамыту бөлімшесінің басшысы Меруерт Молдағалиева. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев барлық деңгейдегі әкімдіктердің сервистік форматқа көшуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келетінін тілге тиек етті. «Қандай да бір сұрақпен әкімдікке бас сұққан адам оның шешімі басқа бөлімдермен тікелей байланысты екенін білмеуі мүмкін. Яғни, бірнеше мемлекеттік қызметті бір жерден алу қажет болады. Мұндай жобаны іске асыру адамдарды кабинеттер арасында бірнеше күн бойы сандалып жүруден босатады. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді», - деді ол. Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдері базасында «Open space» форматында жұмыс істейтін алғашқы сервистік әкімдіктің жоғары тиімділігі атап өтілді. Онда бөлімдер артық бюрократиясыз тікелей байланыс арқылы 17 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Жаңа сервистік әкімдік сұранысы жоғары 20-дан астам мемлекеттік қызметті ұсынатын болады. Бердібек Сапарбаев жаңа тұжырымдамамен танысып, жеделділік пен нәтижелік – әкімдік қызметіне қойылатын басты талап екенін атап өтті. Сондықтан өтініштерді қарастыру, оны қызметкерден екінші қызметкерге жолдау ұзақ уақытқа созылмауы тиіс. «Азаматтар қысқа мерзімде жауап алуы тиіс. Сондай-ақ, кері байланысқа барынша көңіл бөлу керек. Егер сіз біреудің өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға мәжбүр болсаңыз, оның себебеі мен оған қажетті нәтижеге қалай қол жеткізуге болатынын түсіндіріңіз», - деп қорытындылады аймақ басшысы.    

Ұқсас жаңалықтар