Облыстық прокуратура денсаулық сақтау саласындағы заңдардың орындалуын қадағалады. Оның нәтижесі қоғамдық кеңестің отырысына арқау болды. Облыстық прокуратураның бірінші басқармасының аға прокуроры Руслан Зәуірбековтің айтуынша, халыққа тегін медициналық көмек көрсету және 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» және 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмекті дамыту бағдарламаларының орындалуы барысында кемшіліктер кездескен. Денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінетін қаржы жылдан-жылға артып келеді. 2013 жылы 30 485 304 мың теңге, 2014 жылы 32 611 685 мың теңге мемлекет қазынасынан бөлінген. Алайда, орасан қаржы бөлініп отырғанына қарамастан прокуратура органының тексеруінен медициналық көмек беруде кемшіліктер орын алып отыр. «Ауруханаға жатқызу порталында» Талас ауданындағы ауруханадағы бөлімдерде бос орын жоқ деп көрсетілсе де тексеру барысында терапия бөлімінде тоғыз, ал неврология бөлімінде алты орын бос болып шыққан. Ал порталда осы екі бөлім бойынша сол уақытта он науқас кезегін күтіп тұрған. Бұл дерек, бос орындар жедел сырқатпен түсетіндерге арналған деген уәжбен түсіндіріліпті. Мұндай жайт облыстық офтальмологиялық орталықта да орын алған. Осындай жағдайлардан соң тұрғындардың медициналық көмекке көңілдері толмасы айдан анық. Өткен жылы облыс бойынша, 29771 әйел жатыр мойыншасы рагын анықтау үшін профилактикалық тексеруден өтіп, нәтижесінде 19 ғана сырқат анықталыпты. Ал қалғандары өздерінің қайырылуы нәтижесінде белгілі болған. Мәселен, 54 жастағы М.М. есімді әйел 2012 жылы профилактикалық тексеруден өтуі тиіс болса, 2013 жылы бірақ тексеріліп, ауруы анықталған соң есепке алынған. Облыстың барлық дерлік аудандарындағы амбулаторлық-емханалық мекемелер науқастарға тегін берілуі тиіс дәрілерді емшара тағайындау барысында тізімге қоспайды. Осы орайда, Байзақ аудандық емханасындағы жағдайды мысалға келтіруге болады. Яғни, 2012 жылы диспансерлік есепке тұрған бес азаматқа берілуі тиіс тегін дәрілер тағайындалмаған. Осыған ұқсас қырықтан астам дерек Жуалы, Мойынқұм аудандарында да анықталған. Қоғамдық кеңес отырысында облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев «айтылған кемшіліктерге байланысты мәселе қашан шешіледі?» деген сауалды төтесінен қойды. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов барлық кемшіліктерді қалыпқа келтіру бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын баяндады. Оның сөзіне сенсек, денсаулық сақтау саласында тек осал түсіп жатқан тұстар ғана емес, елеулі жетістіктер де бар көрінеді. Ол туралы қоғамдық кеңес мүшелері алдында тізбектеп те шықты. Алайда, оның баяндамасынан кейін қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан аталған басқарманың жұмысы қанағаттанғысыз деген баға беріп, орын алған олқылықтарды түзеуге кеңес берді.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді