Домбыра күні

8

Әр қазақтың үйінің төрінде домбыра тұруы тиіс

Ел қашанда өнерлі жанға құрметпен қарайды. Бір кездері осынау байтақ елімізде домбыра тартпайтын қазақ болмаған десең, бүгінгі ұрпақ сене ме, жоқ па? Күйдің құдіретін, киесін ұқтырып, қазақтың қасиетті қара домбырасын қадір тұтқан белгілі жазушылар Тәкен Әлімқұлов, Таласбек Әсемқұловтың әңгіме-лерін оқысаңыз, ерте-дегі қазақтардың бәрі шетінен домбырашыл болған. Той, жиын, басқосуларда кез-келгені домбыраны бірінен кейін бірі іліп алып, күй тартып, ән салып, айналасын жыр-думанға бөлеген.
Ал қазір ше? Домбыраны тек сахнадан ғана көріп жүрген жоқпыз ба? Әрине, бүгінгі той-жиындарда ән-жыр жеткілікті. Бірақ домбыра әр қазақтың үйінің төрінде тұруы тиіс емес пе? Тек шаң басып ілінулі тұрмай, қос ішектің күмбірі шаңырақта жиі естілуі керек.
Ендеше, Сіз домбыра тарта аласыз ба? Домбыра тартуды қайдан үйрендіңіз, кім үйретті? Үйіңізде домбыра бар ма?

Балабек Нарбаев,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Домбыраны өз бетімше тартып үйрендім. Әлі күнге қол тигенде үйдегі домбыраны шертіп, ойға шомып отырамын.
Домбыра әр қазақтың үйінде болуы керек деп ойлаймын. Өйткені бұл жай ғана аспап емес, ұлттық құндылығымыз. Өзімнің шаңырағымда төрде ілулі тұрады.

Айтқазы Қарабалаев,
Тараз қаласының әкімі:

– «Жігітке жеті өнер де аз» деген. Ақындық өнерім де бар. Ал қазақтың қасиетті аспабына қызығушылығым болғандықтан, жас кезімде тез үйреніп алғанмын. Үйімде домбыра да, басқа да бірқатар саз
аспабы бар.

Сәкен Арубаев, Жамбыл ауданының әкімі:

– Ұлттық аспапта ойнауды әкем Қалан үйреткен. Әрдайым домбырасын қолтығына қыстырып, күйлерді нақышына келтіріп орын­даушы еді. Менің ұлттық аспапқа деген ыждаһатым ерекше екенін сезген әкем тізесіне отырғызып әр ішектің маңызы мен дыбыс үндестігін үйретті. Қазір біркісідей тарта аламын. Киелі аспап шаңырақтың төрінде тұр ғой.

Бейсенбек Әлпейісов, Т.Рысқұлов ауданы
әкімінің орынбасары:

– Домбыраны ес білгелі тартамын. Есенбай ағам үйреткен еді. Ер жеткен соң, Қазақ ауыл шаруашлығы институты қабырғасында білім алып жүріп, студенттерден жасақталған фольклорлық ансамбльдің белді күйші, домбырашысы болдым. Біздің ансамбліміз 1977 жылы Германия федеративті республикасының ірі-ірі 12 қаласында өнер көрсету бақытына ие болды. Қазақтың қазақтығы қасиетті қара домбыраның үнінен көрінетіндігін мен сол кезде сезіндім.

Ерболат Саурықов, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Мен оқушы күнімде домбыра мектебіне бардым. Нотаны, домбырамен күй тартуды сол жерде үйрендім. Жалпы алғанда домбыра тартқан адамнан еш жамандық шықпайды. Үйімнің төрінде домбыра жарқырап ілініп тұрады. Ол – әр қазақтың байлығы.

Comments are closed.