Әр адамның арманы сонау жастық шақтан қалыптасады. Тұлымшағы желбіреген жас қыз Найля өскенде дәрігер болуды армандайтын. Талапшыл жастың арманы адастырмады. Жамбыл қаласында орта мектепті үздік бітірген ол Семей медициналық институтына түсті. 1978 жылы дипломды дәрігер Мойынқұм ауданында балалар дәрігері болып еңбек жолын бастады. Ері Нұржан Сапахов – ауданның ауылшаруашылығы саласында еңбек етті. Жарасымды жас отбасы сол жылдары өсіп-өркендеген ауданның еңбек майданында аянбай тер төкті. Осында еңбекпен өткен 34 жыл ішінде аудандық аурухананың бас дәрігері, туберкулезге қарсы аурухананың бас дәрігері қызметтерін атқарып, аудан халқының денсаулығын сақтау сынды жауапты жұмыстарды абыроймен атқара білді. Бұл айтқанға ғана оңай. Жеті жыл аудандық аурухананың бас дәрігері болып еңбек еткенде бүткіл бір ауданның, оның ішінде о шеті мен бұ шеті ұланбайтақ Мойынқұм өңірінде қызмет ету оңай тірлік емес еді. Аудандағы бас аурухананы медициналық құрал-жабдықпен қамту, дәрі-дәрмекті жеткізу, ең бастысы білікті мамандармен қамтамасыз ету күнделікті талап еді. Әсіресе, табиғаты қатал өңірде науқастың сан түріне ұшыраған қарттарды, екіқабат аналарды үнемі дәрігерлік бақылауда ұстап, қажетті ем-доммен үзбей емдеп отыру үшін қатал тәртіп те қажет. Дәрігер мамандардың тапшы кезі. Қиырдағы ауданға жоғары білімді дәрігер мамандар барудан қашқақтайтын. Себеп, олардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасау керек. Аурухананың бас дәрігерінде ондай күш қайдан болсын. Бәрі жергілікті билікке келіп тірелетін. Амалы жоқ бас дәрігер жұмысын жиып қойып, енді жергілікті биліктің табалдырығын тоздыруға тура келеді. Осының бәрі оңай тірлік емес. Ол 2007-2012 жылдар аралығында туберкулезге қарсы аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып, осы жерден зейнетке шықты. Осы саладағы ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі білгір дәрігер атандырды. «Қазақстанның үздік дәрігері» атағын иеленді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы медалімен марапатталды. Осының бәрі халыққа деген қалтқысыз еңбегінің өтеуіндей еді. Қазір де Тараздағы №2 қалалық емханасында бөлім меңгерушісі болып еңбек етуде. Бай тәжірибесін әріптес іні-сіңлілеріне үйрету үстінде. Өмір тек даңғыл жолдан тұрмайды екен. Ұзақ жыл отасқан ері Нұржан мезгілсіз дүниеден озып, қиындықпен бетпе-бет қалған кезі де болды. «Орнында бар оңалар» деген, екеуі әлпештеп өсірген ұл-қыздары желпілдеп өсіп, жоғары білімді маман атанып, өмірден өз орындарын тапты. Үлкен қызы Әсел Тараз қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысының орынбасары, Гүлнәзі Тараз қалалық прокуратурасында, ұлы Айдар «Амангелді газ» ЖШС-ында заңгер болып еңбек етуде. Осылардан тараған бес немеренің қызығына тоймай, ұрпағының тілеуін тілеп, алаңсыз өмір сүруде. Уақыттан жүйрік не бар? Міне, алпыс жасқа да келіп қалыпты. Туған-туыс, ағайын, ұрпағының ортасында туған күнді тойлау да бір бақыт емес пе?! Найля Зәуірбекқызының алтын күзі ендеше алда жатыр.
Жәмилә Ақберген.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді