Әбекеңді, Әбдуалы Әліұлын мен студент шағынан, өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан білуші едім. «Журналистика бөлімінде оқитындар Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романын талқылағалы жатыр» дегенді естіп барғанмын оларға. Автордың өзін де шақырыпты. Бұл студенттік шақты қойсайшы! Бәрін білетіндей болып тұрамыз. Асып-төгіліп тұрған «ақылымызды» айтуға мінбеге ұмтыламыз. Мынау өз мінбең, университеттің аудиториясы. Сондықтан шетінен шығып сөйлеп жатыр. Өздерінше «Өлгендер қайтып келмейдіні» жілікше «шағып» жатыр. Солардың ішінде маған қою қара толқынды шашы бар, қалың қабақ, тығыншықтай жігіттің сөзі ұнады. Сұрастырсам, журналистикада оқиды екен. Сөзі ұнаған соң өзінің түр-түсі де есімде қалды. Бірақ, осынау ойы бар жігітпен танысудың реті келмеді. Әскери борышымды өтеуге аттанып кеттім. Бірнеше жылдан соң әскери борышымды өтеп, оқуды да тәмамдап, тіпті, Қазақ телестудиясында екі жыл қызмет атқарып, туған жерге оралсам, Әбекең осында облыстық радиода қызмет атқарады екен. Бірден таныдым, әрі әңгімеміз де жараса кетті. Өйткені, көркем әдебиетті көп оқығаны көрініп тұрды. Оқып қана қоймай, Әбекең кітапты жақсы жинайды екен. Мен ол кісіден кітап алып оқи бастадым. Осылай таныстығымыз туыстыққа, дос-жарлыққа ұласты. Солай жылдар өте берді. Бір қарасақ «өткен күнде белгі жоқтай» зу ете қалды. Күнде белгі жоқ болғанмен, адамнан қалған белгі бар. Ең басты белгісі ұрпағы, әрине. Шүкір, жары Болтай екеуінің екі ұл, бір қызы, немерелері Әбекеңнің өмірін жалғастырып жатыр. Содан соңғы белгі – еңбегі. Облыстық «Ақ жол» (бұрынғы «Еңбек туы») газетінің 30-40 жылғы сандарында, бәлкім облыстық радионың дыбыс қорында да Әбекеңнің сөздері жатыр тасқа басылып. Ол кісі жазған мақалалардан сол кезеңнің тыныс-тіршілігін анық аңғаруға болады. Жақында «Ақ жолдың» 40 жылдық тігіндісін ақтарып шықтым. «50 жылда ел жаңа» демей ме, көнелер көзіме оттай басылды. Қайсыбірінің аты-жөнін атай берейін. Солардың ішінде Әбдуалы ағамыздың жазуы да, мінезі де елден ерек екенін көне тігінділер де айғақтап тұр. Әдетте, былайғы жұрт үшін газеттің бетінде күнде көрінетін журналист мықты болып көрінеді. Алайда, шындап келгенде редакцияда хаттарды қорытудан басталып, оны теріп, қателерін түзеп, бетке көркемдеп салып, жарыққа шығарғанға дейін сан түрлі қыруар жұмыс атқарылады. Әсіресе, түрлі саяси науқандардың тұсында мұндай жұмыстар еселеп кетеді. Мақаланы аз жазса да, хатты көп қорытып (соның ішінде әлгі мақаланы көп жазатындардың үлесін де) немесе аударма жасап, газеттің көпке көрінбейтін жұмысын көп атқаратын қызметкерінің бірі осы Әбекең еді. Кейде машинканың қасында құйрық көтермей кешке дейін отырып, 20 бетке дейін айтып тастауға тура келеді. Жалпы журналистік кәсіп – әлемдегі ең ауыр мамандықтың бірі болып есептеледі. Журналистің организміне түсетін күш мұхиттың түбіне бойлайтын сүңгуірлерге түсетін күшпен тең екен. Басқа шығармашылық кәсіп иелеріне қарағанда ұзақ жасамайтыны да содан болса керек. Төленді Оңғарбаев та, Анарбек Айтбаев та, Әшірбай Есмұрзаев та, Әмин Фатихов та, Мейірхан Қожантаев та, Бақытяр Әбілдаұлы да, Кеңес Рахметуллаев та, Қыстаубай Байтуов та, Қасықбай Асаубаев та, қапелімде есіме түспей тұрған басқалары да ерте кетті ғой бұл өмірден. Көбісі 60 жастың айналасында марқұм болды. 40-50 жыл газеттің бейнетін көріп, зейнетін көре алмады. Әбекең де солай болды. Ал жас кезінде бәрі де денсаулығы мықты кісілер болатын олар. Жалпы журналистикада денсаулығы нашар адам жұмыс істей алмайды. Өйткені, мұнда кеңсеге барып, жәй әншейін, телефонмен ақпар жинап, екі-үш бет қағаз жазып, қайтып кететін жағдай жоқ. Келдің бе, бел шешіп кірісіп кетуің керек. Таң атпай қант зауытынан шығатын жүк машиналарына мінгесіп, қызылша плантациясына барып келіп, репортажды жазып, газеттің кезекті санына салып, енді уһ деп демаламын дегенде түнімен белгілі бір айтулы күнге, әлде саяси науқанға байланысты мақала жазып кел деген редактордың тапсырмасын алу журналист үшін үйреншікті дүние. Олар осылай ылғи да алашапқын болып жүргені. Ал ел ұйықтап жататын Құдайдың қара түнінде тапжылмай отырып мақала жазады. Ол мақаланы ертеңіне дүйім жұрт оқиды. Ұнамаса авторын жүндей түтеді. Әсіресе, басшылар жағының нығарлап айтқаны жүрекке қатты тиеді. Мұндай салмақты екінің-бірі көтере алмайды. Денсаулығы әлсіздер әу бастан-ақ өз жолын тауып кетеді де, тек кәдімгі әлгі сүңгуірші сияқты денсаулығы мықтылар қалады. Олардың ішінде қай жағымнан келіп қалады деп қатты күтетіндер, спортпен шұғылданып, тамақты талғап ішетіндер де бар еді. Құданың құдіретімен олардың да жүрегі сыр беріп, күрт кетті ғой. Қан қысымы деген дертке шалдығып, бауыры ауырып, қиналғандары да болды. Бірақ, сол ағаларымнан ғайыптан жастық шағыңызға қайтып оралуға мүмкіндік берілсе, «мамандығыңызды ауыстырар ма едіңіз» деп сұраса, «жоқ» деп жауап берер еді деп ойлаймын. Өйткені, журналистика да сөз өнері ғой. Ал сөз өнері дертпен тең. Оның азабымен бірге шығармашылық ләззаты да бар. Жиырма беттік мақаланы машинкаға айтып тастап, әбден қалжырап тұрып та, соның бір рахатын сезінесің. Біз Әбекеңмен сондай азапты да, рахатты да бөлісіп өттік. Әбекең айналасына сыйлы адам еді. Тіпті, өз қатарлары мен жасы үлкендерді де сыйлата білетін. Өзін сыйлата білетін адам кісі сыйлай да алады. Әбекең сондай сыйласа білетін жан еді. Сонымен бірге Әбекең жөн білетін. Жасымыз келсе де, кәсібімізге мықты болсақ та, не ескінің, не жаңаның жөнін білмей жататындарымыз аз емес қой. Тіпті, білгенде де соның орнын тауып, пайдалана алмаймыз. Әбекең ұжымның ортасында да, ағайын-туыстары мен жора-жолдастарының арасында да әр нәрсенің жол-жобасын айтып, әртүрлі іс-шара, мерекелерді өзі бас-көз болып өткізетін еді. Әсіресе, қазақтың біртуар ұлдарының бірі, кезінде Қазақстан жастарының одағын басқарған, Қазақ политехникалық университетінің іргетасын қалап, тұңғыш ректоры болған Әшір Бүркітбаевтың асын Сарысуда ерекше бір үлгі, салтанатпен өткізуге көп ақыл-кеңес бергені, басы-қасында болып ұйымдастырғаны еске оралады. Сонда мағыналы баяндама да жасап еді. Зейнетке шыққан соң, ол кісі ұзақ жасамаса да, басқа да біраз іс тындырыпты. Бестерек руының шежіресін редакциялап шығыпты. Сонымен бірге көзі тірісінде-ақ әулие атанған Ақмолда атасының өмірінен біраз мәлімет жинап, ол кісінің жатқан жерін анықтауға да әрекет етті. Бұл жөнінде кейінгі зерттеушілерге нұсқа болатын мақала жазды. Бірақ бастаған ісін аяқтай алмады. Сол баяғы жүрек... тоқтағалы да жыл болып қалыпты. Қырық жылғы қаламдасты, «Ақ жолдың» кейінгі ұрпағының атасының бірін осынау шағын мақаламен еске алсам дедім...
Елен Әлімжан.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді