«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әріптестік әр тараптан дамиды

Әріптестік әр тараптан дамиды
ашық дереккөз
Әріптестік әр тараптан дамиды

ДОСТЫҚТА ЖОҚ ШЕКАРА Сейсенбі күні Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Х.Руханимен кездесті. Шағын құрамдағы келіссөздер барысында Қазақ-Иран өзара ықпалдастығын бұдан әрі дамыту мен нығайтудың негізгі жолдары мен тетіктері талқыланды. Атап айтқанда, экономика, энергетика, инфрақұрылымдарды дамыту, ауылшаруашылығы және көлік транзиті салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Хасан Рухани өзекті халықаралық тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Президенті Хасан Рухани бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев елімізге алғашқы сапары үшін Х.Руханиге ризашылығын білдірді. – Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін Сіздің бұл сапарыңыздың маңызы өте зор. Иран – әлемдегі аса ірі және маңызды әріптесіміз әрі Каспий жағалауындағы тату көршіміз, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті жүргізілген келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар нақты мәселелері талқыланғанын айтты. ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКІМЕНСТАН-иран ТЕМІР ЖОЛЫ Сонымен қатар Мемлекет басшысы екі елдің өзара ықпалдастығының негізгі бағыттары туралы әңгімеледі. – Біз Иран кәсіпкерлерін Қазақстанның ауылшаруашылығындағы жобаларын жүзеге асыруға қатысуға шақырамыз. Олардың тарапынан қазірдің өзінде қызығушылық бар. Тағы бір маңызды мәселе – көлік-транзит саласын дамыту жайы. Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы темір жолдың  ашылуына байланысты біздің еліміздің бидай экспортының көлемі 5 есе ұлғаятын болады. Сондай-ақ, бұл қатынас жолы 10 миллион тонна жүк жеткізуге мүмкіндік тудырады. Осы жол арқылы Иран – Ресей мен Қытай нарықтарына, ал біздің еліміз өз кезегінде Парсы шығанағындағы барлық мемлекеттерге шығуға мүмкіндік алады. Биылғы қараша айының басында ашылуы жоспарланып отырған осы магистраль екіжақты және өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге зор серпін береді, – деді Қазақстан Президенті. БЕЙБІТШІЛІК ЕЛШІСІ  БОЛҒАН ЕЛБАСЫ Нұрсұлтан Назарбаев кездесулер аясында бірқатар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылғанын айтты. Атап айтқанда, Ирактағы, Сириядағы, Израиль мен Палестинадағы ахуал, сондай-ақ, Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі бойынша мемлекеттер «алтылығы» мен Иран арасындағы келіссөздер үдерісі  сөз болды. Соған орай Қазақстан Президенті Иранға қатысты санкциялардың алынып тасталуы Иран халқының әл-ауқатының артуымен қатар, осы елдің экономикасы мен саудасының ұлғаюына да оң ықпалын тигізеріне сенім білдірді. Мемлекет басшысы  біздің еліміз осындай келіссөздер жүргізу үшін тағы да қажетті алаңды ұсынуға дайын екенін білдірді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Х.Руханиға және бүкіл Иран халқына табыс тіледі. Иран Президенті Х.Рухани өз кезегінде Қазақстанға шақырғаны үшін Елбасына алғысын айтты. Ол сондай-ақ, Иранның Қазақстанды жақын дос әрі тату көрші санайтынын да айтты. – Біз екі елдің арасындағы тауар айналымы бес есеге ұлғаюы тиіс деп есептейміз. Бүгін бірқатар шешімдер қабылданды, солардың нәтижесінде осындай межеге жете аламыз. Біз Каспий теңізіне қатысты да тыңғылықты келіссөз жүргіздік. Бұл орайда, Қазақстан Президентінің мәлім еткеніндей, Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолының қараша айында жұмыс істей бастауы маңызды мәнге ие, – деді Х.Рухани. Сапар аясында Қазақстан мен Иран Президенттерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды, сондай-ақ, бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.   Қазақстан-Иран бизнес форумы Форум қатысушылары алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Иран Қазақстанның Таяу және Орта Шығыстағы маңызды экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтты. – Бірінші жартыжылдықтың деректеріне сәйкес, біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы өсіп келеді, біз оны бір миллиард доллардан асады деп сенеміз. Бүгінгі форум елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды мүлде жаңа сапалық деңгейде құру үшін бастапқы серпін болады, - деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық және көлік-транзит әлеуетін дамытуға бағытталған бірқатар қазақстандық-ирандық жобалардың сәтті жүзеге асырылуын атап өтті. – Биыл біз Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдерінің арасын байланыстыратын желіге айналатын Жаңаөзен-Берекет-Гөрган  бағытындағы темір жолдың құрылысын аяқтаймыз. Жаңа темір жол бағытының іске қосылуы арқылы тек келесі жылдың өзінде елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға дейін өсуі мүмкін, - деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президентінің пікірінше, екі ел де өзара тиімді ынтымақтастықты металлургия, агроөнеркәсіп кешені, көлік, логистика және туризм секілді салаларда кеңейте алар еді. – Олардың кейбіріне қатысты, инвестициялар көлемі 1 миллиард доллар болатын, жалпы саны 20-ға жеткен қазақстандық-ирандық бірлескен жобаларды талқылау жүріп жатыр, - деді     Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қазақстан өз алдына әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру сынды биік мақсат қойып отырғанын айтты.  Бұл мақсатқа жетудің негізін табысты кәсіпкерлік қалайтын болады. – Бұл міндетті жүзеге асыру үшін елде біздің экономикаға инвестиция салу үшін бірегей жағдайлар жасалуда. Инвестициялық субсидияларды, заңнаманың тұрақтылығын, салық преференцияларын, тарифтердің болжамдылығын қарастыратын ынталандырудың жаңа пакеті заңнамалық деңгейде бекітілді, - деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Қазақстан ірі компаниялармен қатар, орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер мен орасан әлеует екенін атап өтті. – Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есебінің нәтижелеріне сәйкес, биыл Қазақстан 144 елдің арасынан 50-інші орын алды. Дүниежүзілік банктің жыл сайын жасалатын «Бизнес жүргізудің жеңілдіктері» рейтингісінде де Қазақстан 50-інші орында тұр. Жалпы алғанда, бұлар – Кеден одағы елдері мен біздің көршілеріміз арасындағы тәуір көрсеткіштер, – деді Мемлекет басшысы. Елбасының айтуынша, елде қазірдің өзінде 10 арнаулы экономикалық аймақ жұмыс істейді, индустриялық аймақтардың инфрақұрылымы қалыптасуда. Ол аумақтарда кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі, салықтық преференциялар жасалуда. Бұған қоса Қазақстанда шетелдік кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізуге мейлінше қолайлы жағдай жасалған. Иран Президенті Хасан Рухани Иран мен Қазақстанның ортақ тарихи және мәдени-гуманитарлық байланыстары екі елдің болашақ қарым-қатынастарын орнату үшін қажетті зор жетістігі екенін айтты. ХАСАН РУХАНИДІҢ дәрісІ Елбасы Иран Президенті Хасан Руханимен бірге «Назарбаев университетіне» барды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Хасан Рухани университет ғимаратын аралап, оның қызметімен танысты. Бұған қоса, Қазақстан мен Иран Президенттері студенттермен және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Сондай-ақ, Х.Рухани олардың алдында қазіргі қоғамды дамытудағы ғылымның рөлі туралы дәріс оқыды. Соңында Иран Президенті құрметті қонақтар кітабына қолтаңба жазып қалдырды.

Интернет материалдары негізінде әзірлеген Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар