«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сын түзелмей мін түзелмейді

Сын түзелмей мін түзелмейді
ашық дереккөз
Сын түзелмей мін түзелмейді

Біздің облыс әлемге химия өндірісімен бұрыннан танымал. Қаратау, Жаңатас қалаларындағы «ЕуроХим» және Шу ауданындағы «Тараз Химия паркі» сынды әлеуметтің әлеуетін арттыратын алып жобаларды жүзеге асыру қолға алынуда. Мемлекет үшін химия өндірісіндегі маңызды бұл қадам облыстың экономикалық жағдайын жаңа деңгейге көтеретіні анық. Зауыттардың құрылысы аяқталып, қыруар өнімге қол жеткізгенге дейін атқарылатын жұмыс аз емес. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Шу ауданына келген іссапарында құрамында он алты зауытты біріктіретін «Тараз Химия паркінің» қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. 

18 17 16Кәрім Нәсбекұлы аталмыш зауытпен ғана шектелмей, бірқатар құрылыс нысандары мен шаруа қожалықтарына да атбасын бұрды. Облыс басшысы Шу қаласындағы темір жол вокзалының бүгінгі ахуалы мен ауданның жылыту маусымына дайындық мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Келуші топ алдымен қаланың кіреберісінде 505 гектар аумақты алып жатқан «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймағының құрылысымен танысты. Әзірге жазық даладан зәулім ғимарат көрінбегенімен, істің іркіліп тұрмағаны аңғарылады. Төңірек тегістеліп, зауыт инфрақұрылымына қатысты жұмыстарға дайындық жүргізілуде. Мұнда болашақта 16 зауыт бой көтермек. Жылына 75 миллиард теңге табыс түсіреді деп күтіліп отырған зауыттар құрылысына 2000 адам қатысатын болады. Зауыт іске қосылғаннан кейін 2400 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда «Самұрық Қазына» Ұлттық қоры арқылы қаржыландырылатын құрылыс орнында бірнеше мердігер компания жұмыс істеуде. Мәселен, 5,8 шақырым автожол, 6,4 шақырым темір жол, су құбырларын, 9,7 шақырым газ құбырын, электр желісін тарту мен ішкі инфрақұрылым нысандарының құрылыc жұмыстарын «КАТЭК», «Каз Hi Tech Euro Building», «ISS Engineering», «Өркен», «Газ-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүзеге асырмақ. «Тараз химия паркі» АЭА-ның басшысы Алмас Әбжаппаров және бас жобалаушы компания «КАТЭК» ЖШС-ның бас директоры Кундуз Нупов облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа алдағы жоспарларды таныстырып, инфрақұрылымның жүргізілу барысын баяндады. Қазіргі уақытта зауытқа жеткізетін автожолдың жобалық-сметалық құжаттары дайын болуға жақын. Оның жобасы мен құрылысына 1 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Ал темір жол мен байланыс мәселесінде облыс басшысы жеті рет өлшеп, бір рет кесуді міндеттеді. Аймақта он алты зауыт бой көтерсе, жұмыс орындарының ашылуына және басқа да себептермен ауданға келімді-кетімді халық саны еселене түспек. Кәрім Нәсбекұлы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Дәулетбай Есімбековке бұл ретте стансаның қандай санатқа сай соғылатынын, қанша темір жол желілері қажеттігін қазірден бастап ескеру керектігін айтты. Ал магистральды су құбырларын тарту үшін 3 миллиард теңге керек екен. Зауыт құрылысындағы күрделі мәселелердің бірі газға байланысты түрлі жобалар жасалынып, нәтижесінде, Қытайға тартылған газ құбыры желісіне қосылу туралы шешім қабылданған көрінеді. Өндіріс толық іске қосылғанда мұнда жылына 1 миллиард текше метр көгілдір отын қажет болмақ. Облыс әкімі осы орайда ауданға жанама газ құбырын тартудың тиімді жолын ұсынды. Мәселен, Өзбекстан Республикасынан Қордай арқылы Шуға тартылып жатқан газдан қандай да бір түйткіл шыға қалған жағдайда, зауыт қосылғалы отырған Қытай құбырынан көгілдір отынды еркін алу үшін «ҚазТранс Газ Аймақ» компаниясы өкілдеріне қазірден бастап өз жобаларын жасауды тапсырды. Өндіріс аймағының бас директоры А.Әбжаппаров электр қуатымен жабдықтау, әрқайсысының құны шамамен 700-800 миллион теңге тұратын трансформаторлар, 25 ішкі нысан мәселесіне де тоқталып өтті. Облыс әкімі алып жобаның аудандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға септігі тиюі қажеттігін де алға тартты. Зауыт жұмысшыларына арнайы жұмыс киімдерін тігу, тамақтандыру, басқа да қызметтерді тұтынуда аудан кәсіпкерлерімен байланыс орнату керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл екі жақты тиімді. Өңір басшысы бұдан кейін «Шу-Жылу» КМК орталық қазандығының дайындығымен танысты. Ауданның магистральды жылу жүйесі 5,813 шақырымды, аулаішілік жүйе 10,922 шақырымды құрайды. Қазандар саны – төртеу, жылу алатын 340 нысан бар. Аудан аумағына табиғи газ жүйесінің енуіне орай, биыл қазандықтарда бірқатар өзгерістер орын алған болатын. Құрылғылармен танысып шыққан Кәрім Нәсбекұлы қазандықтардың іске қосылуы жылыту маусымының басталуынан кешікпеуін тапсырды. Одан кейін Алға ауылдық округіне барған облыс әкімі 150 орындық Сауытбек орта мектебінің құрылыс жұмыстарымен танысты. 2013 жылдың сәуір айында басталған құрылыстың қарқыны баяу. Облыс басшысы мердігер «СК-Ретма» ЖШС басшысы Бауыржан Ахметовті қатаң сынға алды. Ал мердігер болса, құрылысты 31 қазанда аяқтайтынын айтып ақталып жатыр. Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев мердігердің сенімсіздік тудыруы себебінен қаражатты толық аудармай отырғандарын айтады. Бүгінгі таңда құрылысқа қаралған 355 миллион теңгенің тек 164 миллион теңгесі ғана игеріліпті. Қазан айының соңында білім ошағы пайдалануға берілсе, 105 оқушы жаңа мектепте оқитын болады. Сонымен қатар, 50 бүлдіршінді шағын орталыққа қамту мүмкіндігі туғалы отыр. Кез-келген қаланың қақпасы саналатын вокзал – сол аймақтың айнасы іспетті. Облыс әкімі К.Көкірекбаев тоғыз жолдың торабына айналған Шу темір жол вокзалының жай-күйін көруге беттеді. Алайда, айналаны көзбен бір шолып шыққан әкімнің көңіліне кірбің түскендей. Өйткені, сынып, қирап, шіріп тұрған тұстардан көз сүрінеді. Вокзалдың күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігі хақ. Дегенмен, реттеуге болатын ұсақ-түйектер ғимараттың иесіз қалғанын дәлелдей түседі. Бүгінде қалаға тәулігіне шамамен 450-500 адам, 30 жұп пойыз келіп, кетеді екен. Ал вокзалдың ұсқынсыз сырт кейпі келімді-кетімді адамдар алдында аудан абыройын асқақтатпасы анық. Кәрім Нәсбекұлы Шу вокзалының бастығы Шолпан Арысбаеваны қатаң сынға алды. Ол қала әкімінің жұмысына да көңіл толмайтындығын айтты. Облыс әкімінің сапары Шоқпар ауылында жалғасын тапты. Онда әкім бірқатар әлеуметтік нысандарға бас сұқты. Одан кейін Қорағаты ауылдық округіне бағыт алған басшылар аудан мақтанышына айналған «Зәм-зәм» шаруа қожалығының алқабында болды. 50 гектар алқапта жүзім мен алманың түрлі сұрыптарын өсірумен айналысатын Мирислам Аллахверанов биылғы өніміне дән риза. Оның айтуынша, шілде айында өнімдерін базар бағасынан 2-3 есе төмен саудалап, байлаусыз бағаға тұсау салыпты. Мемлекеттен әр гектарына 425 мың теңге субсидия алған шаруа жұмысын дөңгелентіп, Үкіметке алғысын жаудырып отыр. 30 адамды жұмыспен қамтыған Мирисламның алдағы жылға тың жоспарлары толып жатыр. Облыс әкімі ниеті түзу, еңбегі адал бағбанға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қорағаты ауылдық округінде жақында сүт қабылдау пункті жұмыс істей бастаған. Сыйымдылығы 3 тонналық француз құрылғысының тәуліктік қуаты да 3 тонна. Құны 6 миллион 800 мың теңге. Жиналған сүт Меркі ірімшік зауытына өткізіледі. Бұл нысаннан да айналып өтпеген облыс әкіміне пункт басшысы Сафар Шукуров алғысын жаудырып, сенімді ақтайтындықтарын айтып жатты. Облыс әкімінің Шуға жұмыс сапары аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында қорытындыланды. Басқосу барысында «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймағының құрылысына, инфрақұрылымына қатысты туындауы ықтимал мәселелерді тізіп шыққан облыс басшысы басқарма басшыларына, сала мамандарына тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар, түрлі жобаларды жүзеге асыруды бастаған компаниялардың ауданға салық төлеу мәселесі сөз болды. Ауылшаруашылығы саласындағы сылбыр жұмыстар мен ауданға газ кіргізудің кешеуілдеп жатқанын сынаған Кәрім Нәсбекұлы жауапты басшыларды сұрақтың астына алды. Жиын соңында облыс әкімі К.Көкірекбаев оларға айтылған сын-ескертпелерден нәтиже шығарып, жұмыс сапасын арттыруды міндеттеді.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар