Қоршаған ортаны қорғау қашанда басымдыққа ие

Қоршаған ортаны қорғау қашанда басымдыққа ие
ашық дереккөз
Қоршаған ортаны қорғау қашанда басымдыққа ие

2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама әзірленіп, бекітілген. Облыс әкімдігінде өткен селекторлық кеңесте аталған тұжырымдаманың орындалу барысы сараланды.

Тұжырымдамада жеті бағытқа басымдық берілген. Атап айтсақ: ауаның ластануын азайту, су ресурстарын тиімді басқару, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, экожүйелерді тиімді басқару, энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін жоғарылату, электроэнергетика саласын дамыту, ауыл шаруашылығын жаңғырту. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев осы бағыттардағы жұмыстарды сәтті жүзеге асыру үшін облыста жақсы экожүйе, құнарлы топырақ, су және күн ресурстары бар екендігін атап өтті. – «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманың басты міндеті елдің бірегей табиғи байлығын сақтауға бағытталған. Экологияға кері әсер ететін барлық факторларды жою керек. Қоршаған ортаны қорғау қашанда басымдыққа ие, себебі бұл халықтың денсаулығын қамтамасыз етудің маңызды факторы, – деді ол. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, ауаның ластануына негізінен көлік пен өндірістік кәсіпорындар әсер етуде. – Автокөліктерді бензиннен газға көшіру бойынша тапсырмам әлі орындалмаған. Бұл жұмысты ең болмағанда мемлекеттік органдардың қызметтік көліктерінен бастау керек, – деді облыс әкімі. Облыс әкімі ауаны ластап отырған кәсіпорындарды, соның ішінде химия, газ және металлургия салалары бойынша тексерулер жүргізіп, жауапкершілікке тартуды тапсырды. Жеке үйлердегі моншаларға, қазандықтарға назар аудару қажеттігін алға тартты. Қоқысқа қатысты жағдай да көңіл көншітпейді. 2019 жылы облыс бойынша қоқыс жиналған 346 жер телімі анықталса, бүгінде оның бар-жоғы 225-індегі қоқыстар тазаланған. Бердібек Сапарбаев қалған аумақтарды тазалау бойынша Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл және Т. Рысқұлов аудандарының әкімдеріне тапсырмалар жүктеді. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жұмысының барлық бағыттарына қатысты ескертулер айтылды. Облыстың орман қоры 4,4 миллион гектарды құрайды десек, оның тек 2,3 миллионы ғана пайдаланылуда. Облыс әкімі бос жатқан жерлерді қай мақсатта пайдалануға болатындығын зерделеу керектігін баса айтты. Балық шаруашылығында да орталық мемлекеттік органдармен бірлескен жемісті жұмыс байқалмайды. – Облыстың табиғаты бай. Балық шаруашылығын экономика дамуының перспективалық бағыттарының біріне айналдыруға болады. Дегенмен осы орайдағы тиісті басқарма тек сырттан бақылаушы ретінде қалып отыр. Ара шаруашылығын дамыту, дәрілік шөптерді өсіру үшін де мүмкінішілік жетеді. Баяндамада бәрі жақсы, ал іс жүзінде ешқандай оң өзгеріс жоқ, – деп аймақ басшысы ведомствоның жұмысын сынға алды. Бердібек Сапарбаев сөзден іске көшетін кез келгендігін тілге тиек етіп, қандай да бір мәселелер пайда болса, оны дер кезінде көтеріп, облыс басшылығына жеткізу керектігін еске салды. – Экологияны сақтау үшін ауадан немесе судан электр қуатын өндіруге мүмкіндік беретін технологиялардың үлесін арттыру қажет. Алайда бүгінде жаңартылатын энергия көздері мүмкіндіктерінің үштен бірі ғана пайдаланылып отыр, – деді Бердібек Сапарбаев. Айта кету керек, электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі жыл сайын артып келеді. Егер 2019 жылы ол 17 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткішті 22 пайызға дейін арттыру жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар