«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біздің басты міндетіміз – жамбылдықтардың өмір сүру сапасын жақсарту

Біздің басты міндетіміз – жамбылдықтардың өмір сүру сапасын жақсарту
ашық дереккөз
Біздің басты міндетіміз – жамбылдықтардың өмір сүру сапасын жақсарту
 width=

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Мойынқұм ауданына жұмыс сапары ұзақ жол, қолайсыз ауа райына қарамастан мазмұнды өрбіді. Аймақ басшысы ондағы әлеуметтік және өндірістік нысандардың, су шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар ол ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқандығын барлады. Мойынқұм ауданы – облыс аумағы жерінің жартысына жуығын алып жатыр. Мұнда бірнеше ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан. Сонымен қатар ауданда мал шаруашылығын дамыту үшін жайылым қоры жеткілікті. Өңір басшысының аудандағы жұмыс сапары әлеуметтік мекеме – Айдарлы ауылындағы №2 орта мектептен басталды. Онда мектепке дейінгі балаларға арналған «Балапан» шағын орталығы жұмыс істейді. Ғимарат 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген. Облыс әкімі мекемедегі лингвистикалық, ағылшын және робототехника кабинеттерімен танысты. Білім көрсеткіші ойдағыдай десек те, мектеп түлектерімен байланыс оң жолға қойылмаған. Бұл орайда оқу орнының әкімшілігі түлектерді мектеп тіршілігі мен мәселесіне барынша тартуға ықпал ететін «Tulek.kz» сайтына тиісті деңгейде мән бермей отырғандығы айтылды. – Алғашқы түлектерден бастап мектепті әр жылдары бітірген азаматтардың тізімін жасап, оларды оқушылармен кездесуге шақыру керек. Менің ойымша, олардың көбі ұшқан ұялары – оқу орындарының ағымдағы мәселелерін шешуге қолұшын беруден бас тартпайды, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар аймақ басшысы күрделі жөндеу жүргізуге көмектесуге уәде беріп, аудан әкімі Мәден Мұсаевқа жобалық-сметалық құжаттаманы уақыт созбай дайындауды тапсырды. Кеңес ауылдық округінде жоғарыда айтылған тұрмыстық табысты арттыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Оның орындалу барысы туралы «Айдарлы Агро-2019» кооперативінде баяндалды. Округке қарасты бір ғана Айдарлы ауылына 630 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Айдарлының тұрғындары ауызсудың сапасына наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, су құрамында фтор қосындысы көп. Сондай-ақ ауылдықтар Мәдениет үйі құрылысына қатысты мәселе көтерді. Пилоттық жоба аясында 1708 бас мал сатып алынғанымен, олардан өндірілген сүтті өткізетін орын жоқ. Бердібек Сапарбаев Шу ауданындағы кәсіпкерлердің бірінде тұрған сүт өңдейтін модульді цехты осы іске жұмылдырудың маңыздылығына назар аудартып, аудан әкіміне бұл мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды. Өңір басшысы Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған жері – Бірлік ауылының кіреберісінде орналасқан, күніне 150-200 адам өтетін блок-бекеттің де жұмысымен танысты. Мұнда төрт ішкі істер қызметкері, екі медицина қызметкері мен екі санитар маман жұмыс істеуде. Алайда бейнебайланыс орнатуда бірқатар қиындықтар туындаған. Оған Бердібек Сапарбаев жеке көз жеткізді. Бір кездері Бірлік ауылы ауданның орталығы болған. Сол кезден қалған үлкен аурухана бүгінде дәрігерлік амбулаторияға айналған. Мұнда жалпы саны 20 адам еңбек етсе, оның екеуі дәрігер, 16-сы екінші буын медицина қызметкері. Бұл нысандар көршілес Хантау, Биназар, Айдарлы сынды үш елді мекеннің тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесінің бір корпусы жөндеуді талап етеді. – Коммуналдық шығындарды азайту үшін амбулаторияның бір бөлігін басқа мақсатқа пайдалану керек. Жергілікті халықтың қажеттілігін ескеріп, мұнда қандай мекемені орналастыруға болатынын аудан әкімі жан-жақты ойластыруы керек, – деді Бердібек Сапарбаев. Бірлік ауылында өңір басшысы ауыл тұрғындары мен «Байбарақ-Агро» өндірістік кооперативінің ұжымымен кездесті. Ауылдықтар мұнда да ауызсудың сапасына, білікті дәрігерлер мен дәрі-дәрмектің тапшылығына, жол жөндеу жұмыстарына қатысты шағымдарын білдірді. Әкім бұл мәселелерді шешуге болатынын айтып, азаматтарды тезірек кооперативтерге бірігуге шақырды. Бүгінде агросаланы дамыту үшін шаруа қожалықтарын ірілендірудің маңызы зор. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, біріккен жағдайда шаруалардың ісі ширап, уақыт созбай ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізіп, несие алуға да мол мүмкіндік туындайды. Сондай-ақ облыс әкімі табиғи-климаттық жағдайдың қолайлылығын ескеріп, тары мен жүгері алқаптарын ұлғайтуды тапсырды. Келесі кезекте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Радай гидроэнергетикалық кешеніне атбасын бұрды. Бұл кешенді күрделі жөндеуден өткізу үшін шамамен 70 миллион теңге қаражат қажет екен. Нысан қайта іске қосылса, мойынқұмдық 33 шаруа қожалығын ағын сумен қамту мәселесі шешілетін көрінеді. Аймақ басшысы бұл нысанды қайта іске қосуға қолдау көрсетілетіндігін айтты. Сонымен қатар ол Фурманов су торабының жөндеу жұмыстарына да қолұшын беретінін жеткізді. Қазір ондағы үш сегменттік қақпаның біреуі істен шыққан. Аудандық орталық аурухана мен емханада жалпы тәжірибелік дәрігерлер, реаниматологтар және жұқпалы аурулар бойынша мамандарды қосқанда 11 дәрігер жетіспейді. Ультрадыбыстық және флюорографиялық құрылғылармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешен үнемі шалғайдағы ауылдарға шығып отырады. Жылда 5 жас маман жұмысқа қабылданады. Оларға көтерме ақысы төленіп, тұрғын үй беріліп келеді. Бүгінгі таңда мұнда 20 науқас емделуде. Жалпы, Мойынқұм бойынша 1110 тұрғын медициналық сақтандыру жүйесіне әлі енбепті. Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға жедел жәрдем бөлмесін, басқа да бөлімдерді жөндеу, аурухана ауласын асфальттау үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды тапсырды. Аудан активімен өткен кездесуде облыс әкімі санитарлық талаптарды қатаң барынша сақтау керектігіне көңіл бөлді. Әсіресе бұл өз қызметін қайта бастаған нысандарға да қатысты екендігін ескертті. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін механикаландырылған жасақтың жұмысын күшейтіп, каналдар мен құбырларды жөндеу, құдықтар мен су құбырларын қалпына келтіру, сүт өңдейтін цехтар ашу қажеттігіне айрықша тоқталды. Сонымен қатар орман қорындағы қандай жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға болатындығы талқыға салынды. Сондай-ақ шағын су қоймасын салуға болатын жерлерді анықтау үшін өзендердің әлеуеті мен дақылдардың құрылымын зерттеу қажеттігін алға тартты. Жалпы ауданда кем дегенде 450-500 жаңа жұмыс орнын ашу керектігі туралы талап қойған өңір басшысы аудан басшылығы тарапынан әлеуметтік нысандарды салу және күрделі жөндеу бойынша ұсыныстардың аз түскенін жеткізді. – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бар-жоғы 1,8 миллиард теңгеге өтінім түскен. Бұл аудандардың арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Сіздердің бастамаларыңызды көре алмай тұрмыз. Биыл біз көптеген нысандарды салуды және жөндеуді бастағалы отырмыз. Мердігерлердің әрбір жұмысының сапалы орындалуын қадағалау үшін қоғамдық бақылау орнату қажет. Оған қоғам белсенділерін тарта отырып, өңір тұрғындарымен тиімді байланысты жүйелей түсіңіздер, – деп қорытындылады жиынды Бердібек Сапарбаев. Түстен кейін аймақ басшысының сапары Талас ауданындағы бірнеше кәсіпорынға барумен жалғасты. Жобалық қуаттылығы 700 миллион текше метр болатын «Амангелді Газ» ЖШС жыл сайын 355 миллион текше метр «көгілдір отын» өндіруде. Алдағы бес жылда компания өндіріске 42 миллиард теңге қаржыны инвестициялауды жоспарлап отыр. Ал барланған газдың қоры 16 миллиард текше метрді құрайды, мұны теңгемен бағалағанда 59 миллиардқа дейін жетіп жығылады. Қазіргі таңда зауытта 385 адам жұмыс істейді, олардың 80 пайызы жамбылдықтар. Ауысымның ұзақтығы – екі апта. 135 адамға арналған жатақханасы, асханасы, футбол және волейбол алаңдары бар. Мұнда облыс әкімі барлау мен өндірісті ұлғайту қажеттігін атап өтті. Газ кәсіпорындар да, қоғам үшін де қай кезде де қажет. Сонымен қатар өңірде елді мекендерді газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2017 жылы Ақкөл маңындағы елді мекендерді су басу қаупі туындағаны белгілі. Сол кезде бөгеттер шұғыл түрде күшейтіліп, нәтижесінде төтенше жағдайдың алдын алып, қайғылы оқиғаларға жол берілмеген. Енді су тасқынына қарсы іс-шараларға 721 миллион теңге бөлінбек. Бұл қаражатқа бөгеттің шөгіндісін салу, деңгейін көтеру, жағалауды қорғау жұмыстары, су қоймасының түбін тереңдету бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Аса өзенінің төменгі ағысында Талас ауданының экономикасы үшін маңызы зор 1700 гектар суармалы жер мен шабындықтар орналасқан. Сондай-ақ ылғалдандыру маусымы басталғанға дейін Бөгеткөлден түсетін су көлемін ұлғайту мәселесін шешу қажеттігі көтерілді. – «Қазсушар» мекемесінің жергілікті филиалының Талас пен Байзақ аудандарының шекарасына су қоймасын салу туралы ұсынысы жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Мамандар «бұл жерде су жинау суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға көмектесе ме?» деген сұраққа жауап іздеуі қажет. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданады. «Қазсушар» филиалы әр аудан бойынша су лимитінің сақталуын қадағалап, туындаған дауларды тез арада шешкені абзал. Біз барлығы үшін тиімді болатын әрекеттерге ғана барамыз. Басты мақсат – аймақтың экономикасын дамыту және жамбылдықтардың әл-ауқатын арттыру, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар