Базардың бағасы үнемі құбылып отырады

Базардың бағасы үнемі құбылып отырады
ашық дереккөз
Базардың бағасы үнемі құбылып отырады
Қашан да халықты алаңдататын мәселенің бірі – азық-түлік бағасының тұрақсыздығы. Ол бірде жоғарылап, бірде төмендеп жатады. Ал бағаны бір қалыпты ұстап тұруға билік тарапынан қанша бақылау жасалып, рейдтер ұйымдастырылғанымен әзірге нәтиже жоқ.  width= Қалай десек те, нарық бағамын реттеуге жауапты мекеме тарапынан ешқандай бақылау жасалмай жатыр деп айтудан аулақпыз. Жасалып жатыр, бірақ пәрмені жоқ. Осы аптада облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша ұйымдастырған іс-шараға қатысып, Тараз қаласындағы айтулы деген сауда орталықтарын араладық. Соның ішінде «MART» сауда орталығы да бар. Мұндағы «magnum» сауда орталығында нарық бағамының біршама тұрақты екеніне көз жеткіздік. Бірақ сауда нүктесінің директоры Дмитрий Ким бір қора болып жетіп келген біздің топты жақтыра қоймағаны анық. Сұхбат беруден де бас тартты. Өйткені жүзі таныс болып қалған бізді бұл жолы өте салқын қабылдады. Дейтұрғанмен мұндағы кейбір азық-түлік бағаларына жеңілдіктер жасалған. Атап айтсақ, 1025 теңге тұратын 10 килограмдық ұнды 969 теңгеге алуға болады. Басқа тауарларға да осындай жеңілдіктер қаралыпты. Есесіне сиыр еті – 100, қарақұмық 145 теңгеден 340 теңгеге көтеріліп кеткен. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылған бағада 5-10 теңге айырмашылық болмаса, шекті бағадан аса қоймапты. Сұйық май мен күріш осыдан екі ай бұрын белгіленген бағамен өткерілуде. Бізді осында бастап келген басқарманың жергілікті қамту және сауда бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаевты сөзге тартқан едік. - Біз қаладағы барлық сауда орталықтары мен 9 әлеуметтік сауда нүктелеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына күнделікті мониторинг жүргізіп отырамыз. Әзірге бұл санаттағы баға тұрақты. Кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жиі өткізудің арқасында нарық бағамын ұстап тұрмыз. Бұл жұмысты жүргізуге бізге облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы, қала әкімдігі мен аудандардағы кәсіпкерлік бөлімдері көмек көрсетуде. Ал «Ауыл-Береке» базарындағы көтерме сауда орталығындағы баға үнемі құбылып отырады. Жалпы елдегі төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлерге бағаны негізсіз көтермеу туралы түсіндіру жұмыстарын тоқтатпай жүргізіп келеміз, - деді ол. Кассада алған азық-түлігіне есеп айырысып тұрған қала тұрғынын көріп қалып қайырылдым. Өзін Зиба Атамбаева деп таныстырған кісі зейнеткер екен. Сауда орталығына жақын жерде тұратын ол, үнемі керек-жарағын осы жерден алып тұратындығын айтты. - Бұл жердің азық-түлігі жақсы. Үйдегі немерелерім сүйсініп жейді. Шұжық, сусындар мен көкөністерді де осы жерден алып тұрам. Әрбірден кейін бұл жерде әр тауарға жеңілдіктер қаралған. Көшедегі сауда орындарына қарағанда мұндағы баға қол жетімді. Өзің білесің, балалардың айлығына да ақша қосылған жоқ. Ал азық-түлік бағасы болса күн санап өсуде. Сол үшін осында келіп, керегімді күнделікті килограмдап алып отырмын, - деді. Бұдан кейін қаладағы бағасы жүйелі сауда орталығы «Нұрисламда» болдық. Иә, айтқандай-ақ мұнда ертемен халық қарасы қалың. Дүкеннің саудасы қызып-ақ тұр. Оның админстраторы келгенше азық-түлік бағасын қарап шықтық. Базарда 250 теңге деп тұрған қызанақты бұл жерде 180, қиярды 165 теңгеге алуға болады екен. Картоп бағасы да жүйелі көрінді. «magnum» сауда орталығында қарбыздың килограмы 75 теңгеге деп тұрса, мұнда 67 теңгеден өткерілуде. Дүкеннің админстраторы Светлана Маратова әлеуметтік шекті бағадан аспағанын жеткізді. «Жалпы біз әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын 20-30 пайызға төмендетіп өткерудеміз. Құмшекерді Ресей мемлекетінен тасымалдағандықтан оның бір килограмын 185 теңгеден саудалаудамыз. Ал қарақұмық бағасы екі есеге өсіп кетті» дейді ол. Тағы бір атап өтерлігі, карантин шаралары алғаш басталған тұста өзге кәсіпкерлер азық-түлік бағасын жанталаса көтергенде «Нұрисламның» басшылығы имандылығын танытып, нарық бағамын сол күйі ұстап қалды. Сондай-ақ көп кәсіпкерлер жұмысшыларын жаппай қысқартып жатқан тұста да, уақытша жабылған орталыққа қарасты ойын-сауықтыру нысандарындағы қызметкерлеріне дүкен ішінен жұмыс беріп, жұмыс орындарын сақтап қалған. Мұны орталық басшысы «Әр қызметкердің басында несиесі бар, отбасы бар. Оларға осындай қиын-қыстау күнде көмек көрсете алмасам маған сын. Бұл әр кәсіпкердің парызы» деп түсіндірді дейді С.Маратова. Уақыт осылай тұра бермес. Ел болып, ауруды да жеңеміз. Қиындықты да еңсереміз. Бірақ ел ішіндегі иманды атымтай жомарттар көп болсын деп тілейік. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар