«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Сұрасаң аты-жөнім, мен айтайын: Келіні Назарбайдың, атым – Әлжан...»

«Сұрасаң аты-жөнім,  мен айтайын: Келіні Назарбайдың, атым – Әлжан...»
ашық дереккөз
«Сұрасаң аты-жөнім, мен айтайын: Келіні Назарбайдың, атым – Әлжан...»

Реджеп Тайып Эрдоған, Түрік Республикасының Президенті

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды.

«Алып анадан туады» дейді халық даналығы. Абайды өмірге әкелген Ұлжан, Шоқанды тәрбиелеген Айғанымдай аналардың жалғасы – Әлжан ана.

Тұңғыш президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай саяси алып тұлғаны дүниеге әкелген ол текті жердің қызы. 1910 жылы Қордай ауданы Қасық ауылындағы молданың отбасында дүниеге келген. Өнерімен көзге түскен ол ел арасында «әнші Әлжан» деген құрметке ие болған. 1930 жылдарғы жаппай қудалау кезінде атасына «молда» деп айып тағылған соң, оның сүттей ұйыған отбасы әп-сәтте қиыншылыққа тап болады. Осы уақытта Қордай жерінен Шамалғанға келіп қоныстанған. Осында тағдырдың жазуымен жол салушылардың бригадирі Әбіш Назарбайұлымен танысып, бірге шаңырақ көтереді. Жас отбасы бірнеше жыл бала сүйе алмаған соң, енесі Мырзабаланың ұйғаруымен Райымбек бабаның басына барып түнеп, құрбандық шалып, Алладан жалбарынып перзент сұрайды. Көп кешікпей Алланың қалауымен жас келіншек құрсақ көтеріп, дүниеге Нұрсұлтанды әкеледі. Шатқалы Үшқоңырдың ұяға жан, Біреуге қымбат дүние біреуге арзан. Сұрасаң аты-жөнім, мен айтайын: Келіні Назарбайдың, атым – Әлжан, – деп сөз додасында өзін таныстырған Әлжан ана келін болып түскен соң да, ауыл арасындағы айтыстардан қалмай, өнерін өрістетіп жүрді. Әлжан ананың көзін көргендер «адам баласына дауыс көтеріп сөйлемейтін жан еді, бірақ айтқанын орындатпай қоймайтын, сөзі өтімді кісі болатын» деп еске алады. Ата-анасы туралы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әкем етік тігіп, жер өңдейтін, сонымен қатар, ол орыс, қазақ әндерін құйқылжыта салатын. Әйелі Әлжан да өзіне бап қосылған, шынтуайында, ауылда ән салып, өлең шығарудан оған ешкім тең келмейтін. Маған да солардан жұққан болар, домбыраның құлағында ойнауға бармын» – дейді, «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында. Бес саусағынан өнер тамған Әлжан ананың іс тігуде қолданған машинасы, ұршығы, өзге де заттары Нұр-Сұлтан қаласындағы Тұңғыш Президентінің музейінде тұр. Ал біздің Қасық ауылдық округінің Әлжан ана ауылындағы музей 2018 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен ашылды. Оған Елбасының бала күнгі досы, ауданның Құрметті азаматы Тұрғанбек Тұрысбаев та қатысып, ертеректе Әлжан ананың қолынан дәм татқаны жайлы айтып еді. Музейдің алдына Әлжан ана бюсті орнатылды, авторы мүсінші Сұлтан Момыш. Әлжан ана тарихи музейінен ауыл тарихынан сыр шертетін бұрыштан тұрғындар қолданған көне жәдігерлерді көруге болады. Ауылдың алтын құрсақты аналары да ұмыт қалмады. Ауылдан шыққан танымал тұлғалар туралы деректер де өзінше топтастырылған. Атап айтсақ, ҚазКСР Білім және ғылым министрі, Сыртқы істер министрі болған Балжан Бөлтірікова, алғашқы акушер-гинеколог Жәмила Шурина, Сталиннен алғыс хат алған Алибек Шубаев, ҚазКСР Оқу ісінің үздігі болған Қиақбек Бірғожаев сынды республикаға белгілі болған азаматтардың өмір жолдары көрсетіліп, тұрмыста пайдаланған жәдігерлері қойылған. Ұлы Отан соғысының ардагері, тарихшы-педагог Құрманқұл Бұғыбаевтың еңбегін атап өтпеске болмас. Ол ауыл тұрғындарынан ескі жәдігер жинап, кезінде мектеп жанынан музей ашқан. Кейін ол музей жабылып, жәдігерлер оның немересі Көркемжан Бұғыбаеваның қолында сақталған. Олардың барлығын бір бұрышқа топтастырылған. Онда сайлау комиссиясының мөрі, казак әскерінің шынайы қылышы, күміс шашбау, білезік тағы басқа тарихтан сыр шертетін дүниелер бар. Музейде 1740 жылғы былғарыдан жасалған белкісен мен бойтұмар сақтаулы тұр. Бір қабырғада Әлжан ананың суреті қойылып және Елбасының әулеттік шежіресі жазылған. Музейдегі құнды жәдігердің бірі – Әлжан ана қолданған тас диірмен. Нұрсұлтан Әбішұлының Қасық ауылына келгенде түсірілген фотосуреттер де бүгінде тарихқа айналған. Елбасының кітап көрмесі де мәдени мекенді толықтырып тұр. Цифрлы Қазақстан бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, музейдегі көгілдір экран арқылы алыс-жақын шетелдердегі танымал музейлерге виртуалды саяхаттай аламыз. Музей – мәдени мекеме, ол өткен тарих пен қазіргі тарихты, материалдық және рухани байлықтарды жинақтап, сақтайтын, жиналған құжаттар мен жәдігерлерді зерделеп, зерттейтін, оны келешек ұрпаққа жеткізетін, тәлім-тәрбие беретін әлеуметтік орын. Мәдени ордамыз ашылғалы бері мектеп оқушылары мен коледж студенттерінен бастап келушілер қатары сиреген емес. Қонақтардың қатарында Елбасының қарындасы Әнипа Әбішқызы, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов, Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов та болды. Экскурсоводымыз Әлішер Аяпберген келушілерге әр бұрышты аралатып көне заттарды ыждаһатпен таныстырады. Ауыл азаматтары әлі де көне жәдігерлерін бізге өткізіп жатады. Тарихқа куә болғысы келетін жандар үшін өткен дәуірдің елесіндей болған жәдігерлер кімді болмасын толғандырмай қоймасы анық.

Майлыбек АТШАБАРОВ, Әлжан ана музейінің меңгерушісі.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар