«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төсекте басы, төскейде малы қосылған

 Төсекте  басы, төскейде малы қосылған
ашық дереккөз
Төсекте басы, төскейде малы қосылған

Немесе қазаққа құда Салы ұрпақтары

Егер өзбек ағайындардың Меркіге келген тарихын арыдан сұрастырсаңыз, «Өзбекчасть» деп аталып кеткен бұрынғы «Прогресс» колхозы  аумағында көптеп тұрады. Ілгеріде салынған керуен сарайда да сол өзбек ағайындар тұрған. (Қазір ол өкпе аурулары ауруханасы). Қарасайдан ағып келетін Қарасу өзені бойында ілгеріде өзбектің шайханасы бар еді. Ол да мұндаға дейін бұзылмай тұратын. «Қыр базарда Салының арғы атасы Байбабайдың дүкені де болушы еді» деп отыратын көнекөз қариялар. – Меркі ауданы халқының екі пайызын өзбек ұлтының өкілдері құрайды (яғни 1696 адам), – дейді өзбек ұлттық этномәдени орталығының басшысы Бахадыр Хасанбаев, –Балаларымыз орыс-қазақ мектептерінде оқиды. Өйткені өзбек мектебі жоқ. Дегенмен, осы Меркіде оқыған ғалым ағамыз Хамит Қалматұлы қазір Ташкенттегі фармацевтикалық институттың ректоры. Осы Бұтабаевтар әулетінің өзінен де шыққан ғалымымыз бар. Ол – физика-математика ғылымдарының кандидаты, осы Салы қарттың кенже ұлы Юнус.Ал, оның ұлы Акмаль болса ережесіз жекпе-жек бойынша Өзбекстанның екі дүркін чемпионы. Бахадырдың жол сілтеуімен Бұтабаевтар отбасына келдік. Біз осы үйге барар алдында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Қамбар қажы Иманалиевке жолыққан едік. Ол кісі: – «А...а ... Салы ақсақалдың үйіне бара жатырсыңдар ма? Өте дұрыс, бұл кісі кезінде бұрынғы Киров колхозын басқарған, естуімше «чекист» болған. Сталиннің ставкасында болып, бендерашылармен соғысқан. Қазір ол кісінің есімін жастар біле бермеуі мүмкін, бірақ біз ұмытқан жоқпыз. Сегізінші, тоғызыншы бесжылдықта Киров колхозының балтамыр өсірушілері 550-600 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 467-490 центнерден өнім алды. Осы майталмандығы үшін егіс-трактор бригадасының бригадирі Ырзабай Шаңбаев деген атамыз  Социалистік Еңбек Ері деген атаққа ие болды. Сол тұста колхозды Салы Мамадалыұлы Бұтабаев басқарған. Салы қарттың ел мен елді жақындастыруға, жұртты пайдалы еңбекке жұмылдыруға қосқан еңбегі өте зор. Осы кісінің есімін біз ерекше қастерлеуіміз керек деп ойлаймын. Оның атын мәңгі есте қалдыру үшін қазіргі Кубаньская көшесін сол Салы Мамадалыұлының атымен атаса, бұл біздің ұлттар достығына қосқан өлшеусіз үлесіміз болар еді»,– деген өзінің жүрек түкпірінде жүрген ұсынысын жасырмай. Табалдырықтан аттап та үлгермей жатып өзімізге жүзі таныс азаматты көргенде оның осы Салы қарттың қара шаңырағын басып отырған азамат екеніне титімдей де күмәніміз қалмады. Садық – Салы ақсақалдың Сабырдан кейінгі екінші ұлы. Өзін аудандық әкімдіктен күніге көреміз. Ол – аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы. Тегі Сәкеңді өзбек деп кім ойлаған, үнемі қазақша сөйлейді, тілінде бір мін болсайшы. Онысымен қоймай Садық қазаққа күйеу екен. Қарындасымыз Манжураханды бір қарағанда өзбек екен деп қаласыз. Бірақ, осы «Бұтабаевтар әулетін қазақ етіп отырған осы қыз-ау» деп қалдық. Өйткені, өзінің Әлішер есімді ұлына атақты Киров (қазіргі Сыпатай) кеңшарының басшысы болған Шолпан Дәуітовтің немересін келін етіп түсіріпті. Оның екінші ұлы Шерәлі әкесінің жолын қуып биыл аграрлық институтқа түсіпті. Өзі тарихты, шежірені жақсы біледі екен. Жеті атасына дейін жатқа айтып отыр. Салыдан тараған төрт ұлдың балалары түгел имандылық жолында, бес уақыт намаздарын тастамай оқиды. Осынау үлгілі де иманды отбасының отағасы Садық:  «Әкем Салы 78 жасында дүние салды. Шешем де одан соң бір жылға жетпей бақилыққа аттанды. Мен осы үлкен шаңырақта олармен бірге тұрған соң ба, қатты қиналдым. Әкем өте сыйлы, адал, сауатты кісі болатын. Әкемнің әкесі Мамадалы да Ұлы Отан соғысына кетіп, қан майданда қаза болған. Жуырда каменкалық Әлі Бекқұлы деген тарихшы-өлкетанушы азамат біздің атамыздың Великий Новгород маңындағы бауырластар зиратына жерленгені туралы тың дерек алып келді. Бәріміз  қуанып қалдық, өйткені атамызды әскери комиссариаттағылар әлдеқашан із-түзсіз кеткендердің қатарына қосып қойған болатын», – дейді. Біз барған күні арамызда Садықтың ағасы Сабыр мен інісі Сыдық қана болған жоқ. Екеуі де кәсіпкер емес пе, іссапарда жүрген болар. Ал, сонау Ташкенттен інісі Юнус келіпті. Оның өзі Өзбекстанда тұрып, сонда жұмыс істеп жүргені болмаса, ол да қазақ тілінде таза сөйлейді. – Маған туған жерім ыстық. Өйткені, мұнда әкем Салы туған, атам Бұтабай Наманганда туғанымен осы Меркіде өскен, өнген.  Ал қазақтармен біз тонның ішкі бауындай болып араласып кеткенбіз. Тегі осы Меркідегі Ботбай ата ұрпақтарымен де, кіші жүз Әліммен, Найманмен, Шақшам, Сиқыммен де құдамыз. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің достығымызда шекара жоқ екенін білдіреді. Біз қазақ тілін әлдеқашан өзіміздің ана тілімізге айналдырып алғанбыз. Балаларымыз қазақ мектебіне барады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Каримовпен дос екенін білесіздер. Жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан аға: «Біз – көпұлтты қоғамбыз. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек. Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауы тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей» деп еді. Мен осы қанатты сөзді қойын дәптеріме жазып алып, анда-санда оқып жүремін. Елбасының көрегендік саясатына тәнті боламын,– дейді жақын шетелден келген Садық Салыұлының бауыры Юнус тебірене сөйлеп. Иә, қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан ұлттың өкілдері қоныс аударды. Осы Меркі өңірінде де солардың бірталайы тұрып жатыр. Он жеті ұлттың өкілі. Аз емес, олардың әрқайсысының тағдыры, тауқыметі әрбөлек. Бірақ, олар қазақтың қонақжай дастарханын ұмытқан жоқ. Аштық пен қуғын-сүргінге ұшырап, арып-ашып келгенде дос құшағын ашып қарсы алған қазақтарға олар мың да бір алғысын айтады. Сондықтан қарға тамырлы қазақ пен басқа ұлттардың, яғни, этностардың арасына сына қағуға тырысатындар заңмен қудаланады. Өйткені, Қазақ елі өзге ұлыстардың да атамекені. «Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат еттік». Бұл Елбасының «Қазақстан -2050» Стратегиясында айтылған айшықты сөздер. Бұл біздің ұрпақтың бүгінгі ұраны.

Сейсен Қожеке, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар