«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауын шыбыны – қауіпті

Қауын шыбыны – қауіпті
ашық дереккөз
Қауын шыбыны – қауіпті

Үстіміздегі жылдың 6 қыркүйегі күні «Ақ жол» газетінің №126 санында С. Әбсадықұлының «Маман не дейді?» айдарымен «Құрт жеген қауыннан қауіп бар ма?» атты тақырыппен жарияланған мақаласына орай маман ретінде төмендегіше жауап беремін. Зиянкестің жалпы таралу аймағы Еуропада – Ресей, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Азияда – Үндістан, Палестина, Солтүстік Иран, Ирак, Израиль, Ауғанстан және Өзбекстан мемлекеттері. Қауын шыбыны зиянкесі көршілес Өзбекстан Республикасында 2005 жылы пайда болып, 2010 жылы тек Қарақалпақстан Республикасы аумағында 20 мың гектарға жуық қауындықты залалдап, жарамсыз жағдайға жеткізген. Ал, Қазақстан Республикасы аумағында 2006 жылы алғаш рет Қызылорда облысында тіркелсе, 2012 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облысында пайда болып, екі жыл ішінде негізгі қауын егетін аймақтарына түгел дерлік таралып үлгерді деуге болады. Былтырдан бері біздің облыста Сарысу ауданының қауын алқабында бұрын-соңды кездеспеген «қауын шыбыны» зиянкесі пайда болып, шаруаларға қиыншылық туындатып отыр. Атап айтқанда, бұл зиянкес қауындарды тесіп, жарамсыз жағдайға жеткізеді. Қауын шыбыны қандай зиянкес, қайдан келген, зияндылығы қандай? Онымен күрес шараларын диқандардың басым көпшілігі білмейді. Кейбір диқандар зиянкесті ажырата алмайды да. Осы жағдайлар қауын шыбынының зияндылығын арттыра түседі. Биыл бұл зиянкес Талас және Мойынқұм аудандарында анықталып, облыс бойынша барлығы 85,4 гектар аумақты залалдап отыр. Осыған орай, облыстық, аудандық инспекция, фитосанитариялық болжамдау және әдістемелік орталық мамандары жергілікті басылымдарда қауын шыбыны, оның зияндылығы және оған қарсы күрес шараларын қалай жүргізу керектігі туралы мақалалар жариялап, жиналыстар өткізген. Газеттегі мақаланы оқып, тұрғындар арасында бұл жұмыстар жеткілікті деңгейде сипат ала алмай отырғандығына көзім жетті. Жалпы зиянкес туралы қысқаша айтар болсақ, шыбындар көктемде қауынның гүлдеу кезеңінде жаппай ұша бастайды. Ұшу белсенділігі таңертеңгі мезгілде жоғары. Аналығы жұмыртқа салу мақсатымен тескен қауыннан аққан шырынмен қосымша қоректенеді. Осындай сипатта залалданған қауындар, әсіресе, қарбыздар вирусты және саңырауқұлақ ауруларының көбею ошағы болып, дақылдардың антракноз және альтернариоз ауруларына ұшырауы екі есеге артады. Залалданған өнімнен аққан шырынның тамшылары қызыл-қоңыр түсті, дөңес пішіндер түзіп қата бастайды, бұл өнім сапасын төмендетеді. Бұдан бөлек осы тәрізді залалдану өсімдіктің өсіп-дамуын кешеуілдетеді және өнімділікті шамамен 20 пайызға дейін кемітеді. Зиянкес көбінесе бір маусымда 2 ұрпақ беріп дамиды, ал күз айлары жылы болған жылдары 3 ұрпақ беруі мүмкін. Қауын шыбыны негізінен дақылдың тұқымын және залалданған өнімді тасымалдау кезінде алыс қашықтықтарға тараса, шыбынның ұшуы арқылы таралуы 5-7 шақырым шамасында. Қазіргі таңда диқандар шекараны түрлі жолдармен айналып өткен немесе шыққан жері белгісіз, яғни тұқым инспекциясының құжатынсыз, қауын тұқымдарын алып келіп, көптеп егуде. Ол тұқымдардың ішінде өткен жылға дейін біздің аймақ үшін карантиндік нысан болған қауын шыбынының жалған пілләсінің жоқ екендігіне кім кепіл?! Тұқым таңдауда, әсіресе, өсімдік қорғау бағытында өте сақ болуымыз керек. Сондықтан облыс аумағында өсірілетін бақша дақылдарының басым көпшілігі мақалада айтылып өткендей, Кедендік одақтағы Ресей мемлекетіне және басқа да шет мемлекеттерге сатылатындығын ескере отырып, аталмыш зиянкеспен күресу шаралары күшейтілуі тиіс. Мақалада автор «әлгі қауынды жеуге бола ма?» деген сұрақ қояды. Әрине, құрттаған қауын ішіне ауа кірген соң шіріп, бүліне бастайды. Бүлінген қауыннан жаман иіс те шығатыны белгілі, сондықтан ол жеуге жарамайды. Ал, жеген адам улануы мүмкін. Диқандар залалданған қауынды теріп алып тастауға қимай малына беріп жүргенінің де куәсі болдық. Ондайды көп жеп қойған мал да улануы мүмкін, себебі шіру процесі кезінде микроорганизмдер улы зат түзетіні белгілі. Зиянкеспен агротехникалық күресте ол пайда болған алқаптарда өнімді жинап алынысымен, қалған өнім қалдықтарын кемінде 50 сантиметр тереңдікте топырақ қабатына көму, жерді терең етіп жырту, ауыспалы егіс тәртібін сақтау, егістегі және егіске шекаралас жерлердегі арамшөптерді жою, қауын шыбынының жаппай ұшу кезеңінде дақылдың ертерек өсіп, зиянкестің аналығы жұмыртқасын сала қоймай үлкен түйіндердің пайда болуына жағдай жасайтындай қауынның ерте пісетін сұрыптарын ерте егу және егіске 3-4 жыл бұрынғы қауын тұқымдарын пайдалану керек. Химиялық күресте қауын шыбынының жалған пілләсі болуы мүмкін тұқымдарды дәрілегіш препараттармен өңдеу, зиянкеске қарсы қауынның нағыз жапырақтары пайда болғаннан бастап гүлдегенге дейін Ровекурт, Нурелл, Кардинал инсектицидін, ал вегетация кезеңінде Устад, Циракс және Шерпа препараттарын пайдалануға болады. Аталған препараттарды қауынды жинардың алдында қолданудың пайдасы жоқ. Осы шараларды іске асырған жағдайда ғана диқан өсірілген өнімді өткізуде қиындыққа тап болмай, еткен еңбегінің жемісін көре алады.

Серіжан Бексұлтанов, облыстық өсімдіктер карантині жөніндегі бас мемлекеттік инспектор.

Ұқсас жаңалықтар