Елбасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты. Отырысқа ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары: ҚХР-дан – Си Цзиньпин, Қырғызстаннан – А.Атамбаев, Ресейден – В.Путин, Тәжікстаннан – Э.Рахмон және Өзбекстаннан – И.Каримов қатысты. Отырыс барысында Қазақстан Президенті әлемдегі тұрақсыз геосаяси және геоэкономикалық ахуал жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін басымдығы бар міндет саналатын бірқатар өзекті мәселелерді айқындап берді.
Мемлекет басшысы негізгі мәселелердің бірі ретінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы шешілмеген шекара проблемаларын атады. Ол сенім шараларын нығайтуды және шекара ауданында қарулы күштерді қысқартуды қарастыратын ШЫҰ-ның Шанхай және Мәскеу келісімдері секілді базалық құжаттарының ережелерін сақтаудың айрықша маңыздылығына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі саналатынын айтты. – Сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға қарай Жер жүзінің халқы 9 миллиардқа жетеді. Сонымен бір мезгілде таяу 10 жылда ауа райының ауытқуы салдарынан азық-түлік өндірісінің көлемі қысқарады. Мұндай беталыс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін құру және соған сәйкес Ынтымақтастық бағдарламасын бекіту туралы Қазақстанның бастамасын талқылауды жаңғырту қажеттігін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Елбасы су тапшылығы мәселесі өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпал ететін салмақты проблема екендігіне тоқталды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан ұсынып отырған Су комитетін құру осы мәселені шешу бағытындағы ынтымақтастықтың іс жүзіндегі тетігіне айналуы мүмкіндігін айтты. Соңында Мемлекет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын ШЫҰ аясындағы бірқатар мәселелерге аударды. Соның ішінде Елбасы ШЫҰ басымдықтарының жекелеген қатысушы-мемлекеттердің ұлттық мүдделерімен сәйкеспеуі салдарынан жүзеге асуы тежеліп отырған жобалар мен бастамаларды, сондай-ақ, бірқатар маңызды экономикалық жобалардың ілгерілеуін қиындатып отырған қаржылық ресурстардың жоқтығын атады.
* * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Душанбедегі ШЫҰ Саммиті кезінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығына да назар аударды. Сонымен қатар, Мемлекет басшылары 26 тамызда Минскіде өткен Кеден одағы елдерінің, Украинаның басшылары мен Еуропалық одақ өкілдерінің кездесуі кезінде жасалған уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.«Ақ жол-Ақпарат».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді